Қоғам

Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауы таралып жатыр

Солтүстік Қазақстанда құс тұмауының ошақтары табылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

9-16 қыркүйек аралығында Солтүстік Қазақстан облысының жеті ауданында әртүрлі үй құстары өлген, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық анықтамалық орталық аудандарында қанаттылардың қырылуына жоғары патогенді құс тұмауы себеп болғаны анықталды.

Қабылданған ережелерге сәйкес, Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымына аурудың өршігені туралы хабарлады.

Өңірде жоғары патогенді құс тұмауының таралуына жол бермеу мақсатында кешенді шаралар қабылданып жатыр: вакциналар алынды, індет тіркелген аумақтар залалсыздандырылуда, құстардың өлекселері жойылуда, құс шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға тыйым салынды. 

"17 қыркүйектен бастап Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев ауданынан тірі құс және инкубациялық жұмыртқа, мамық пен қауырсын, құс еті мен құс шаруашылығы өнімдерінің барлық түрін, құстарға арналған жемшөп пен жемшөп қоспаларын, сондай-ақ бұрын пайдалануда болған құстарды күтіп-бағуға, союға және мүшелеуге арналған жабдықтарды шығаруға уақытша шектеулер енгізді", – деп мәлімдеді АШМ баспасөз қызметі.

Аса қауіпті ауруды жою үшін АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Республикалық эпизоотияға қарсы отряды және Солтүстік Қазақстан аумақтық инспекциясы қазіргі уақытта міндетті іс-шаралар кешенін, оның ішінде құстардың өлекселерін жою, үй-жайлар мен аула аумақтарды дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуде.

Ресей Федерациясымен шекаралас аумақтарда жануарларды вакцинациялау үшін жоғары патогенді құс тұмауына қарсы 873 мың отандық препарат бөлінді. Арнайы комиссияның шешімімен өлген құстардың иелеріне жануарлардың орташа айлық нарықтық құны мөлшерінде өтемақы төленеді.