Мұрағат
Ғұмар Қарашев – публицист
Ғұмар Қарашев – публицист. Иә, публицист болу, публицист атану көлденең көк аттының қолынан келе бермейтіні сөзсіз. Десек те, сол қиын қыстау заманда өз еңбектерін жазуды тоқтатпай, публцист атанған бірнеше жазушыларымыз, ағартушыларымыз бар. Әрине, ол тізімнен Ғұмар Қарашевті көре аламыз. Еңбектерін талдамастан бұрын, ең алдымен, бұл кісінің өмір жолына назар салайық.
Ғұмар Қарашев – 1875 жылы Батыс Қазақстанның Кырқұдықелді мекенінде, қазіргі Жәнібек ауданында дүниеге келді. Ғұмар ноғай-қазақ руынан шыққан.[1]Жастайынан әкесінен ерте айырылса да, ағайындарының арқасында әуелі ауыл молдасынан хат таниды. Одан соң Ғұбайдолла Ғалікеевтен дәріс алып, оның қол астындағы медресесін аяқтайды. Одан әрі, өзінің туған жерінде бала оқытады. Жастайынан өлең шығарумен ғана қоймай, әдеби мұраларды жинастырады. ХХ ғасырдың қазақ даласына тарайтын арабша, түрікше, қазақша, татарша басылымдарды оқып, таныса бастайды.[2] Осы орайда мынандай орынды сұрақтар туады: Ғұмар Қарашев шынымен публицист пе? Публицист болса, оны қайдан байқаймыз? Олай болса, осы сұрақтар төңірегінде жауап іздеп көрелік.
Біріншіден, Ғұмар 1907 жылдан бастап қазақ және татар тілдерінде шығатын газет журналдарда мақалалары мен өлеңдерін жариялайды.[2] Мұны оның публицисттік қырының басталуы деп қарастыруымызға, әбден болады.
Екіншіден, Ғұмар Қарашев 1911-1913 жылдары әуелі Ордада, одан соң Оралда баслып шығып тұрған «Қазақстан» газетінің жарыққа шығуына ат салысып қана қоймай, ол газетте әлеуметтік мәселелерге арналған мақалаларын жазып тұрады.
Үшіншіден, бұл кісінің «Ойға келген пікірлерім», «Бала тұлпар» (Уфа, 1911), «Аға тұлпар» (Орынбор, 1914), «Қарлығаш» (Қазан, 1911), «Тумыш» (Уфа, 1911), «Тұрымтай» (Уфа, 1918) аталатын бес поэзиялық, «Ойға келген пікірлерім» (Орынбор, 1910), «Өрнек» (Уфа, 1911), «Бәдел қажы» (Қазан, 1913) дейтін үш зерттеу кітабы жарық көрген.[3] Иә, біз білетін Ғұмар Қарашев осындай еңбектердің авторы.
Осы еңбектерінің ішіндегі, 1910 жылы Орынборда жарық көрген: «Ойға келген пікірлерім» атты еңбегіндегі «Әр істің мезгілі мен мақсаты бар» атты пікіріне тоқталсақ. Бұл жерде Ғұмар Қарашев адам үшін азық қаншалықты керек болса, рухани байлықтың да соншалықты қажет екендігін жеткізеді. Сонымен қатар, пайдалы мағлұматтардың еңбекпен келетінін, мағлұматтарды өз уақытында, алса ғана пайдалы болатынын пайымдайды. Әрі қаншалықты білім алсаңда, оны орынды пайдалана білгенде ғана оның нәтиже беретіндігін айтады.
Иә, бұл оймен менде толық келісемін. Себебі, қазіргі кезде адам баласы дәл сол рухани байлықты ұмытып бара жатқандай. Қазір, шынына келсек, әркім өз қара басын ойлайды. Неге? Себебі, рухани байлықтан гөрі, адамды материалдық байлық қызықтырып барады. Бұлай жалғаса берсе, адам баласы рухани даму жағынан мақұрым қалады. Және, бұл пікірінен адам білімді жас, нағыз қызу шағында алу керек дегенді байқаймыз. Неге? Себебі, уақыт өте адам қартаяды, ал қартайғанда алған білім, адам жадында қалуы неғайбыл. Сондықтан білімді адам жас шағында алып қалуға тырысу қажет. Әрі алған білімді өз бағытына қарай жұмсай білу, адамның зеректігін байқататындай.
Ал төртіншіден, біз білетін Ғұмар Қарашевтің бірнеше әсерлі, үмітке толы өлеңдері де бар екенін білеміз. Мысалға «Жігер» атты өлеңін қарастырайық. Бұл өлеңде ақын, жігіттерді жалқаулықтан аулақ болуға, әрі, бір өнерді жақсы меңгеруге шақырады. Ал жасында жалқау болған, кәрісінде оның зардабын тартанынын әсерлі жеткізеді. Бұл өлең мазмұны маған қатты әсер етті, тіпті қазіргі тілмен айтқанда мотивация алғандай болдым десем, қателеспеймін. Иә, қандай жағдай болмасын, әсіресе жігіттер қауымы, мына біздер білім алуға әркез құштар болуымыз қажет. Неге десеңіз, әр жігіт отбасының тірегі, ертеңгі отағасы. «Отан отбасынан басталады» демекші, білімді жігіттер басқарған отбасы, саналы ұрпақтың, баянды мемлекеттің кепілі болмақ.
Бесіншіден, бұл кісінің жазған мақалалары «Қазақ дұрыстығы», «Қазақстан», «Айқап», «Дұрыстық жолы», «Шора», «Абай» сияқты газет-журналдарда жарияланған. [3] Ғұмар Қарашевтің мақалаларының бірі «Әйелдер хақында» мақаласына тоқталайық. Бұл мақалада, атауында берілгендей, әйел мәселесі қозғалады. Тіпті, газет беттерінде осы мәселеге байланысты, көптеген хабарлар берілгендігін атап өтеді. Мақалада бір әйелдің ерін жоғалтып алып, егер екі айда келмесе басқаға тұрмысқа шығатындығы жайлы жазылады. Ғұмар Қарашев бұл мақалада осы жағдайға дін өкілдері нақты жауап бере алмайтындығын айтады. Себебі, олардың қолдарында заң жоқтығын атап көрсетеді. Осы жағдайға байланысты автор өз ойын Құран Кәрімдегі, Рум сүресінің мазмұнымен, яғни, отбасы кіші қоғам екендігі, ондағы ер, әйел, бала-шаға үй-іші мүшелерінің қалыптасқан әдет-дәстүрі болатындығы, және оған бағынатындығын айтады. Одан кейін автор ауқаттылардың көп әйел алып, егде шағында басқара алмай, балалардың иесіз қалатындығы жайлы да сөз қозғап өтеді.
Иә, әйел мәселесі қашанда өзекті болып қалатыны рас. Бұл мақаладан біз өте құнды ақыл ала аламыз. Себебі сүреде айтылған ой ертеңгі бізге көмек берері сөзсіз. Былай қарап тұрсақ, расыменде, әр отбасында өз заңы, салт-дәстүрі болып, оған бағына білсе, ажырасулар, баланың бақытсыз болып өсуі болмас еді деп ойлаймын. Сондықтан қазіргі ажырасулардың көпшілігі ортақ бір мүдденің болмауынан деп қарастырсақ болады. Осындай жағдайлар болмас үшін адам баласы дұрыс ойлап, бір ортақ зат, ортақ мүдде тауып жараса алса ғана отбасы құрған жөн деп ойлаймын.
Ғұмар Қарашевтің тағы бір тұшымды ойы бар мақалаларының бірі «Қазақтар хақында» атты мақаласы. Бұл мақалада автор «Қазақ құрып кете ме?» деген сауалмен екі бет жазып, бір ұлттың болашағын құрбан қыла салатындарды сынайды. Бұлардың көксегені қазақтың құрып кетуі болғандықтан осылай жазатындығын айтады. Автор өз мақаласында Мұхтәрам Гаспринскийдің «Тәржіман» газетінде, қазақтардың отаршылдыққа көшпесе, құрып кетер қаупі төнетіндігі жайлы айтқандарын, келтіріп оған жауап жазады. Өз кезегінде автор бұл ойға, қазақтан да төмен ұлттардың барын, және олардың құрымайтынын, бұл жай ғана үрей туғызу екендігін, анық жазады. Және тағы бір мәселе, автор бұл мақалада қазақ мектептерінде, татар тілінде жазылған кітаптарды оқыту пайдалы ма, әлде қазақ тіліндегі кітаптар пайдалы ма деген сауалға, әр бала бастауыш білімді ең алғаш өз ана тілінде меңгеру керектігі жайлы сөз қозғайды.
Иә, қарап тұрсаңыз, бұл мақаладан халқымыздың аңқау екендігін көре аламыз. «Қазақ құрып кете ме?» дегенді оқығанда, ол кездегі халыққтың бойын бірден үрей билегені сөзсіз.Өйткені, сол кездегі жандардың миына патшалық саясат әбден сіңіп қалғандықтан, олар үшін бұл бір шынайы болатындай көрінген шығар деп ойлаймын. Дегенмен, қанша жылдық тарихы бар қазақ елі құрыйды дегенге шүбәм бар. Ал мақаланың соңында қозғалған тақырып, дәл қазіргі жағдайға сәйкәс келетіндей. Қазір бастауыш білімге ағылшын, орыс тілдерін қосып қойды. Өзі туған тілін меңгере алмай жүрсе, оған қоса жаңағы тілдер тағы бар. Осы тұрғыда менде Ғұмар Қарашевтің ойына толықтай келісемін. Бастауышта бала өз ана тілін жетік меңгеруі қажет. Одан кейін ғана, қалғандарын қарастыруға болады.
Міне, біз қарастырып отырған қайраткер Ғұмар Қарашев қазақтың қамын өз басынан жоғары қойған, осындай ізгі жан. Осы атап көрсеткен бес дәлел, Ғұмар Қарашев - публицист дегенге толық негіз бере алады деп ойлаймын. Жазған өлеңдері, ой пікірлері, мақалалары өте құнды мәліметтерге толы, әрі болашақ ұрпаққа берер мазмұны ауыз толтырып айтарлықтай. Бір өкініштісі, осындай қайраткерлердің мектеп бағдарламасында жоқтығы. Себебі, Ғұмар Қарашевтің еңбектерін оқыған жас буын, өзіне керектіні алады деп сенемін.
Сөз соңын Ғұмар Қарашевтің досы Нәсекеннің (Ғұмар қабірінің басында айтқан) сөздерімен аяқтағым келеді:
Жапанда жатыр екен жалғыз ғана,
Бәйшешек айналасы жасыл ала.
Басында боз төбенің жатыр шыдап,
Таптым деп ел талаған жаудан жала.
Қазақтың түзде қалған бір баласы,
Толығып кемеліне келген жасы.
Тағдырдың жарлығымен жатыр жалғыз,
Бойында жаудан алған бар жарасы.[2]
Дереккөздер:
1.[1]https://egemen.kz/article/171961-ghumar-qarash-turaly-tynh-derekter
2.[2]Ғұмар Қараш. Замана. Алматы: Ғылым,1994.- 240бет
3. [3]Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2002 жыл. ISBN 9965-607-02-8