Көзқарас
Не үшін керек?
Иә, интернет, қазақша баламасында ғаламтор деп те жатамыз ғой, әуелі осы ұғым, яғни, термин жайлы сөз бастамастан бұрын, бір сәт тарихқа үңіліп көрейікші. Жалпы, адамзат баласы алғаш дүниеге келіп, қалыптаса бастаған сәттен бері, адамзат өркениеті де, адам баласының ойлау қабілеті де сатылай дамып келді, әлі де даму үстінде.
Дамудың әр сатысында адам баласы түрлі жетістіктерге жетіп келді, әлі де жетуде. Жаңа дүниелер, жаңа құрылғылар ойлап табылып, айналасын, қоршаған дүниені де зерттеп, жаңа биіктерге көтеріле білді. Міне, осындай дамудың шарықтау шегінің бір нәтижесінде, дәл біз, тілге тиек етпек болғалы отырған интернет ұғымы, жалпылай алғанда интернет жарыққа шықты. Олай болатын болса, интернет деген не және оның өзіне тән қандай ерекшеліктері бар? Оны пайдаланудың маңызы қандай? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеп, ойымызды ары қарай өрбітіп, дамытып көрелік.
Интернет – бұл бүкіл әлем халқының кез-келген компьютерлер, тағы да басқа сол сияқты құрылғылар арқылы ақпарат ала алатын немесе әр түрлі мәлімет беретін ғаламдық желілер жүйесі, әрі байланыс араларын біріктіретін тораптар жиынтығы. Яғни, қысқаша, өз тілімізде айтқанда интернет бұл – жүйе. Ендігі кезекте, осы жүйенің ерекшеліктеріне назар аударып көрейікші.
Иә, қазіргі қоғамымыз, яғни біздер интернетсіз бүгінгі күніміздің қалай өтерін елестете алмауымыз да мүмкін. Алайда, кешегі елім деп жырлаған, жерім деп күрескен ата-бабаларымыз, ақын-жазушыларымыз, ұлт зиялылары ғаламторсыз-ақ күн кешті емес пе? Ал, ол замандарда білім болған жоқ деп, халқымыз бір-бірімен байланыс жасамады деп айта аламыз ба? Әрине, жоқ. Ал интернеті бар біздер мейлі қыс, мейлі жаз, мейлі түн болсын, ата-бабаларымыздың майшам жағып, көздері ісігенше, қолдары шаршағанша жиып терген білімдерін, кез-келген уақытта, үйде шәйді ішіп-ақ отырып, саусағымызды қималдату арқылы ала аламыз, егер әрине білімге деген құштарлық болса. Дәл сол сияқты, бабаларымыз айшылық алыс жерлерге апталап, айлап, жылдап, қалалар мен елдер арасындағы байланысты берік ұстауы үшін, хатты тасыған болса, біз осы желі арқылы, дәлірек айтқанда почта дейміз ғой, сол арқылы лезде керек дүниені жіберіп, байланыс жасай аламыз. Міне, осы мысалдарды қорытындылай, біз интернеттің ең бірінші ерекшелігін тауып алдық. Демек, интернеттің басты ерекшелігі - оның кез-келген істі жылдам, әрі оңай орындата алуында.
Сәкен Сейфуллин өз заманында: «Оқу – білім қазығы, Адамның азығы. Оқу өмірдің сәні, Тіршіліктің шамы» - деді емес пе?! Расында да, оқу, білім алу, ғылыммен айналысу - Алла Тағаланың, бұл өмірде адам баласына берген үлкен нығметтерінің бірі. Дәл осы оқу арқылы ғана, адамзат бұл фәниде өзіндік орнын таба алады, діттеген мақсаттарына жете алады. Оқу жайлы сөз бастауымның себебі, қазіргі таңда елімізде ғана емес, бүкіл әлемде қауіпті вирус тарап, барлық білім алушылар үйде, яғни, қашықтықтан оқуын жалғастыруда. Ал, осы жерде интернеттің, біз айтып отырған жүйенің зор пайдасы тигенін бәріміз білеміз. Егер ғаламтор болмаса, жағдайымыздың қалай боларын елестетудің өзі өте қиын. Міне, дәл осы жерден бұл жүйенің екінші бір ерекшелігі туындайды. Яғни, адам денсаулығының түрлі қатерден сақталуына себепші болар ерекшелік. Міне, тек екі мысал арқылы ғана, интернеттің негізгі ерекшеліктеріне тоқталып өттік. Ендігі ғаламторды пайдаланудың маңыздылығы қандай боларын бірге талқылап көрейікші.
Ең алдымен біз ғаламшарымыздың түкпір-түкпірінде не болып жатқанын осы интернеттің көмегімен, теледидар жаңалықтарынан бұрын біле аламыз. Әрине, ресми ақпараттарды оқысақ қана. Сонымен қатар, ғаламторды қолдану өз кезегінде бізге қадірлі уақытымызды үнемдеуге, ақшамызды азырақ жұмсауға көмектеседі. Демек, интернетті пайдаланудың негізгі маңыздылығы осы деп баса айтсақ, қателеспегеніміз. Алайда, пайдасы зор екен деп шамадан тыс жүйеге еніп кетіп, денсаулығымызды сақтауды ұмытып кетпейік. Себебі, интернет жүйесі бар әр түрлі құрылғылар белгілі мөлшерде өз зиянын келтіретінін есте сақтағанымыз жөн.
Қорытындылай келе, президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтің сөзімен ойымызды аяқтасақ. Мемлекет басшысы бір сөзінде: «...ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» - деді емес пе? Міне, елбасының сөзіне құлақ салып, интернет жүйесін тек білім алу, бойымыздағы қабілеттерді дамыту мақсатында, яғни, пайдалы жақтарға, өзіміздің нақты қажеттіліктерімізге жұмсауға тырысқанымыз абзал. Сонда ғана интернет жүйесі өз маңыздылығын сақтамақ, сонда ғана біздің ілгері басып, өрлейтініміз анық, сонда ғана нағыз өз иесінің мамандары қоғамымызға қосылмақ. Осы жолда бар күш жігерімізді арнап, алдағы мақсаттарымызға бірге жете берейік!