Мұрағат

"Жас азамат" - жалынды жастардың газеті

Баспасөз қай заманда болмасын халықтың «көрер көзі,естір құлағы, айтар сөзі»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сөзіме дәлел болатын қазақ баспасөз тарихында өзінің ойып алар орны бар, азаматтық сананың қалыптасуына септігін тигізген «Жас азамат» газеті.

Баспасөз қай заманда болмасын халықтың «көрер көзі,естір құлағы, айтар сөзі». Сөзіме дәлел болатын қазақ баспасөз тарихында өзінің ойып алар орны бар, азаматтық сананың қалыптасуынасептігін тигізген «Жас азамат» газеті. Оның редакторы - ұлт әдебиетіне, драматургиясына, журналистикасына, ғылымына айрықша үлесін қосқан алаш қайраткері, ғалым,жазушы, журналист - Дүйсебайұлы Кемеңгеров болды.

Қ.Кемеңгеров арман еткен ұлт бостандығы мен ұлт теңдігі, «Жас азаматтың» да негізгі жолы мен мақсаты сол болды. Дұрыс ұйымдастырылған баспасөздің маңызын,оны мақсатқа сай пайдалана білудің,сонымен қатар ұйымдастырушылық қызметінің үлгісін «Жас азамат» сол кезденайқындап кеткендей. 

Жастар газетіне аса көрнекті қазақ публицистері, алаш көсемдері М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевтардың да қатысып, мақала жазып тұруы басылымның бетін айқындап, беделін өсіргенін байқауға болады. Енді сол жандардың газет бетіне жарияланған материалдарына тоқталсақ. Оның бірі М.Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңі. Қазақ елінің тағдыры бәз-баяғы жүдеу қалпынан арылмағанын көрген Мағжан, ендігі бар үміті мен арманын жастарға артқандай:

Көздерінде от ойнар,

Сөздерінде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемін! - деп ақын жастарды халқының болашағы үшін күресетін негізгі күш ретінде, оларды намыстылық пен жігерлікке шақырады. Мағжан үшін жастардың тәрбиесінің, қайраттылығының орны бөлек болғанын және өлеңінде жастарға үлкен үмітпен қарайтынын ұғамыз. Жастардың бойынан қыранның қанатындай күштілікті, таза жүрек пен ер мінезді, туған жерге деген шексіз махаббатты көреді. 

Соған мақтанып, шабыттана «Мен жастарға сенемін» деп асқақтай сөйлеген.Жастарды ар намысын бірінші орынға қоюға үндеген ол, намыс-адам тұлғасының күзетшісі деген. Мағжан да әділетсіздікке қарсы шығып, ар-намысын алға қойып өмірден озғаны ащы болса да шындық. Әйтпесе, ұлы ұранды жарыққа шыққан кезде Мағжанның өзі 25 жаста, ал газет редакторы Кемеңгерұлы 24 жаста ғана болған. Осындай от жүректі қазақ жастары өздерінің арман-мұратын халқына тарату үшін баспасөздің құдіретті күшін шебер пайдалана білгеніне тамсанамын.

Меніңше азаттықтың қалай келгенін түсінгіміз келсе осы «Жас азаматтың» беттерін ақтара оқуымыз керек. Оған дәлел газеттің 4-саны сол кездегі оқырмандарды селт еткізген  қайғылы хабармен ашылған. Оған себеп «Алаш құрбаны» деген тақырыппен жазылған Міржақып Дулатұлының мақаласы болды. «Алаштың бағланы Отыншы Әлжанұлы қанішербольшевиктің оғына ұшты. Мәлік Аманжолұлы жараланды. Жетісу қазағы қырғынға ұшырап жатыр...» деп басталған мақаласында, өз кейіпкері Отыншы Әлжанов марқұмның ұлты үшін атқарған ғибратты ісін өзгелерге үлгі ете отырып, талдап, баяндап шыққан. Яғни, мақала- халық азаттығы үшін қаза болған жас азаматтың есімі мен ерлігін замандастарының санасына жеткізуді көздейді.

Газеттің негізгі ерекшелігі – мақалалардың авторсыз немесе бүркеншік атпен жариялануы болды. Сондай кезекті мақаланың бірі, газет бетінің 18 – нөмірінде жарияланған «Біздің ұлтшылдар» деп аталады. Онда тәуелсіздік үшін күреске кіргендерге мынадай кеңес берілген:

«Көңілсіз болу - шын ұлтшылдарға лайық емес, өйткені, ұлт жұмысына белсене кіріспей жатып, қажып қалу, анық толық екі жылға жетпей, ұлтшылдардың еңсесі түсіп, салы суға кетіп, қажып қалса, бұқараның жапқан көңілін кім ашады? Ұлтты теңдікке кім жеткізеді? Мұны ойласақ, еріксіз табанды әскер, ұлтжан боламыз. 

Ұлтжан болған кісі айға-жылға деп кесіп кірмейді. Өлшеулі күні ойлаған мақсатына жете алмаса, жұртқа сөзін тыңдата алмаса да, «қажыдым» деп тартынбас керек, әр тарапынан кедергі қойылған сайын, қайраты артып, қуаты күшейіп, тасқын судай екпіндей бермек».

Мақалада ұлтшылдықтың жолының қандай болатынын баршаға айқындап бергенін байқаймыз. Халықтың сол кездегі жүдеу, қараңғы кейпі сол ұлтшылдардың көңілін түсіргені де жасырын емес. Ал мақаланың мақсаты - оларға ерекше бір рух, қазіргі тілмен айтқанда мотивация беру іспетті. Яғни, тереңінде халықтың тағдыры осы ұлтшылдардың қолында, біздің сағымыз сынбау керек, халықты оятушы, оған азаттық сыйлаушы біз деген мәнді ой жатқандай. Сол кешегі тарихқа көз салсақ, зиялыларымыз ұлтшылдықтың нақ үлгісін және өз ұлтының жанынан қымбат екенін қыршын өмірлерімен дәлелдеп кеткендей.