Қаратаудың бауырында өскен Қасқа айғыр құлын күнінен-ақ болмысы дара, бітімі бөлек жануар еді. Оның кең жауырын, ұзын жалды, бөкен қабақты түр-тұрпатын көрген кісі қызықпай қалмайтын.
Қыстың күні Шыбықбел асуында көлік қатынасы қиындағандықтан, етектегі елге түсу - үлкен жүк. Сондай шақтарда Қасқа айғыр жақсы жолдас, сенімді серік бола біледі. Тізеден асар күртік қарды омбылап, діттеген жерге қажытпай жеткізетін қайратты-тын.
Сол айғырды жылдағы шөп жинау маусымы басталған тұста «біраз пайдаланып, қыстық отын-суымызды түсіріп алайық» деп ауылға алдырдық. Танауы желбіреп, жал-құйрығы желкілдеп жеткен Қасқамыздың күн өткен сайын күйі болмай, шөп жеуден де қала бастады. Тауға қарап шіңгірлегенде, жүрегің шымырлайды. Сонда да уақыт озған сайын жерсініп, үйреніп кетер деп үміттендік.
Бір күні жоңышқалықта арқандаулы тұрған орнынан таппай қалдық. Шылбырын үзіп, өскен мекеніне құстай ұшып жеткен екен. Біз қайта барып алып қайттық. Әйтсе де, аздаған уақыт ішінде осы жағдай екі-үш мәрте қайталанды. Ақырғы рет қашқанында үстінде отырған он жасар ініме ырық бермей, тағы да тауға қарай құйғыта шапты.Желдей есіп, жал-құйрығы желкілдеп көз ұшында кетіп барады. Тау бөктеріне жақындаған тұста бойына ерекше күш дарығандай дүр сілкінді. Қарап тұрып сүйсінесің.Бейне бір өз жерінің шүйгін шалғынын сағынғандай, ауасын аңсағандай. Осы шабыспен үйіріне жеткенде шұрқырасып, бір жасап қалды.
Міне, осы эпизод есіме түскен сайын жүрегіме бір жылы сәуле құйылады.
Біз, қазақ, ежелден жылқыны жақын тартып, «жылқы мінезді қазақпыз» деуіміздің бір себебі - жылқы төлінің бойындағы осынау тектілік қасиетінен болар. "Жылқы - жершіл жануар" дейді әкем.
Дәл осы қасқа айғыр сияқты талай қазақ аласапыран жылдары жат елді, жат жерді мекендеуге мәжбүр болды. Олардың ішінде талай жақсыларымыз бен жайсаңдарымызбар еді. Бір ерекшелігі – өзге елде жүрсе де, тілі мен дінін, ділін ұмытпай, қазақы қалыптарын қаймағы бұзылмаған күйде сақтай білді.Жүректері, ниеттері, тілектері елмен бір болып, «шіркін, тәуелсіздіктің таңы атып, еркіндіктің күні күліп, елімізге оралар сәт туса» деп арман қылды. Тіледі, жылады, армандай күтті. Сол көптің тілегін Тәңір қабыл етіп, Қазақ елінің тәуелсіздігі жайлы ақжолтай хабар жер-жердегі күллі исі қазақ баласының кеудесіне қуаныш құйды. Жүректерін қуаныш кернеген қаракөз қандастарымыздың алғашқы көші саптүзеп, отанымызға келіп кірді.Тоқсаныншы жылдары шетел қазақтарының Қазақстанға оралуға деген құлшынысы ерекше болды. Олар атажұртқа ағылып келіп жатты. Қазақстан үкіметі де көші-қонға айрықша ынта-ықылас танытып, жұмыстарды ұйымдастыруға көңіл бөліп, жағдай жасады. Мына жағы Моңғолия,Қытай,сонау араб елдері мен Түркияға дейін арнайы ұшақтар жіберіп, ағайындарды жүздеп, мыңдап көшіріп әкелді. Нәтижесінде, жыл сайынғы көші-қон квотасының саны 20 мың отбасына дейін жетті.
Елін аңсаған қазақтар үйірімен шұрқырасып табысқан Қасқа айғырдай отандастарымен, ата жұртымен қуана қауышты.
"Жігітте де жігіт бар,
Азаматы бір бөлек.
Тұлпарда да тұлпар бар
Қазанаты бір бөлек" дегендей қазанаттарды үйірінен, азаматтарды елінен алыстататын аласапыранның қара бұлты көгімізді енді қайта торламасын.