Білім және ғылым
Оқыту жүйесі
Баланың мектепте алатын білімі оның жақсы оқып шығуына қаншалықты пайдасын тигізеді? Мектеп табалдырығын аттағанда жетіден басталып, мектеп түлегі болғанға дейін он алтыға жететін пәндердің өтілуі шын мәнінде дұрыс па?
Өткен ғасырды қайдам, әйтеуір, біздің ғасырда барлық пәнге бірдей бейімі бар бала жүздің жиырмасы екені айдан анық. Десе де, оны түсінетін ұстаздар мен ата-аналар жоқтың қасы. Кез келген бала мамандық таңдау кезеңіне жеткенде жүрегі қалаған мамандыққа сай пән таңдайды. Осы тұста осыған дейін оқыған пәндерінің басым бөлігі қажет болмай қалады. Сонда алгебраның синус, косинусы мен физиканың миды ашытар формуласы неге керек болғаны?
Сыныптан сыныпқа жоғарылаған сайын күрделене түсетін пәндер балалығының қызығын көріп үлгермеген бүлдіршіндерге ауыр болары белгілі. Дегенмен заман ағымына сай қалыптасып қалған оқыту жүйесі өзгермесі анық.
Көптің көзіне қарапайым мектеп болғанымен, салыстырып қарасақ кейбір жоғары оқу орындарынан қиындығы байқалады. Сонда студенттердің білім алу дәрежесі оқушылармен тең болғаны ма? Мәселені тереңінен қарайтын болсақ сұрақ көбейіп, алдыңғы сауалдар жауапсыз қалуы әбден мүмкін.
Мектепте баланың шамадан тыс пәнді оқығаны зиянын тигізбесе пайдасын тигізе қойған жоқ. Себебі мектеп пен университеттің алтын көпірі ҰБТ-ға кезек келгенде кейбіреудің жылап жүріп оқыған пәні толығымен керек болмайды.
Ақпаратқа сүйенетін болсақ, Америка мектептерінде баланы қабілетіне қарай оқытады. Яғни өзіне ұнамаған пәннен бас тартып, өзіне керекті әрі қызықты іспен айналысады. Жәй ғана қалаған ісімен айналысып қана қоймайды, болашақта қандай маман иесі болатыны анықталады. Әйтпегенде «Болашақта белгілі бір мамандықтың тізгінін ұстау керектігін түсініп үлгермеген бала неге қабілетінің барын қайдан білсін?» деген қарсы пікір туындауы ғажап емес.
Ол үшін бастауыш сыныпта оқушыларды қабілетіне қарай бөліп тастайды. Әдебиетті ұнатса, математиканы оқып әуре болмайды. Ал бізде қалай? Бізде баладан жоғары баға алу талап етіледі. Кейбір сабақты түсінбей жатса ұстаздар мен ата-аналар бірігіп түсіндірумен әлек болады. Бұл қажетсіз күйзеліске, жанжалға әкеледі. Осыдан қандай маман иесі боларын білмей дал болып жүрген жастардың саны арта түседі.
Таңдағанда қателесуге болмайтын дүниенің бірі жар таңдау болса, екіншісі мамандық таңдау. Алайда жастар мамандықты белгілі бір жағдайды ескеріп барып таңдайды. Соның бірі грант болса, екіншісі жұмыс. Тағы бір нұсқасы әулеттің ізін қуу.
Ол дегеніміз ата-ананың таңдап берген мамандығы. Атап өткен екінің бірінің басы әрең жететін математика мен физиканы жастардың басым бөлігі сол грант пен жұмыс үшін таңдайды. Түптеп келгенде арман, мақсат деген дүниелер жолда қалады.
Жұмыс жасап жүріп жалығу, шаршау, жұмысқа деген құлшыныстың болмауы кезіндегі арман, мақсатыңнан бас тартқаннан орын алады. Болашақта бұндай жағдай орын алмас үшін мамандық таңдау кезінде грантқа немесе жұмысқа қарамау керек. Ең бастысы ойыңда жүрген арманың, алға қойған мақсатың болуы қажет. Егер сен дайын тұрған маман болсаң, қабілетіңді дәлелдей алсаң, онда сені кез келген жер жұмысқа алады.
Қылқаламмен өрнек салар суретші бол, балаларды жазуға үйретер ұстаз бол, індетке дауа іздеген дәрігер бол немесе қағаз бен қаламды өмірлік серік етер журналист бол, мейлі, ең бастысы жүрек қалауың болғаны абзал.