Саясат
Көше атаулары туралы берер сөз
Көптеген жарнамалық тақталар дейсіз бе, шала сауатты шенеунік дейсіз бе, бәрін көрдік, көндік. Енді, осындай елге қадірлі болған, мүйізі қарағайдай Қазыбек биді бұлай қорлап жатса қалай қарап жатамыз?! Сорақы қате. Бірде жаңалықтарда қайсы бір қалада орыс есімін қате жазғаны үшін халық болып шу шығарып еді. Ал, бұл атақты бидің есімін қате жазу шектен шыққандық. Қызығы сол, жатақханада филологияның өрендері де тұрып жатыр екен. Назар аудармады ма, әлде басқа ма, біле алмадым.
Алматыға ауылдан келген кездері автобусқа кіріп алғашқы кездерде сөзге де келіп қалатын едік осы көше аттары үшін. «Абая» деп орысшалаған кондуктор «Сейфулина, Сатбаева, Кабанбай батыра» деп жүйке талшықтарын кемітетін. Оған да құлақ үйренді. Орысша атымен аталып кеткен көшелердің жаңа атын айтсаң ешкім білмейді тіпті. Бәрі «Ташкентский» деп атайтын көшенің шынайы атауы Райымбек бабамыздың атымен аталатынын өткенде білдім. Ташкентский деген есі атау ғана. Тұран университетін іздегенімде «Сатбаева-Мира» дегендер көп болды. Анықтама телефонына хабарласқанымда «Сәтбаев пен Желтоқсан көшесінің қиылысы» деп айтқан. Жаңа атауды ешкім қолданғысы келмейді білем. «А, Сатбаева-Мира ма, кеттік» деген талай такси жүргізушілерін көрдік. Ленина деп ел айтып жүрген көшенің аты Достық, Фурманова деген көшенің аты Назарбаев көшесі екен. Жаяу жүріп, тақтайшалардан оқып алдық осыларды.
Айтылуға тиісті, түзетілуі - парыз болған дүниелер көп әлі де. Уақытында шаралар қолданып, олқылықты түзетуге күш салуымыз керек. Жастар жылында жаңашылдық енгізіп, ана тіліміздің шұбарлануына жол бермей, тарихи тұлғаларымыздың есімін қайта жаңартуға тиістіміз. Тырнақ астынан кір іздеу емес мұндағы айтпағымыз. Тек, қазақтың сөздері, бабаларымыздың есімдері дұрыс айтылып, қатесіз жазылса болғаны. Әрқашан Бек, Сұлтан болайық.