Қоғам

Қазақстан халқы қартайып жатыр

Қазақстан демографиялық қартаю процесінің бастапқы сатысында тұр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанда қарттардың үлесі артқан. Бұл туралы ЮНФПА (БҰҰ Халық қоныстану қоры) зерттеуінде жазылған, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

ЮНФПА мәліметіне сәйкес, Қазақстан демографиялық қартаю процесінің бастапқы сатысында тұр.

БҰҰ классификациясы бойынша егер қоғамда 65 жастан асқан және жасы одан жоғары адамдардың үлесі 7 пайыздан асса, онда қартаю процесі жүріп жатқанын көрсетеді.

"Қазақстандағы демографиялық жағдай егде жастағы адамдардың үлесінің ұлғаюымен сипатталады, 2019 жылдың басында 60 жастан асқан халық үлесі елдегі барлық халықтың 11,6 пайызын, 65 жастан асқан адамдардың үлесі 7,5 пайыз болған еді. Мемлекет демографиялық қартаю процесінің бастапқы сатысында тұр. Өңірлердің жартысында қартаю процесіне тән 7 пайыздық шек айтарлықтай еңсерілген", - дейді Қазақстандағы халық қоныстануы саласындағы БҰҰ қорының халық қоныстануы, дамуы және гендері мәселелері жөніндегі жобаның ұлттық үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлова.

Оның айтуынша, елдің солтүстік-шығысында және Орталық Қазақстанның бір бөлігіндегі жағдай Еуропа елдерімен ұқсас. Бұл халықтың шамалы табиғи өсуі және эмиграциямен байланысты. Ал республиканың оңтүстік және батыс өңірлерінде, әрі Нұр-Сұлтанда бала туудың өсуі байқалады, нәтижесінде бұл көрсеткіш төмен.

Ерлер мен әйелдер санының диспропорциясы, әсіресе қартайғанда анық байқалады. Әлемде жасы үлкен адамдардың басым бөлігі әйелдер болып саналады. Қазақстандағы жағдай осыған ұқсас. Мұнда әрбір жасы 60-тан асқан және одар жоғары әрбір 100 әйелге осы жас тобындағы 62 ер адам келеді.

"Бірақ Қазақстан салыстырмалы түрде жас ұлт болғанымен, халықтың қартаюынан туындайтын процестер мен салдар туралы алдын ала ойлау керек. Болжам бойынша есептелген мәліметтер негізінде 65 және одан жоғары жастағы қарттардың үлесі 7,3 пайызды құрап, 2050 жылға қарай олардың саны 2 есе артады. Осылайша, көрсеткіш 90-жылдары Жапонияда немесе 70-жылдары Швецияда байқалған мәнге ие болады", - дейді Молдақұлова.

Оның айтуынша, халықтың қартаю процесі адам өмірінің барлық саласына: экономикаға, жинақтарға, инвестициялар мен тұтынуға, еңбек нарығына, зейнетақы мен салық салуға айтарлықтай әсер етеді. Әлеуметтік салада бұл адамдардың денсаулық жағдайына, отбасы құрамына, өмір салтына, тұрғын үй жағдайына және халықтың көші-қонына әсерін тигізеді.

Сонымен қатар ерлер мен әйелдерді жұмыспен қамтудағы және кірістегі айырмашылықтар егде жастағы әйелдер үшін кедейлік қаупін арттырып, зейнетақымен қамтамасыз етудегі гендерлік алшақтыққа ықпал етеді.

"Қазақстан қарттардың үлесі басым елдер санатына енді ғана ене бастады. Болашақта туындайтын проблемалар қарттарға қызмет көрсетумен тікелей байланысты салалардың дамуына әкеледі. Белгілі бір дәрежеде бұл денсаулық сақтау саласына да әсер етеді. Егде жастағы халықтың денсаулығы қатысты проблемалар мүгедектік пен өлімнің негізгі себебі болып саналады", - делінген зерттеуде.