Weekend
Венесуэланы көріп отырып бойымды үрей билейді
Венесуэла деген әуел баста жұмақ еді ғой, жұмақ. Халықтың жағдайын көтеруге барлық жағдайды Құдай үйіп-төгіп бұл елге бере салған-ды. Табиғаты әсем. Қыс болмайды, демек жылу мен энергияға аз қаражат кетеді. Топырағы құнарлы, қадаған шыбығың мәуелі ағашқа айналады. Жемістің сан түрі, аң мен құстың сан келбеті бар. Су жеткілікті. Мұхитқа шығатын су жолы сайрап жатыр. Бірақ...
Бірақ бұның бірін де пайдалана алмады. Анығы өз басшылары пайдаландырмады. Дарынсыз басшылардың ақылсыз әрекеттері жұмақ болуға тиіс мекенді тозақтың филиалына айналдырып жіберді. Табиғи мүмкіндіктің бірін де пайдаланбай, "Құдай берген мұнай" деп соны құшақтап отырды. Нәтижесінде ел экономикасының 95% мұнайға байланып қалды. Мұнай құласа, Венесуэла да құлдилай құлайтын еді. Солай болды да. Мұны ел басшылары көргісі келмеді. Сөйтіп енді бармақ тістеп, бас қасып отыр.
Венесуэладағы экономикалық дағдарыстың басты себебіне ел экономикасының бір ғана салаға байланып қалуы(мұнай), сыртқы қарыздың тым көп болуы(Венесуэлада ол 150-160 млрд доллар шамасында), жыл сайын "революциялық қозғалыстар" деген мәнсіз шараларға тым көп қаржы бөлу мен ел басшыларының мақсатсыз шешімдері, Куба сынды идеологиялық дос саналатын мемлекеттерге қайтарымсыз млрдтап ақша бөлуі мен экономикалық реформаның жүргізілмеуін атап өтсек болады.
Венесуэланың күні қараң. Алдыда ұзақ жылдық дағдарыс күтіп тұр. Соғыс болмай өзге елге млндап босқын болу,үш жыл бұрын бір пәтер алатын ақшаға биыл бір келі тауық етін әрең алатын инфляциялық елде енді тұру мүмкін емес шығар. Халық көшеге шықты. Себебі жоғалтары да, сенері де жоқ.
Венесуэланы көріп отырып бойымды үрей билейді. Неге? Бәлкім тым көп ұқсастықтардың болуынан шығар...
Асхат Хасенғали, Facebook парақшасынан