Bugin

Әжелер мектебі

Ұрпақ тәрбиесі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Адамның адами болмысы мен асыл қасиеттері отбасында қалыптасады. Отбасында алған үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие арқылы ғана еліне, жеріне, Отанға деген сүйіспеншілік сезім орнығады.

Ал отбасындағы басты құндылық ұлттық тәрбие деуге болады. Сол ұлттық тәрбиенің дәнін себуші жандардың бірі – әжелер екені даусыз. Тұла бойы тұңғышын атасы мен әжесінің тәрбиесіне беріп, «атасы мен әжесінің баласы» деп есептеп, солардың бауырына басатын ұлт қазақ қана.

Атасы мен әжесі бауырына басып, «меншіктеп» алған баланы «менің балам» деп тіпті өзінің ата-анасы да айтпаған. Бұл әке мен баланың, ене мен келіннің арасындағы сыйластықтың да бір белгісі іспеттес. Ал көргенді қарт ата мен әже баланы ешуақытта өзінің әке-шешесінен алыстатпаған, оларды да қадірлеуді, құрметтеуді міндеттеп отырған.

Өмірден көргені мен түйгені мол қариялар тәрбиелеген баланың ең алдымен тілі тез шығады. Өйткені ата мен әже балаға үлкен адамша сөйлесіп, әңгіме-дүкен құрады. Сол себепті әже тәрбиелеген бала сөздің қадірін біледі, орнымен сөйлеп, сөзді тауып, нықтап айтады. Немересін баласынан ыстық көретін ата-әжелеріміз бұрындары кішкентай қарадомалақтарын бір елі қастарынан тастамайтын.

Бала үнемі үлкендермен бірге жүріп, олардың өнегелі әңгімелерін, тарихтан шерткен сырларын, ән-жырларын, шежірелерін тыңдап өседі. Немересін жырмен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткен. Елін қорғаған батырдың ерлігі мен өрлігін өнеге еткен.

Осылайша бала ерте жастан-ақ бабалар жүрген жолды біліп өседі. Өз елінің, ата-бабасының тарихынан хабардар болады. Даланың дана қарттарының қолында өскен бала қай кезде де рухани дүниесі бай, ұлттық намысы жоғары, көргенді, көпшіл болып өседі.

Мейірім мен адалдық та, үлкенге деген құрмет те ата мен әженің алдын көрген ұл мен қыздың бойынан табылады. Көргені мен өмірден түйгені көп көнекөз қарияларымыз тәрбиенің нәрін бала бойына сіңіре білген. Ибалылық пен имандылық та сол ортадан даритын.

Әже тәрбиесі арқылы бала жақсы мен жаманды ажыратып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйренеді. Әдетте әже тәрбиесін алған баланы жұрт «тәрбиелі бала», «көргенді бала» деп баға беріп жатады. Өйткені әженің мейірімі мен шапағатына бөлене отырып бала мінез-құлық, тіл, діл, жалпы рухани тәрбие алады, сонымен қатар елгезек, үй шаруасына бейім, мейірімді, адал болып өседі.

Ата мен әже қолындағы бала бүкіл ауылдың баласындай болады. Сондықтан бүкіл ауыл тәрбиелейді. Ауылдағы қариялардың қайсысы болса да «пәленшенің баласы ғой» деп мейірлене маңдайынан иіскеп, «атасы мен әжесін бағатын осы ғой», «бұл тіпті бәрімізді бағады» деп айналып-толғанғанының өзі бір мәртебе емес пе?!

Тіптіғ осы бір-екі ауыз сөз арқылы сенің ата-ана алдында борыштар екеніңді санаңа сіңіріп отырады. Осылайша ұрпаққа ұлағатты тәрбие беріп, оларды адами келбет ауанынан алыс­татпау үшін ақ жаулықты «әжелер мектебінің» сіңірген еңбегі зор.

Әже өнегесі ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы құндылық, тәрбиенің қайнар көзі. Әже алдын көріп, тәлімін алғандардан қазақтың сүт бетіндегі қаймағындай болып, тарихта есімі қалған ұлылар қатары көп-ақ.