Шымкент
Шымкент қаласында биылғы жылы құрылыс басқармасының тапсырысы негізінде 96 нысанның құрылысы жүргізілуде.
Ондағы нысан құрылысын қазақстандық өніммен қамту үлесі 91 пайызды құрап отыр. Бұл туралы құрылыс басқармасының мамандары хабарлады.
Олардың айтуынша, құрылысы жүргізіліп жатқан жобалардың 56-сы тұрғын үй болса, 15-і инженерлік инфрақұрылым, ал 16 жоба әлеуметтік нысан және жұмыспен қамту жол картасы аясында 9 нысан болып отыр.
Бүгінде қалада құрылыс материалдарын шығаратын 215 ірі, орта және шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Осы жылдың алты айында олар 34,2 млрд теңгенің құрылыс материалдарын өндірген.
Қаланың жалпы өнеркәсібінде өндірілген өнім көлеміндегі құрылыс материалдары өндірісінің үлесі 13,2%-ды құрайды. Құрылыс материалдарының отандық өндірісін дамыту мақсатында қалада 2020-2021 жылдар аралығында құны 2,9 млрд.теңге болатын 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.