Weekend

Ұмытыла бастаған ұлттық дәстүрлер

Жаңашылдық көлеңкесінде қалып жүрген, ұмытыла бастаған ұлттық дәстүрлерді есімізге түсіріп көрелік

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

1. "Есет атам ет асатар, ет асатса  бес асатар" деген жаңылтпашты көп естігеніңізбен,  астарында дәуірлерден жалғасқан дәстүр барын білмеген боларсыз. С. Мұқановтың "Халық мұрасы" кітабында бұл туралы толық баяндалған. Салт бойынша ортаға ас қойылып, үлкендер жағы ауыз тиген соң төрде отырған ақ сақалдар табақтағы  қалған етті алып жас балаларға, қонақтарға ұсынатын болған. Бұл киелі дәстүр - асату деп аталады.

2. Ауылға алыстан  бір үй көшіп келсе, туысқандар жапсарлас келіп қонса, көрші-қолаң немесе жақындары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіреді, табақ тартып, қонақасы береді. Осылайша қазақтар танысын, танымасын бір-бірін бөтенсімей, өз ортасына тарта білген.

3. Қазақ халқы ешқашан қалауын тура айтпаған. Нендей бұйымтайы болса да астарлап, орағытып сөйлеген. Тіпті, үйінен дәм татуға келгенде де "Тамағың бар ма? " деп емес "Осы үйдің қазанын шегелеуге келдік" деп аралас-құралас  адамдар қонаққа келеді.  Үй иесі оған әзілмен жауап қайтарып: «Жақсы болды, қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік» деп қонақжайлық танытады, әйелі ет асып қонақасы береді.

4. Тойшыл қауым саналатын халқымыз өлең-жырсыз қуанышын қарсы алмаған. Бүгінде, тойбастар, жар-жар, беташар секілді үйлену тойына қатысты жырлар сақталғанымен, аушадияр туралы естігендер санаулы. Аушадияр жырының үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Жаңа қосылған жастарға арнап айтылатын ән өнеге мен өсиетке толы.

5. Қызы бой жетіп отырған шаңыраққа топырлап барып той туралы сөйлескен қазақ үшін әдепке жатпаған. Бұндайда, ұлдары есейіп отырған әулеттің үлкендері жиылып, қызы бар үйге қонақ болып түсіп, астан ауыз тиіп жүріп кететін болған. Себепсіз келген үлкендердің суыт жүрісін сезген ата-ана қонақтар отырған жерден көбіне біз тауып алады. Бұл «бізде ұл, сізде қыз бар» құда болайық дегенді білдіретін, біз шаншар деген емеурінді ырымның бірі.

6. Қазақ арасында "Кіндік шеше" деген абыройлы ат болғанымен, оның міндетін көп аналар біле бермейді. Кіндік кесу ырымы бүгінде медицинаның көмегімен жаслатындықтан,  баланың жолдасы саналатын кіндікті қалай сақтау керек екенін білу артық етпейді. Халқымыз анасынан ажыратылып алынған қыз бала кіндігін ошақтың маңына көмген. Бұл - бір үйдің от анасы болатынын, ошағының түтіні түзу шықсын дегеннен шыққан ырым.  Ер баланың кіндігі шаңырақты ұстап тұрсын, үйдің қорғаны болсын деп табалдырықтың астына көмген. "Оттың басына түкірме", "табалдырықты баспа!" деген тыйымның мәні осында жатыр.