Құқық
Адамдар адамдықтан кетіп бара жатқандай...
Күні кеше Түркістан облысына қарасты, Қазығұрт ауданында болған жантүршігерлік оқиғаны, әлеуметтік желіден көріп қалдым.
Мейірімсіз әке, өз қанынан шыққан баласын аяусыз ұрып-соғып жатты. Баласын ғана емес, әйелін де қоса соққан. Неліктен бұл жұдырыққа қалғандары да белгісіз. Бейнежазбаға қарайтын болсақ, баланың «Әке, мен есірмедім ғой» деген жан айқайын байқаймыз.
Қорланған ана, өз жағдайын айтып тиісті органдарға барғанда, олар алғашқыда ананың жағдайына мән бермеген, іс қозғамаған. Жаныңның түршігетіні, жәбірленуші басқа біреу емес, некелі жары мен бауыр еті баласы.
Қаршадай бала, қандай жазығы үшін жазаланғаны, бір Аллаға хақ. Алайда аң екеш аңда баласын қызғыштай қорғаушы еді ғой. Бірақ біз аң емеспіз, біз адам баласымыз.
Жанымның ашитыны,қазір адамдар, адамдықтан кетіп бара жатыр. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің деген бар. Өз отбасынан көрген зорлық-зомбылық, баланың психологиясына қаншалықты әсер ететінін, бір сәт ойланып көрсек қой. Қаршадайынан таяқтап өсірген бала ертең өз көргенін істейді.
Отбасылыққа өмірге дайын болмасақ, неліктен отбасын құрамыз? Жастықтың буымен отбасын құрып алып, оның зардабын, нәтижесін көретін жазықсыз сәбилер. Олар өмірге туған әке-шешесінен зорлық-зомбылық көру үшін келе ме? Қаншама зорлық-зомбылықтың болып жатқанын естігенімізбен,шешімі табылды деген сөзді ести алмай келеміз.
Шешімі табылып, бұндай істерге нүкте қойылған болса, бұл жағдайлар қайта қайталанбас еді. Ешқандай шара қолданбасақ, зорлық-зомбылыққа тұсау қойылмайды. Тәрбиенің бесікте жатқаннан-ақ басталатынын естен шығармауымыз керек.
Отбасында жақсы тәлім-тәрбиені, мейірім-шапағатты, ата-ананың махаббатын, жылулығын көрген адам мұндай жағдайларға жол бермейді. Ол өзінің де баласын солай жақсы етіп тәрбиелейді.
Адамдар Алланың біреуге баланы беріп, біреуге бермейтінін түсіне алмайтын секілді. Қаншама адамдар бар бала сүйе алмай, сәбидің исіне зар болып жүрген. Қаншама адамдар бар, Алладан сәби сұраған. Кейбіреуіміз, ата-ана болу бақытының не екенін де түсінгіміз келмейді. Қолда бар алтынды Алланың берген бақытын елең қылмай жүрміз.
Бала қателік жасап жатса,шалыс басып жатса,оған өз ата-анасынан басқа ешкім кінәлі емес. Себебі сол тәрбиені берген өздері. Сол себепті ағаттық жіберген балаға күш көрсетпей, бір сәт өзімізді де кінәлап қойайық.
Бала өмірге, күш көрейін деп емес, бақытты болу үшін келеді. Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралғанын естен шығармайық.