Көзқарас
Бақыт – өз басың үшін көксейтін игілік... Бақытқа жеткізетін әрекет – тамаша әрекет Әл-Фараби
Деннің саулығы, ата-ана мейірімі, әр атқан таңың, дос-жарандарың... Иә, бұл айтылған сөздер баршамызға таныс, әрі күнделікті тұрмыста жиі қолданылатыны белгілі. «Неліктен сөз басын дәл осы ұғымдармен бастады?» деген, орынды сұрақ туары да анық. Жо-жоқ, асықпаңыз жауабымда дайын. Оған себеп, осы айтылған дыбыстар қосындысы, біз тақырыбымызға арқау етпек болғалы отырған, қасиетті бес әріппен өрнектелетін, сонымен қатар, сан мағына беретін – «Бақыт» атты ерекше ұғымды бейнелейтінінен.
Иә, Бақыт – бұл өмір атты мұхиттың тұңғиығына сүңгіген әрбір жанға тиісті, Жаратушы тарапынан әрбір пендеге берілетін үлкен сый. Ал бұл жарық дүниедегі әрбір жан, дәл осы, бақыт дәмін сезуге құқылы. Дегенмен, барлық адамның тағдыры әралуан келеді. Дәл, мен жоғарыда атап өткен төрт құндылықтың біреуінен айырылған адамға, бақытқа қарай көп қадам жасау керек болса, ал сол айтылғанның барлығына ие адамды толық бақытты жан деп есептеуімізге, әбден болады. Ал бақытымызды үсті-үстіне еселеу үшін қандай қадамдар жасап, қалай қарекет ету қажет? Дәл осы сұрақ төңірегінде сіз бен біз әңгіме қозғап көрелік.
Әуелі, біз атап өткендерді санамағанда, бақытты болуға тағы бір қадам, бұл өмірде өз орныңды табу. Яғни, мақсатыңды айқындап, мамандығыңды шыңдау. «Бақыт кілті – еңбекте» демекші, өз мамандығыңның иесі атанып, талмай қызмет ету. Тек өзің үшін ғана емес, сонымен қатар елдің дамуына үлес қосу. Міне, бұл қадамда өз кезегінде бақытты еселейтіні анық.
Екінші қадам, білімді ұштау, бар біліммен тоқтап қалмау. Себебі, білім қоры кеңейген сайын, сенің беделің артып, бақыт құшатының анық. Тіпті, ұлы ойшылымыз Әл-Фараби адам бақытын теориялық кемелдікке теңеп, «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы», «Интеллект (сөзінің мағыналары)», «Азаматтық саясат» атты трактаттарында осы жөнінде өз көзқарасын білдірген. Яғни, Әл-Фараби ақыл-парасат, білім кемелдіктің ең жоғарғы сатысына көтерілуге септігін тигізетіндігін, дәл осы деңгейге, сол сатыға адам баласы жету арқылы теориялық бақытқа кенелтетіндігін, ең жоғары бақытқа кол жеткізетіндігін пайымдаған. Міне, білімділіктің болашағы.
Үшінші қадам, дана халқымыз: «Жақсы жұбай – жарым бақыт» деп айтқандай, жақсы жар таңдап, отбасы құру, бала-шағаның қызығын көру. Дәл осы құндылық адамның бақытты күн кешуі үшін үлкен рөл атқарады. Себебі, өмір сүрудегі адамзаттың ең басты мақсаты, ата-анаға қамқорлық, оларды қартайған шағына дейін асырау, құлшылық жасап, болашақ ұрпағыңды бағып-қағу, отбасыңды қорғау екені белгілі. Бұл да бір, әркімге бұйыра бермейтін үлкен бақыт.
Төртінші қадам, бұл бір шатырдың астында біріккен берік ұлт болу, басшыға бағыну. Тіпті, «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» трактатында, екінші ұстаз атанған ойшылымызiзгiлiктi қоғам туралы ой қозғайды. Мұндай қоғамды ғалым «Әрбiр адам екiншi адамның өмiр сүруiне қажеттi үлесiн беретiн, бiр-бiрiне көмектесетiн адамдарды бiрiктiру арқылы ғана адам өз табиғатына сай жету дәрежесiне ие бола алатынтындай»- түрде елестетедi. Ал, сол ұлтты басқарып, бір уыс етіп жинай алатын қайырымды басшы болу қажеттігін де баса айтады. Оның қандай қасиеттері болу керегінде жазып, талдап, қайырымды басшының, қол астындағы елі де ізгі ниетте болатынын ашық көрсетеді. Расыменде, басшыға бағынып, тарихта ұлт болып қалу бұл үлкен бақыт.
Бесінші қадам, ең негізгі қадам, яғни, қайдан шыққаныңды, сені кімнің жаратқанын ұмытпау. Себебі біз атап отырған бақытты еселеудегі қадамдарымызды бізге нәсіп ететін тек бір Алла. Жаратушысын танымай кеткен адам, еш уақытта бақыт тауып, қарық болмайды, түбі бір оқиға орын алуы мүмкін. Ал, тәубе қылып, шүкіршілік еткен адамның әрқашанда бақыты еселене беретіні анық.
Иә, ойымызды қорытындылай,ғұламамызӘл-Фарабидің сөзімен аяқтасақ: «Ең алдымен біліп алатын нәрсе: адам тамаша әрекеттерді кездейсоқ жасауы және өзінің ықтиярынсыз жасауы мүмкін. Осындай жағдайларда жасалған ондай тамаша әрекеттер бақытқа жеткізбейді. Егер осы әрекеттер оның өзінің ықтиярына және (өз еркімен) таңдауына негізделген болса (сол жағдайда), ол бақытқа жетеді. (Адам) өзінің барлық әрекетінде тамаша әрекетті қалайтын болса және өмір бойында осылай ететін болса, сонда ғана ол бақытка жетеді» деген екен. Расыменде, әр нәрсені ниетпен, қалаумен жасасақ, ол белгілі бір мөлшерде бақыт сыйлайтыны рас, ал бақытымызды еселегіміз келсе, атап өткен бес қадамымызды ойға алып, жүзеге асырумыз қажет деп ойлаймын. «Бақыт - қолға қонған құс» демекші, құсымызды ұшырып алмау үшін аянбай еңбек етейік.