Weekend

Ұйқы мен өлім арасы (әңгіме)

Арада қанша уақыт өтті?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

 

Көзі ілініп кетті. Қайта селк етіп оянды. Терезе сыртында созылып жатқан мидай жазық дала. Жалғыз өзі. Көз алдында көліктің рөлі. Ортасында қос мүйізді жануардың таңбасы бар. Радионың дыбысы өшкен. Ары-бері бұрап еді ыжылдан басқа ештеңе жоқ. Рөлдің ар жағында ары-бері қозғалып, тыным таппай тұрған көрсеткі. 80...100...120... 150... Қызық көріп келе жатқан адамдай, оң аяғын қайта-қайта басып-басып жібереді.

 

Арада жарты сағат өтті

Көзі тағы ілініп кетті. Ұйқысы қанбаған. Бұл – Азат. Үйдің үлкені. Ауылда істейтін жұмыс жоқ, бәрінен шаршап қалаға бет алған-ды. Көлік әкесінің барын жиып сатып алған көз қуанышы еді, оны да қоймай алып кетті. Өткен айда ғана жиырма беске келіп, жақсылап бір тойлатып алды. Құлағында қалған жалғыз тілек: «үйлен!».

Жастық шақтың нағыз жанып тұрған кезі. Ауылдағы күнделікті өмірінен шаршап, ары тартса артылмайтын, бері тартса берешек қылатын тұрмыстық мәселе жүйкесін әбден жұқартты. Соның есесін қаладан барып алатын адамдай алып-ұшып келеді.

Көзі тағы ілініп кетті. Селк етіп қайта оянған Азаттың көзіне екі нәрсе көрініп үлгерді. Бірі 100-ден түспей келе жатқан көрсеткі, бірі алдыңғы терезенің сыртында тоқтап тұрған жүк таситын көлік. Осыдан кейін біз де Азат та қараңғы түстен басқа ештеңе көрген жоқ.

У-шу. Қос жанарын әлсін көтеріп ашқан Азаттың айналасы толған адам. Ауруханада жатқанын сезді де, қайта талғысып ұйқыға кетті...

 

... Селк етіп көзін ашты. Ауруханада жатыр. Екі жағы толған аппарат. Иттің тұмсығына кигізгіп қойғандай ауызында тұрған тыныс алатын затты жұлып алды:

-        Әке! Шеше!

Орындықта отырып ұйықтап кеткен ата-ана жүгіре басып ұлдарының қасына келді.

-        Құлыным-ау!

-        Иттің баласы-ай, бір өлімнен қалдың ғой! Қайтейін..! Жан-жақтан жанталаса жүгіріп келген дәрігерлер жағдайын сұрап жатыр. Азат бәрінің жақсы екенін, еш жері ауырмайтынын айтты.

-        Бұл керемет! Мүмкін емес жағдай. Бағыңыз бар екен! Таң қалып сөйлеп жатқан Азаттың отасын жасаған бас дәрігер. Бетіне бір үңілді де:

-        Қашан шығамын?

-        Сәл шыдаңыз, үйіңізге барасыз!

Қысқа аяқталған диалогтегі сәл шыдаған күні бір аптаға созылып, ақыры ауруханадан шықты. Азатты ауыл болып күтіп алды. Бәрі мәре-сәре болып жүр. Бетіне де қарамай кеткен сұлулар «Азат!» деп атын шақырған сайын жаны кіріп жүр.

 

Арада 1 жыл өтті

Азаттың жағдайы жақсы. Тіпті ұмытып кетті. Анда-санда еске алғаны болмаса, керемет күндерді бастан кешіп жатыр. Әкесі аяқ астынан қалаға жұмыс ауыстырып, үлкен орынға қол жеткізді. Анасы да саудамен айналысып, бір жылдың ішінде Азат 25 жыл көрмеген бал өмірдің үстінен бірақ шықты.

27 жасқа толған Азаттың туған күніне дос-жаранның бәрі келді. Алматының қақ ортасындағы үлкен мейрамханада атап өтіп жатыр. Достары құрбыларын ерте келген екен, төрде бәріне күлімдеп қарап отырған Азаттың көзі шет жақта үнсіз ғана жымиып отырған қызға түсті.   Туған күн ойдағыдай болды. Үйді-үйіне тарасып жатқан достарын шығарып салып жатқан Азаттың бағана өзі көзі түскен аруға енді тіл қатайын деді:

-        Үйіңе жеткізіп салайын?

-        Рақмет, өзім барамын.

-        Есімің кім еді, ұмытып қалдым?

-        Осымен үшінші рет сұрап жатсың, Ләйла!

-        Иә, кешір. Тағы да танысқаныма қуаныштымын. Жүр шығарып салайын.

-        Келістік.

Көлік оталып, екеуі қаланың көшелерін артта қалдырып жүріп келеді. Бір-бірін үнсіз түсініскендей, риясыз күліп келеді.

 

Арада 3 жыл өтті

Көліктің көрсеткісі 120 көрсетіп келеді. Ұшып келе жатқан көлікті тоқтатқан жол полициясына:

-        Көке асығып тұрмын, ұлым дүниеге келді. Жіберші!

-        Ренжіме бауырым, жылдамдық 60. Сен екі есе жылдам кетіп барасың ғой.

-        Сіз де қоймадыңыз ғой. Қалтасынан түрі қорқынышты құжатты алып шығып бетіне басты.

-        Кешіріңіз, жүре беріңіз! А... не ғой... бауы берік болсын! Жеңгеге сәлем айтыңыз!

-        Бағанадан осылай демейсің бе?!

Ұшып отырып перзентхананың алдына тоқтады. Есік ашылып сыртқа шыққан кезде, күннің сәулесіне шағылысқан қызыл шақаның көздері әрең-әрең ашылады.

-        Ләйла! Барым менің, рақмет саған!

 

Арада 5 жыл өтті

Көліктен түскен Азатты есік алдынан біреулер күтіп алды. Есік ашылып ішке енді. Дөңгелек үстелді айналып отырған адамдардың дәл төріне отырды. Амандасып болған соң, танысу басталды:

-        Қайырлы күн! Бүгіннен бастап бәріміз әріптеспіз. Мен сіздердің төрағаларыңызбын. Атым – Азат.

-        Қош келдіңіз, Азеке!

-        Құтты болсын!

Шапалақ пен мақтау қатар кетті. Терең тыныс алып барып жұмысқа кірісті. Жиналыс аяқталып, өзінің кабинетіне келді. Көк байрақ, қасында елтаңба тұр. Сөмкесінің ішінен кішкене қызы мен ұлының суретін шығарып қойды.

-        Кешіріңіз, Азат мырза!

-        Иә, тыңдап тұрмын.

-        Сіздің хатшыңыз боламын. Атым – Минура! Бірінші рет мұндай ат естіп тұрған Азат, басын көтеріп көз алдында тұрған еліктің лағындай аруға қарады. Тізесіне жетпейтін қысқа етекті юбкасы, кеудесін тырыстырып тартқан лыпысы ақ жейдесінен көзге ұрып-ақ тұр.

-        Метиссің бе?

-        Қайдан біліп қойдыңыз?

-        Енді есімің де өзгеше, өзің де қазаққа ұқсамайсың.

-        Иә. Анам – қазақ, әкем – ұйғыр.

-        Түсінікті. Жақсы. Жасайтын жұмыс алда өте көп...

Минура есіктен күліп шықты...

 

Арада 5 жыл өтті

Көз жасын көл қылып есіктен шығып бара жатқан аналарын қос құлын ұстай алмады. Олар да жылап қалды. Орындықта үнсіз отырған Азат Ләйланың артынан ұзақ қарап қалды. Қолында соттың қағазы. Телефон шыр ете түсті. Қойын қалтасынан смартфонын алды. «Жаным, қайдасың?» деген жазуға көзі түсті. Хабарламаның төбесінде «Минучка» деген ат тұр. Қос құлынға бір жәутеңдеп, телефонға бір жәутеңдеп, есікке бір қарап отырған жерде ұзақ отырды...

 

Арада 10 жыл өтті

Көліктің есігін тарс жауып газды басты. Демінен шыққан иіске қайта-қайта елітіп, мас болады. Бұл жолы көрсеткі 150-ден жоғары. Тіпті жылдам. Ұшып отырып үйге келді. Заттарын жинап көлікке салды да, қайта шығып кетті.

Көлік қозғалып, баяғы таныс аймаққа бастап барады. Ұшып келеді.

 

Арада 3 сағат өтті

Мидай жазық дала. Көзі қайта-қайта ілініп келеді. Тіпті қарсы беттегі көліктің есін алады. Алдыңғы терезесінен ештеңе көрінбей келе жатқандай. Шындығында терезе жуылған, тек Азаттың жанары жасқа толып буланып келеді. Жап-жарық әлем көргендей, алдында тұрған шамға ұмтыла берді.

... Есінде қалғаны қарсы беттегі көліктің қос шамы еді.

 

Арада 21 сағат өтті

Селк етіп оянған Азат ауруханада жатыр. Айналасы толған аппарат. Жанында отырған ата-анасы селт ете түсті:

-        Құлыным-ау!

-        Иттің баласы-ай, бір өлімнен қалдың ғой. Қайтейін..!

Аспаннан түскендей күйде отырған Азат:

-        Ләйла, Минура, Әсет балам, Гүлнәз қызым... деп сандырақтай берді.

Бір-біріне күдіктене қараған ата-анасы ештеңе түсінген жоқ.

-        Айна бар ма? Анасы сөмкесінен қолайнасын берді.

Бір бетіне жарық түскен, мұрны сынған, басы жарылған Азат өзін көрді. Азат 25 жастағы Азатты қайта көрді. Орнынан тұрып бәрінің мәніне барғысы келіп еді, тұра алмады. Оң қолымен жабық тұрған көрпесін ашқаны сол екен, қос аяқ тізеден бастап шолақ.

Арада адам баласы көрмеген, бірақ Азат көрген бір ғұмыр өте шықты...

Марғұлан Ақан