Қоғам

Әзірбайжан біртуғаным

Әзірбайжан мен қазақ тағдырлас ел.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Түп-тұқиянымыз түркіден бүр жарған соң Алаш баласына оғыз ұрпақтары болып есептелетін түрік, әзірбайжан, түркімен, қашқай, ғағауыздар, қарлық тектілерге жататын ұйғыр, өзбек, салор, қыпшақ балалары - қырғыз, татар, құмық, башқұрт, қарайым, қарашай, малқар, ноғай да - біртуған саналады.

Түркі ұрпақтары тарихтың небір шырғалаң шақтарында бір-бірін қолтығынан демеп, қиын-қыстау сәттерде желеп-жебеп отырған. Соның бірі - қазір басына күн туып тұрған әзірбайжан мен қазақтың ет-жақын туысқандығы деп айтар едім.

Әзірбайжан мен қазақ тағдырлас ел. Олардың туыстығы сонау 6-9 ғасырларда Еділ мен Кавказ аралығында салтанат құрған Хазария қанағатынан бастау алады. Одан бері Алтын Орда дәуірінде Арран мен Ширванды (оңтүстік Әзірбайжан) парсылардан азат ету үшін Өзбек хан, Жәнібек хан, Бердібек хан неше дүркін-дүркін Құлағу елхандарымен соғысты. Алтын Орда ыдырап, түркі ұлыстары бөлек-бөлек отау тігіп шыққанда, Солтүстік Кавказдағы қазақтар мен әзірбайжандар етене жақын араласып, сафевидтерге және өзгеде ішкі-сыртқы дұшпандарға бір мемлекеттің туын тігіп, қарсы күресті. Әзірбайжан туғандар Кавказ қазақтарына жер бөліп беріп, олар бертінге ХVIII ғасырға дейін өз алдына дербес өмір сүрді.

Екі туыс ұлт Патшалық Ресейдің құрамына кіргеннен соң да ұдайы бір-біріне тілекші бола білді. Ресей мұсылмандарының құрылтайларында да әрқашан бір пікірдің аясында бас біріктірді. Қысылтаяң шақта бір-біріне қаржылай көмек те беріп отырды. Мысалы, алғашқы қазақ баспасөзі - "Қазақстан" газеті тікелей әзірбайжан бауырлардың демеушілігінің арқасында жарық көрді. Қазақ ағартушылары Е.Бұйрин мен Ғ.Қараш "Қазақстан" газетін шығару үшін Бакуге аттанып, әзірбайжан меценаты Зейнел-Ғабиден Тагиевтен көмек сұраған. Сонда Зейнел-Ғабиден Тагиев қазақ бауырларының қолын қақпай: "Қазақ баласына менен сәлем – дәулет менікі емес, милаттікі" деп көзіне жас алып, мың сом қаражат береді. Сөйтіп, бұл газет 1914 жылға дейін мерзімді баспасөз ретінде жарық көріп тұрады.

Кеңес үкіметі дәуірінде де әзірбайжан мен қазақ халқы тағдырдың кермек дәмін, өмірдің ащысы мен тұщысын қатар тартты. ІІ Дүниежүзілік соғысы кезінде Қазақ жауынгерлері жау қолынан Кавказды азат етуде ерлікпен күресті. Қазақстанға депортацияланған әзірбайжан бауырларға қол ұшын созып, арып-ашып келген туысқа үйінің бір бұрышын беріп, бір үзім нанды бөлісіп жеді. Елуінші жылдардан кейінгі жылымық кезінде

Әзірбайжанды Гейдар Әлиев билеп, ол Дінмұхаммед Қонаевпен жылы қатынас орнатты. Осы Гейдар Әлиевтің ұзақ жылдар бойы оққағары болған Осман Жапаров атамыз Семейдің қазағы еді.

Кеңес үкіметі ыдырап, екі ел тәуелсіздік алған жылдары да әзірбайжан мен қазақ ұлтшылдары бір-біріне демеу болды. Әзірбайжанның ұлтшыл президенті Абулфаз Елшібей Бакуде алғаш рет 1991 жылы түркі ұлтшылдарының конференциясын өткізді. Қазақ дисседенті Арон Атабекке Бакуден саяси баспана берді. Таулы Қарабах соғысында қазақтардан 300 ерікті жауынгер әзірбайжан әскерінің құрамында болып, жан беріп, жан алысып соғысты.

Әзірбайжан мен қазақтың туысқандығын "Қорқы ата", "Алпамыс", "Едіге", "Көрұғылы" секілді ортақ дастандар да дәлелдейді. Қазақтың ұлы ақыны Хакім Абай:
Физули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз - бу һәммәси
Мәдәт бер я шағири фәрияд,
- деп жырлап, бата сұрағандағы Физули әзірбай ақыны болатын. Әзірбайжан туғандар Кеңес дәуірінде Абайдың 100 жылдығын, 110 жылдығын, 120 жылдығын да кең көлемде атап өткен. Абайдың барлық шығармаларын әзірбайжан тіліне аударған.

Иә, айта берсек әзірбайжан мен қазақтың туысшылдығына дәнекер болатын қаншама ортақ дүниелеріміз бар. Тарихи тағдырымыз, қанымыз, тіліміз, жанымыз бір халықпыз. Кеше Қарабақта соғыс өрті тұтанғанда, әр намазымда әзірбайжан туысқандарым жеңіске жетіп, ата-қонысын өз бауырына алсын деп дұға қылдым. Осы жолы жеңіске жетеді деп олаймын. Сөз соңында - жасай бергін, жеңіске жете бергін, әзер қандасым дегім келеді.

Мұхан Исахан