Кеттік, Bugin

Автобустағы қызықтар... (автобуспен қатынайтын қалалық қыздың естелігінен)

Бекер ашуға булығып, жүйкеміздің сыр беруіне жол бергенше, әр минуттан сабақ алып үйренейік.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Автобустың іші – бір өмір... Әсіресе, таңғы уақыт пен кешқұрымда автобусқа кірген адамдардың арасында айтарлықтай байланыс орнайды. Біреулері бір-бірімен қырылысып, сөз таластырып әуре. Енді бірі танысып, табысып, түбінде туыс екендерін біліп жатады, тіпті жарасып кеткен қыздар мен жігіттер де жетеді. Автобуста басталған махаббат... Нағыз романтика емес пе?!

Әр кірген адамның көздегені бос орын. Бірінші болып кіріп, отырып алуды ойлайды бәрі. Орын жоқ болып қалғанның өзінде автобустың артына қарай ағылып жатады, орын босаса болғаны, тап етіп отырып алу ғой мақсаттары. Бұл – жастардың әрекеті. Есікке жақын отырса, өзге аялдамадан кірген үлкен кісілерге орын беруге тура келеді. Мұны білетін жастарымыз қулыққа басады. Автобустың артына үлкен кісілер бармайды, сол себепті артқы орындарды көздейтін жастарымыздың әрекеттері көбіне іске асып жатады. Ал апаларымыз бен аталарымыз, апайларымыз автобусқа «смело» кіреді ғой, шіркін. Олар кірсе, президент кіріп келгендей жастарымыз құрмет көрсеткендей болып, орынадарынан атып тұрады. Бірі жақсылық жасап, алғысын алдық, үлкендердің батасын алдық деп риза болса, енді бірі ішінен ашуға булығып тұрады. Мұның да себептері жоқ емес.

Кей-кездері таң атпастан жұмысқа, сабақтарына баратын жастармен жағаласып көбіне апаларымыз аяладамада автобус күтіп тұрады. «Үйлерінде немерелерін бағып отырмай ма тып-тыныш?!» деп эмоцияларын жасырып тұрған жастарды байқайсың. Сөйтсем, апаларымыз да жас кездерінде дәл солай ойлайды екен ғой шіркіндер. Енді, міне өз бастарына келді. Сондықтан, жастар, апа-аталарымызға бекер ашуланбайық. Төрт қабырғаға қамалып, тапжылмастан бір орында отыруды  ешкімнің басына бермесін. Қарияларымыз да тіршілікке араласқысы келеді, жасардың арасында жүріп, солармен күліп-ойнасақ дейді...

Автобуста басталған махаббат... Автобустың ішінде Дария отырған еді, құлағында құлаққап. Жұлдыз FM радиосында берілетін қазақша әндерді тыңдап келеді. Күткені – өзін алақанында аялайтын ақ боз аттағы ханзада. Мың қиялға батып отырған әдемі шағын «Қарындас, сөмкемді ұстап отырасыз ба?!» деген жігіттің даусы бұзды. Жігіттің сөмкесінің ауыр екенін байқаған Дария ұстап отыруға келісе кетті. Сөйтіп, ұялы телефонын алып «Вконтакте», «Instagram» әлеуметтік желілеріне кірді, діттеген жеріне жету үшін уақыт ұттыру еді ойы. Бірнеше уақыттан кейін аяладамасына келіп, автобустан түсіп кетті. Бірде «Вконтакте» әлеуметтік желісіне Санжар есімді жігіттен «Сөмкемді ұстап отырғаныңызға рақмет!» деген хабарлама келді. Көңіл аударғысы келмесе де, «Оқасы жоқ!» деген Дарияның жауабы әрі қарай араластықтың жалғасуына әкелді. Сөйтіп, автобустан басталған алғашқы диалог үлкен махаббатқа ұласты. Бұл да – бір хикая, бір тарих.

Автобустағы той... Кешқұрым уақыт. Адамдардың бәрі жұмыстан, сабақтан қайтатын нағыз қызып тұрған шақ. Аяладамада 118-автобусты күтіп тұрмын. Міне, келді көптен күткен автобусым... Не керек, іші адамға лық толы. Үйіме тез жетуім керек деп өзгелермен жағаласып, жапа-тармағай, әйтеуір автобустың ішіне кірдім. Бәрінің ойы сол... «Үйіме жеткенше сабыр бере гөр, құдайым» дедім де, құлағыма құлаққап салып ән тыңдап бара жатқан кезімде «Тойымызға қош келдіңіздер!» деген кондуктордың даусы жарқ ете түсті. Сөйтсем, мен кірген атвобустың ішінде кәдімгі той болып жатқан көрінеді. «Ал, нағашылар, той иесіне ақшаларыңызды тапсырыңыздар! Нағашылардан бір ән!» деп жүйкелері сыр беріп тұрған жолаушылардың көңілін көтеріп тастады. Алматының адамдарына да риза болдым. Бір апам ән бастап, өзгелері жалғады. Мен де қосыла кеттім... Автобуста отырған орыс апайларым да риза. «Дайын болыңыздар, келесі аялдамадан құдаларымыз кіреді. Әрі қарай жылжимыз, жылжимыз!» деп айтқан кондуктордың сөзінен кейін әдетте бір орында тұрып алатын жолушалыр қалай жылжып кеткендерін өздері де білмей қалды. Құдасын ерекше сыйлайтын қазақтар ғой, келесі аялдамада 118-автобусты күтіп тұрған жолаушыларды шынымен де құдаларымыз деп, олар кіргенде қошеметтерін аямады. Сөйтіп, әркім көтеріңкі көңіл күймен үйіне жетті. Кондуктор-асабаның шеберлігі ғой. Ашу-ызаға толы авобустың аурасын тойға айналдырып жіберді бір сәтте. Бұл да – бір өмір...

Өкініш... Тағы да 118-автобусты күтіп тұрмын. Баяғы кешқұрым уақытта адамдар лық толы автобус та келіп жетті. Бұл жолы той болмады. Бір-біріне жақын тұрған адамдардың әңгімесі анық естіледі. Мен көңілімді өзіне бұрған екі кісінің әңгімесін тыңдап келемін. Бұл дұрыс емес шығар, бәлкім. Бірақ адамды ойландыруға итремелейтін әрекетке барудың әбестігі жоқ деп ойлаймын. 35-40-тар шамасындағы екі әйел жастық шақтарын еске алып келеді. Бірі сөйледі:

- Бала күнімде тым ерке едім ғой. Үйдегілерге ренжіп қалсам, 1-2 аптадай сөйлеспей қоятынмын. Әкем сөйлей бергенде, көзімді алартып кетіп қалатынмын. Белгілі бір уақыт өткен соң ренішім басылып, ата-анаммен дастархан басына отырамын. Сол кезде анам мен әкемнің қуаншында шек қалмайтын. Мені сағынып, құшақтай жөнелетін. Ал енді өзім де «ана» атандым. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» дейді ғой. Ол кезде ата-анама өзім ренжимін деп, ол кісілерді керісінше ренжітіп алады екенмін ғой. Ақымақ басым, байқамаппын...

Жанындағы әйел сөйледі:

Байқайсың ба, сенің де қызың дәл сондай қырсық..

Иә, өкінемін қатты сол кездер үшін...

Бұл әңгімені естіген менің жүрегім ерекше күйге енді. Ата-анамды ренжіткен күндерім есіме түсті, бойымды өкініш кернеді. Үйге бара салдым да, анамды қатты құшақап алдым, оны қалай қатты жақсы көретінімді айта бердім, ертеңінде де айттым, әлі күнге дейін айтып келемін. Автобустағы сол бір диалог маған қатты әсер етті, ойлануға мәжбүр етті. «Бүгінгі әрекеттерім үшін ертең өкінгім келмес еді» деген ой санамда қалып қойды. Бұл да – бір сабақ...

Автобуста өткізген әр уақытымыздың да берер пайдасы көп екен. Бекер ашуға булығып, жүйкеміздің сыр беруіне жол бергенше, әр минуттан сабақ алып үйренейік.

Гүлім Жақан