Қоғам
Абайдың қара сөздерін өзбек тіліне аударған Якубжан Юлдашев.
Бүгін «Ұлы ақындардың үндестігі: Науаи және Абай» онлайн-конференциясы барысында Әлішер Науаидың қазақ тілінде жарық көрген «Хамса» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітапты өзбек тілінен қазақ тіліне ақын, аудармашы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлы аударған, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.
«Шығыс шайырларының дара тұлғасы, ежелгі түркі әдебиетінің атасы Әлішер Науаидің еңбегін қазақ тіліне аудару - маңызды оқиға. Бұл – қазақ әдебиетіне қосылған құнды үлес. Абай Науаиді өзінің рухани ұстазы санап, оның өлеңдерінен тағылым алғанын бәріміз жақсы білеміз. Осы тұрғыдан алғанда екі бірдей кемеңгердің еңбектерін қатар аударудың символикалық мәні бар деуге әбден болады. Әлішер Науаидың «Хамса» атты еңбегі қазақ тілінде жарық көріп отыр. Ол - шығыстан шыққан ақындардың бірі, әрі бірегейі. Оның шығармалары әлем әдебиетінің дамуына ықпал етті. Ақынның өлеңдері сол кездің өзінде-ақ дүние жүзіндегі ең ірі кітапханаларға қойылған. Осындай көлемді еңбекті қазақ тіліне аударып, түркі дүниесі үшін маңызды, зор жұмыс істеген Несіпбек Айтұлы ағамызға алғысымызды білдіреміз», - дейді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Ол Халықаралық Түркі академиясының жұмысын ерекше атап өтті.
«Академия түркі әлемімен қатар өнердегі ауызбіршілікті нығайтуға зор үлес қосып отыр. Бұған дейін де осы ұйымның бастамасымен игі шаралар іске асырылды. Атқарылған жұмыстарға Мемлекет басшысы да жоғары бағасын беріп келеді. Дәл қазіргі кезеңде Өзбекстанның Түркі академиясына қосылу жұмыстары жүргізіліп жатқанын білеміз. Өзбек елінің түркі дүниесіндегі орны ерекше. Осыған орай Академияға және оның басшысы Дархан Қыдырәліге алғысымызды білдіреміз. Түркі дүниесінің тұтастығын сақтауға арналған еңбектеріңіз табысты болсын», - деді ол.
Әлішер Науаидің атақты «Хамса», «Ләйлі-Мәжнүн», «Ескендір қорғаны» кітабын көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлы өзбек тілінен тәржімалады. Ал данышпан Абайдың қара сөздерін Якубжан Юлдашев өзбек тіліне аударды.
«Бұл іс-шараның өткізілуі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда тұратын халықтардың ұлттық мәдениетін сақтау, дамыту үшін барлық жағдайды жасағандығын тағы да растайды. Бұл шара біздің ойымызды, мақсат, тілектерімізді білдіретін жалпыға ортақ мереке. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып мен бұл іс-шараны осындай жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мырзаға ерекше алғысымды білдіремін», - деді Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязхожаев.
Кітаптардың тұсаукесер рәсіміне Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Өзбекстанның Олий Мәжіліс Сенатының төрайымы Танзила Нарбаева, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің Қазақстандағы елшілері, Мәжіліс депутаттары және бірқатар ақын-жазушы мен зиялы қауым өкілдері қатысты.