Экономика

АҚШ-та президент сайлауы: кім жеңеді?

Алғашқы санақ нәтижелері бойынша Индиана мен Нью-Гэмпшир штаттарында республикашыл Дональд Трамп алда.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгін АҚШ-та президент сайлауы өтіп жатыр. Ол әр 4 жылда қарашаның алғашқы сейсенбісінде ұйымдастырылады. Биыл Дональд тағы 4 жыл Ақ үйде қалуды мақсат етіп, республикалық партия атынан шықса, Джо Байден демократтар тарапынан шығып отыр.

Соңғы poll нәтижелеріне сүйенсек, Байден АҚШ-тың 17 штатында (Калифорния, Коннектикут, Вирджиния, Делавэр, Колорадо, Мэриленд, Орегон, Нью-Йорк, Мэн, Нью-Джерси, Иллинойс, Род Айленд, Гавай, Массачусетс, Вермонт, Вашингтон, Нью Мексико), ал Трамп 20 штатында (Аляска, Луизиана, Небраска, Оклахома, Индиана, Теннесси, Алабама, Вест Вирджиния, Юта, Канзас, Миссури, Монтана, Миссиссиппи, Оңтүстік Каролина, Солтүстік Дакота, Оңтүстік Дакота, Арканзас, Кентукки, Айдахо, Вайоминг) басымдық танытып отыр. Үміткерлердің осы штаттарда жеңу ықтималдығы жоғары. Ал қалған 13 штат (Огайо, Техас, Джорджия, Айова, Солтүстік Каролина, Флорида, Мичиган, Миннесота, Аризона, Пенсильвания, Висконсин, Невада, Нью-Гэмпшир) «құбылмалы» (swing states) деп аталады. Себебі бұл штаттардағы сайлаушылардың қолдауы әр кез түрлі партияға ауысып отырады.

Сайлауда жеңу ықтималдығы қолдаушы штат санына тәуелді емес. Мысалы, Трамп 20 штатты өзіне қарата алғанымен, олардан жинайтын жалпы электроларды дауыс саны 125 болып отыр. Ал Байден жоғарыда жазылған 17 штаттан 212 электоралды дауыc жинай алады. Байденге көп дауысты Калифорния мен Нью-Йорк штаттары беріп отыр. Ал жалпы сайлауда жеңу үшін үміткер кем дегенде 270 электоралды дауыс жинауы тиіс (электоралды дауыс әр штаттағы халық санына қатысты анықталады).

АҚШ билігі құрған сайлау жүйесі (electoral college vote) бойынша, кейде үміткерлер дауыс саны бойынша алға шықса да, президенттік постқа жете алмай қалады. Мысалы, 2016 жылғы сайлауда Хиллари Клинтон Дональд Трампқа қарағанда 3 миллионға (won popular vote) көп дауыс жинағанымен, президент (lost presidential election) бола алмады. Менің ойымша бұл әзірге әлемдегі ең әділ сайлау жүйелерінің бірі. Себебі бұл жүйе арқылы алып қалалар халқы көп бола тұра, доминанттылық таныта алмайды және халқы аз ауыл аймақтардың дауысы да сайлауда айтарлықтай салмақ қоса алады.

Сондықтан жоғарыда жазылған «құбылмалы» штаттар сайлауда шешуші рөл атқарып отыр. Мысалы, Трамп 2016 жылғы сценарийді қайталау үшін «құбылмалы» штаттар тізімінен Техас, Флорида, Джорджия, Пенсильвания, Висконсин, Аризона және Мичиган штаттарында жеңіске жетуі тиіс. Ал Байден жеңу үшін Мичиган, Пенсильвания, Аризона, Висконсин, Миннесота және Невада сынды штаттарды өз ұпайына қосуы керек. Соңғы poll нәтижелері бойынша, бұл штаттарда демократтар басымдыққа ие. Тек Мичиган штаты дауыс берушілерінің 47 пайызы Трампты, 46 пайызы Байденді қолдап отыр. Менің ойымша, Техас, Флорида, Джорджия, Огайо және Мичиган сынды шешуші штаттарда Трамп жеңсе, Пенсильвания, Висконсин, Миннесота, Аризона штаттары Байденге ауады.

Биылғы сайлау, шын мәнінде, америкалықтардың өміріндегі ең маңызды деп санауға болады. Әсіресе, республикалықтар белсенділігі күрт артқан. Екі саяси идеологияның америкалық қоғамды екіге бөлуі әрбір америкалықтың азаматтық жауапкершілігін арқалай отырып, дауыс беруге шығуына итермелеп отыр. Америкалықтар бүгінгі сайлауда нақты бір үміткерде дауыс беруді маңызды деп отырған жоқ, олар үміткерлер арқалаған идеологиялық сенімге қолдау көрсетіп отыр. Мысалы, либералды көзқарастағы бір азамат демократтарды қолдауы мүмкін. Бірақ ол абортты заңдастыруға қарсы. Демек қоғамда аборт заңдастырылмауы үшін ол республикалық үміткерге дауыс береді. Ол Трампты ұнатпаса да, оған дауыс беруден басқа амалы болмайды. Дәл сол сияқты дәстүрлі көзқарастағы америкалық баяғыдан республикалықтарды қолдап келген болуы мүмкін. Бірақ қару иемдену мәселесіне қарсы. Сол үшін де ол қару иемденуге қарсы шығып жатқан демократтарды қолдайды, яғни солардың үміткеріне болысады. Ол Байденді ұнатпаса да, оған дауыс береді. Сондықтан биылғы сайлау халықты тек либерал және консерватор етіп бөліп жатқан жоқ. Америкалықтар, сондай-ақ, экс-демократ республикалық немесе экс-республикалық демократ болып синтезделіп жатыр.

Трамп екінші рет сайлауға қатысып отыр. Оның бірінші ретте жеңген абыройы мен соңғы 4 жылдағы еңбегі оның қайта сайлануына негіз болып отыр. Бірақ пандемияның кесірінен экономиканың құлдырауы мен жұмыссыздар санының артуы оның саяси абыройына нұқсан келтірді. Бірақ ол бұл қиындықты өз еншісіне оң пайдалану үшін қазір халыққа экономикалық триумфты уәде етіп жатыр. Трамп саяси корректі емес және өзіне тиімсіз сұрақтардан шығып кетудің популистік жолын біледі. Мысалы, бірінші президент дебатында Трампқа журналист Крис Уоллес 2016 және 2017 жылы небәрі $750 салық төлегеніне (The New York Times инвестигейті) қатысты «иә/жоқ» сұрақ қойғанда, Трамп сонша аз салық төлегенін не төлемегенін айтпай, популистік жалпылама жауаппен шектелді. Трамп ресми жиындар мен баспасөз мәслихаттарында жиі өтірік айтады. Десе де, оның танымалдығы төмендеген емес. Себебі америкалықтар оны емес, оның артындағы саяси консерваторлардың идеологияны арқау етеді.

Байден өз кезегінде Трамптың АҚШ үкіметіндегі жасаған өзгерістерін қайта өзгертуге уәде берумен келеді. Бірақ нақты өзінің реформалары айқын емес. Тек Обама кезіндегі «жылымықты» қайтаратынын жиі айтады. Оның абыройына ұлы Хантер Байденнің коррупция дауы айтарлықтай нұсқан келтірді. Ол республикалықтар тарапынан әдейі ұйымдастырған медиа шабуыл болды десек адаспаймыз.

Осыдан екі апта бұрын The New York Post басылымы Хантер Байденнің ноутбугінен көшірілген жеке ақпаратқа, оның ішінде электронды хаттарға сілтей отырып, эксклюзив жариялады. Жарияланған скриншоттанған хаттар мен өзге де деректерде украиналық олигарх Вадим Пожарский Хантер Байден арқылы Джо Байденмен байланыс орнатып, оның саяси позиция арқылы Украина билігіне өзіне тиімді фронттан қысым жасауға тырысқаны жазылады. Бұл эксклюзивті оңшыл медиалар бірден көшіріп басты және әлеуметтік желілерде таратылды. Бірақ солшыл медиа ресурстар оны көбіне сынады. New York Post редакциясы бұл дауға қатысты деректердің қайдан келгенін ашық түрде айтпады және электронды хаттарды толық жарияламады. Бұл өз кезегінде өзге медиа ресурстардың кейсті растап, басуына кедергі болды. Солшыл медиа ресурстардың сынын осылай түсіндіруге болады. Бұл мәселені оңшыл медиа бірінші көтергендіктен, бұл әдейі ұйымдастырылған саяси манипуляцияға ұқсайды. Бірақ Хантер Байденнің сондық коррупцияға шатысы бар екендігі бұрыннан айтылады. Тіпті Джо және Хантер Байдендердің Кеңес Рақышев және Кәрім Мәсмовтармен бірге түскен суреттері бар. Олардың кездесуінің астарында бірнарсе бар шығар. АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғасы ешбір елде саяси позицияда емес Кеңес Рақышев сынды олигархтармен кездесуі кез келген журналистің ойында күмән тудыруы тиіс. Нағыз журналистер (олар оңға не солға жақын болсын) оны баяғыдан зерттеуі тиіс еді. Бірақ ешкім ашып, жаза алмады. Ал әлеуметтік желілер New York Post аккаунттары мен сол мақаланы блоктап тастады. Бұл да сөз еркіндігін бұғаттау деп саналады. Джо Байден де мұны жоққа шығаратын нақты дәйектермен бөліспеді.

Көптеген сарапшылар пандемияның кесірінен биылғы сайлауға қатысушылар саны күрт төмендейтінін болжаған еді. Керісінше артып отыр. Америкалықтар пошта арқылы ерте дауыс беру мүмкіндігін биыл рекордтық деңгейде пайдаланып отыр. Соңғы дерекке орай, сайлау күніне дейін дауыс беруге құқылы 255 миллион америкалықтың 100 миллионы пошта арқылы дауыс беріп үлгерген. 2016 жылы халықтың дауыс беруге құқығы бөлігінің 40 пайызы сайлауға қатыспаған болса, биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай аз болатын сияқты. Айта кетсек, көбіне демократтар пошта арқылы дауыс берді. Ал республикалықтар пошта арқылы дауыстарының жоғалып кету қаупін алға тартып, сайлау күні белсенді болуды ұйғарған.

Сайлау нәтижесі қай күні белгілі болатыны әзірге белгісіз. Пошта арқылы дауыс бергендердің есебіне анықтауға биыл көбірек уақыт кететіні анық. Сондықтан сайлау нәтижесін мүмкін ертең, мүмкін бейсенбі, ал мүмкін жума күні естиміз!

Біздің университеттегі журналистика мектебінің қолдауымен басыла бастаған, кейіннен жеке дара медиаға айналған The State News басылымының сайлауға қатысты санының ішінен мынадай нұсқаулық таптым (төмендегі суретке қараңыз). Ол жерде ашық түрде президенттікке Байденді (Biden for President, Democrat), ал Сенатқа Питерсті (Gary Peters for Senate, Democrat) үгіттейтін мәлімет басылған. Әрине, демократиялық қоғам құрғысы келетіндер Трамп сияқты азаматқа дауыс бермейтіні рас. Бірақ медиа әрқашан тәуелсіз күйде жұмыс істеуі және ешбір саяси тұлғаны ашық қолдамауы тиіс.

Жолдас Өрісбаев