Саясат
Ұлттық мұрамызды жаңаша жандандырайық
“Көненің көзі – асылдың сынығы” деп біздің ұлттық салт-дәстүр, бұйым, құндылықтарымызды айтса болады. Олар көне болғанымен, өркениеттің көшінен қалмай, қазіргі заманда ұлттық-заманауи брендке, сәнге айналып шығып жатыр.
Салт-дәстүрлерге тоқталатын болсақ, қазіргі кезде жаңа қоғамдық қатынасқа сай келмейтін дәстүрлер ығысып, өмірге қажетті жаңалары дамып жатыр. Мысалға, “мүшелі той”, “күміс той”, “ алтын той”, “қоныс той”, “зейнеткерлерді құрметті демалысқа шығарып салу” деген сияқты дәстүрлі мерекелер ұлттық сәнге айналған десе де болады.
Қазақы нақыштағы әшекей бұйымдарға да сұраныс әлі күнге дейін бар. Ұлттық киім, бұйымдар оюланған, қазақы болса да, дизайны заманауи, қазіргі талаптарға сай келеді. Жергілікті дизайнерлердің айтуы бойынша, қазақтың ұлттық киім-кешектері, әшекейлері расымен де сәнге айналды. Қанша шетелге еліктесек те, өзіміздің қазақ халқынан асатын ешкім жоқ екенін ұқтырып жатқандай, ұлттық құндылықтарымыз қайтадан брендке айналып жатыр. Біз де оған өз үлесімізді қосуымыз қажет.
Тәуелсіз еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев “Рухани жаңғыру” бағдарламасында жалпы адамзаттық және ұлттық тарихқа жаңаша тұжырымдамалық көзқарас қалыптастырып, құнды жәдігерлерімізді сақтау мен дәріптеуге арналған ұсыныстармен бөлісіп, халыққа бағыт-бағдар сілтеген. “Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауы тиіс. Керісінше, заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адаса бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды”- деп бұл жаңғырудың маңыздылығына тоқталып кеткен. Бұл дегеніміз ұлтымыздың салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғыру дегенді білдіреді.
“Рухани жаңғыру” – өте ауқымды жоба. Ол қоғам тіршілігінің барлық саласын қамтып, қазақ халқының құндылықтарымен тығыз байланысып, мәдениет, салт-дәстүр, ғылым сияқты рухани негіздерге арқа сүйейді. Рухани жаңғыруды біздің дамуымыздың ең басты тұғырларының бірі деп есептеймін.
“Көненің көзі” деп аталып жатқан құндылықтарымызды осы “Рухани жаңғыру” жобасы бағдары арқылы дамытуымыз тиіс. Ендеше болашаққа аяқ басу үшін ұлттық құндылықтарымызды жаңаша жандандыруымыз қажет. Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін еместігін есте сақтағанымыз да жөн!
Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін