Weekend
Әмеңгерлік салтын сақтағандарды «ардан безгендер», «қазақылықты тәрк қылғандар» деп қабылдайды. Ал шын мәнісінде қалай?
Ерте кезде қазақ қоғамында «жесір, жетім» деген атаулар мүлде болмаған. «Аға өлсе– жеңге мұра, Іні өлсе– келін мұра» деген халық нақылы бекер айтылмаса керек-ті. Жетім мен жесір жыласа қамқорлығын аямайтын, ата-дәстүрді ұлықтаған ұлт екендігіміздің дәлелі осы - әмеңгерлік салты.
Күйеуі қайтыс болғанда оның жесірі әулеттің үлкендерінің ақылымен және өзінің таңдауымен жолдасының аға-інісінің біреуіне тұрмысқа шығады. «Ерден кетсе де елден кетпек жоқ» деген екен ата-бабамыз. Балалары туған туыстан ажырап қалмасын , өз жұртынан жырақта болмасын деген ниеттен туындаған салт.
Тіпті менің ата-әжем де әмеңгерлік салтымен шаңырақ көтерген. Мезгілсіз қайтыс болған ағасының әйелін атам алты баласымен алған. Әрине оған ауыл ақсақалдарының да ықпалы болған. Арғы ата-әжемнің көрегендігі де әсер еткен шығар. Алты балаға әке орнына әке болған атамды қазіргі уақытта барлығы да сыйлап,құрметтейді. Ал әжем үлкен әулетіміздің ұйытқысы , ақылшысы. Әжемнің ата-енесіне қарсы келмей салтқа селкеу түсірмегеніне ауыл тұрғындары кейде қайран қалып жатады. Меніңше, ардан безгендер деп жесір келіндерін немерелерімен бірге қуып жатқандарды айту керек. Нағыз ардан безгендер солар!
Әмеңгерліктің жай ғана салт дәстүрде ғана емес, дін мен тәрбиеде де алатын орны ерекше. Меніңше , ұрпақ болашағы үшін кез-келген адам мұндай тәуекелге бара бермейді. Әмеңгерлікпен отау көтерген жастарды естуіңіз бар ма? Бұл салт өткеннің еншісінде қалып кеткен жоқ па? Сіз қалай ойлайсыз оқырман?