Білім және ғылым
Іскер орта мен академиялық мекеме
Ағымдағы жылдың 12 қарашасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық қатынастар факультетінің 25 жылдығына арналған «Заманауи халықаралық қатынастардағы Қазақстан: тәуелсіздік тұғыры астында» халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция өтті.
Конференцияның ашылу салтанатына Мутанов Ғалымқайыр Мутанұлы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры; Нуртлеуов Мурат Абугалиевич – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі; Ашикбаев Ержан Нигматуллаұлы – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің орынбасары; Властемил Самек – БҰҰ Жаһандық коммуникация департаментінің басшысы; Штефан Клёцли – ҚР-дағы Швейцария елшілігі Миссиясының басшысы; Мендерес Демир – Түркі әлем журналисттер федерациясының президенті; Шаукенова Зарема Каукеновна – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры; Айдарбаев Сагынгали Жоламанович – Халықаралық қатынастар факультетінің деканы, з.ғ.д., профессор және т.б. құрметті қонақтар қатысып, құттықтау сөздерін арнады.
Онлайн-конференция аясында дипломатиялық аударма кафедрасының ұйымдастыруымен «Шет тілдері және аударма ісі пәндерін оқытудың өзекті әдістері» секция жиыны өтті. Сейдикенова Алмаш Смайылқызы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, дипломатиялық аударма кафедрасының меңгерушісі; Аккари Абделжалил, Женева Университетінің профессоры, Швейцария Білім беру факультетінің деканы; Байрам Екижи – «MUSKARA HABER» газетінің Бас директоры (Невшехир, Түркия); Шахин Өзер – «CEYHAN Radio TV», «HABER» газетінің Бас директоры (Адана, Түркия); Мирзаев Ибодулла, филология ғылымдарының кандидаты, Самарқанд мемлекеттік университетінің профессоры; Ерджан Алкая — Фырат Университетінің профессоры (Түркия); Клод Альбагли — Седим институтының директоры (Франция); Мария Деливанис Негрепонти — Тэсалоники Университетінің құрметті ректоры (Греция); Сабри Хизметли – Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ректоры, профессор және т.б. кафедра ұжымына жылы лебіздерін білдіріп, мерейтоймен құттықтады!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетінің тарихы Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуы мен құрылу кезеңдерінен басталады. Сол уақыттан бері факультет үшін маңызы зор және бай оқиғаларға толы кезең болды.Факультет миссиясыхалықаралық стандарттар деңгейіне сәйкес келетін сапалы және қолжетімді білім беру болып табылады. Қазіргі таңда факультет жоғары білікті халықаралық қатынастар саласының мамандарын даярлауға зор үлес қосып келе жатқан ірі білім және ғылым орталығы. 1995 жылы факультетте 252 студент оқыса, қазір 1000 астам студент білім алуда. Халықаралық қатынастар факультеті заманауи технологияларды тиімді пайдалана отырып, халықаралық қатынастар және сыртқы істер саясаты, халықаралық құқық және әлемдік экономика саласының кадрларын дайындайтын жетекші ұстахана деп айтуға толық хақымыз бар.
Факультет оқытушылары халықаралық қатынастар, халықаралық құқық және әлемдік экономика мәселелерінің өзекті тақырыптары бойынша жүзден астам монография, оқулықтар мен оқу құралдарын және мыңнан астам мақала, сондай-ақ шетелдерде жариялап, еңбектері аталған бағыттағы ғылым саласына зор үлес қосты. Факультеттің ғылыми және педагогикалық қызметі Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ шетелдерде де құрметпен мойындалып және танымал болды.Осы жылдары факультет таяу және алыстағы шетелдік жетекші университеттермен әріптестік тығыз қарым-қатынастар орнатты. Факультет түлектері Республиканың атқару және заң шығару органдарында, Парламент аппаратында, ҚР Үкіметі аппаратында, ҚР СІМ-де, шетелдегі ҚР өкілдіктерінде, халықаралық ұйымдарда табысты еңбек етіп, университеттің мақтанышына айналды. Олардың көпшілігі шетелдердің дипломатиялық өкілдіктерінде Республикамызды танытуда, іскер орта мен академиялық мекемелерде сұранысқа ие. Жоғары білім деңгейі және бай ғылыми-зерттеу дәстүрлері бізге зор сенім беріп, болашаққа үлкен үмітпен қарауға мүмкіншілік береді.
ҚазҰУ, Дипломатиялық аударма кафедрасының оқытушысы
Телғараев Қуанышбек