Bugin
Толғанайдың өмірі бәрімізге сабақ болды
2005-2006 жылдары қазіргі ҚазҰҚУ-дың дайындық курсында оқып жүрген кезіміз. Ауылдан барған, ылғи кіршіксіз, періште көңіл аруларды көріп, тура сұлулық пен сымбаттылықтың мекені дерсіз. Тәрбие мен білімді қатар ұштастырсын деді ме, әлде бойымыз бен ойымызды лас істерден алшақ ұстағысы келді ме екен, сол жердегі қызметкерлер бір топ "балмұздаққа" жиналыс өткізді. Ол жерде не айтылмады: жатақхананың ішкі-сыртқы тәртібі, студенттердің басынан өткерген қызықтары мен шұжықтары, қиындықтары, ұстаздардың әңгімелерінің соңы пікір алысумен жалғасты. Қысқасы жігерленіп шықтық.
Сондағы бәрімізге сабақ болған ұстазымыздың әңгімесін осында баяндап берейін.
"Бірнеше жыл бұрын Толғанай да ел қатарлы дайындық курсына түсіп, ары қарай жоғары білім алып шығуды армандаған еді. Алайда қаланың қызылды-жасылды өмірі ауыл аруын елітпей қоймады. Жатақханадан сұраусыз шығып кетіп, қала берді түн ортасында терезеден секіріп, түнгі клуб, кафе, сауық-кештерге баруды күнделікті әдетіне айналдырды. Сондай сәттердің бірінде жатақхана кезекшісіне ұсталып қалады.
Кезекшілер дереу тәрбие саласына хабар беріп, шалғай қаладағы Толғанайдың ата-анасын шақыртады. Қыздар жиналысын өткізіп, Толғанайдың бұл әрекеттерін үлкен тәртіпсіздікке санап, оқудан шығу туралы хабарлама оқылады.
Сонда жиналысқа қатысқан Толғанайдың әкесі егіліп жылады:
"Дұрыс тәрбие бере алмағаным үшін кешірім сұраймын" - деп қызына жақындап, аяғындағы табаны жыртылып, ұлтарағы сыртына шығып тұрған етігін қолына ұстатты да,һ бүй деді:
"Қызым, бұл не қылғаның? Артыңдағы бауырларыңның аузынан жырып анаң екеуміз тапқан- таянған тиынымызды сен ашықпасын, сен жаурамасын, алаңсыз білім алсын деп аяғыма жібі түзу етік те алмай, жүрсем, сенің ісің мынау "-деді. Әке көзінен жас ыршып түсті. Бұл көрініске куә болған оқытушылар мен студенттердің өне бойы шымырлап кетті.
Амал, қанша, тәртіптің аты, тәртіп. Оқудан шығару жөнінде қаулы шығып қойған. Бұл жиналыс, өзге қыздарға сабақ болсын деген бағытта өткізілген болатын. Қазір сол арудың қандай адам болғаны алаңдатады мені.
Тәртіпке бағынған - құл болмас деген атам қазақ. Мүмкін, тәртіпке бағынғанда бәрі басқаша болар ма еді?! . Сондықтан, досым, қаланың өмірі әрине қызық, бірақ сендердің басты мақсаттарың дайындық курсын сәтті аяқтап, оқуға түсу. Сабақты ине сәтімен, бәріде алда", - деп күрсінді қарт ұстаз.