Әлем жаңалықтары
Жетімдер үйі жоқ әрі бала құқығы толық қорғалған мемлекет бар.
Дэвид 7 жаста. Үйінің қожайыны. Не істесе де өз еркі. Ата-анасы “қой” демейді, қол көтермейді, ештеңеден қорықпайды. Себебі Дэвидке бәрі рұқсат, ол – тәуелсіз.
Оскар 15-те. Биологиялық ата-анасы қайтыс болған. Бірақ “mamma, pappa” деп айта алатын жақындары бар. Бүкіл әлем оның да алдында тізерлеп тұрғандай. Оскарға ешкім “жетім” деп қарамайды. Халық үшін де, билік үшінде ол қоғамның маңызды бөлшегі.
1989 жылы Швецияда Балалар құқығы туралы конвенция қабылданды. 18 жасқа дейінгі шведтердің қауіпсіздігі толығымен қамтамасыз етілді. Мемлекет баланы, тіпті, ата-анасынан да қорғайды. Мұның нәтижесінде, елде “жетімдер үйі” деген түсінік мүлдем жоқ. Жоғарыдағы мысалдар арқылы швед балаларының өмірін елестетіп көрсеңіз де болады.
Осыған орай Bugin.kz тілшісі Швециядағы балалардың құқығы жөнінде тарқатып, ақпарат дайындап көрді.
Швецияда әрбір бала ата-анасының нұсқауынсыз өзі қалаған іспен айналыса алады. Өзінің ортасын өзі таңдайды. Балаға үй тірлігімен айналысуға түбегейлі тыйым салынған, себебі шведтерде ол- ата-ана міндеті болып табылады. Бірақ бұл ата-ана бала өміріне араласа алмайды деген сөз емес. Кей жағдайда үлкендер де балаға бағыт-бағдар беріп отырады. Мысалы әңгіме тәттіге келгенде...
Елде Lördagsgodis деген ұғым бар. Оның мағынасы- балалар қалаған мөлшерде тәтті жей алады, алайда тек қана сенбі күндері.
«Сенің дене – бітімің тек саған тиесілі. Саған ешкім қол ұшын тигізе алмайды”. Үлкендер балабақшаға баратын швед балаларының құлағына осы сөздерді сіңіреді. Егер өзге адам баланы құшақтаса, басынан сипаса, әрі ол балаға ұнамаса, пікірін тайсалмай айтуға құқылы. Ондайда үлкендер де қолын бірден тыйып қалады. Оларда бұл принцип «Stopp! Det är min kropp!» («Тоқта, бұл- менің денем!») деп аталады.
Швецияда 1962 жылы балаға зорлық-зомбылық көрсетуге тыйым салынды. 1979 жылдан бастап балаға қандай да бір қастандық түрін жасаған адам заң шеңберінде жазаланатын болды.
Соның әсерінен мұнда мүлдем балалар үйі жоқ. Баласын тастап кеткен ата-ананы көру- НЛО көргенмен тең. Отбасында бала белгілі бір деңгейде зардап шегетін болса, әлеуметтік қызметкерлер оны алып кетуге толық құқылы. Әрине, көп жағдайда баланың да өз қалауы ескеріледі.
Швеция BRIS атты балаларды қорғау жөніндегі коммерциялық емес ұйымға кіреді. Оқушылар әрбір мектеп қабырғасында орнатылған телефон арқылы 116 111 нөміріне өзін мазалаған сұраққа жауап алу үшін хабарласа алады. Ең көп талқыланатын мәселелер – ата-анамен қарым-қатынас, достық, махаббат.
Шведтерде 18 жасқа дейінгі балалардың 75%-ын ата-анасы, 18%-ын жалғыз басты ана/әке, 5%-ын асырап алушылар тәрбиелейді екен. Алайда елде ажырасу деңгейі 44%-ды құрайды.
Ата-ана балаға күтім жасау үшін 480 күн көлемінде еңбек демалысын ала алады. Олардың әрбірі 3 айға дейін баласының жанында болуға міндетті. Ең қызығы, тағайындалған еңбек демалысын бала 8 жасқа толамын дегенше қолдануға болады. Мысалы, отбасылық жағдайы келмей жатса, 1 апта немесе 3 сағат. Қоғам пікірінше, үйдегі баланың көңілі тоқ болған жағдайда ғана, қызметкердің ісі өнімді болады.
Швеция қалаларында балалар арбасымен қоғамдық көлікке мінген ата-ана жол ақысын төлемейді. Бұл жеңілдік төлем жасайтын уақытта бала қараусыз қалмас үшін енгізілген;
Нәресте күтіп жүрген жұбайлар тегін босануға дайындық курстарына қатыса алады;
16 жасқа дейін әрбір балаға ай сайын 1.250 швед кроны (62300 тг) беріледі;
Орта мектеп, жоғарғы оқу орындары, 20 жасқа дейін барлық медициналық қызметтер- тегін;
“Баланың таңдауы таусылған ба? Оны болжап білу мүмкін емес. Егер, балаға дауыс көтерсек, ол өз ойын өзгерте ме екен? Жоқ. Әлде бүгін ұрсу арқылы, ертең одан қайырымды, мейірімді адам көргіңіз келе ме? Ол да бола қоймас”, - деді швед адвокаты Маделейна Каарик бір сұхбаты барысында.
“10 миллион халқы бар мемлекетте біз бір де бір жанды назардан тыс қалдырмауымыз тиіс. Мемлекеттің дамуы үшін сол 10 миллион азаматтың қауіпсіздігі маңызды: ері де, әйелі де, қызы да, ұлы да, сәбиі де. Фундамент адамда сәби кезінен қалыптасса, экономиканың болашағына алаңдамаймыз”, - деген Швеция әлеуметтік даму және денсаулық сақтау министрлігінің статс хатшысы Пернилла Баралт.
Ақбота Нысанбаева