Bugin

Жасы 65-тен асқандар мен балалардың денсаулығы тегін тексеріледі

Ауру белгісі бойынша қарт адамдарға күндізгі стационарда, үй стационарында ем тағайындалады.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен COVID-19 екінші толқынына дайындық аясында қалада балалар мен қарт адамдарға тегін профилактикалық тексеру жүргізілуде, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы.

Бұл туралы №19 қалалық емхананың бас дәрігері Кәмшат Айтқазина онлайн брифинг барысында айтты. Кәмшат Айтқазинаның айтуынша, қалада халықтың әлеуметтік жағынан ең әлсіз топтарын тексерумен қамту туралы шешімі қабылданған. Бірінші кезекте, бұл көптеген созылмалы ауруы бар жасы үлкен адамдар тобы (65 және одан жоғары жастағы) және 16 жасқа дейінгі балалар қамтылады. Түрксіб ауданында 7 медициналық ұйым жұмылдырылған, онда 242 081 адамға қызмет көрсетіледі, оның ішінде 16 жасқа дейінгі 66 460 бала болса , 65 жастан асқан 20 918 адам бар. Диспансер есебіндегі топта 15 543 ересек және 12 712 бала бар.

«Медициналық ұйымдармен бірінші кезекте нысаналы топтар құрылып, мультидисциплинарлы команда құрамы бекітіліп, арнайы үйге шақырту бойынша бару кестесі жасалды», - деді бас дәрігер.

Осылайша, 12 760 баланы және 65 жастан асқан 11 700 адамды тексеру жоспарланған. Оның ішінде көпбалалы отбасылардан - 608 бала. Жалғыз басты ана тәрбиесіндегі - 104 бала. Мүмкіндігі шектеулі - 415 бала бар.

«65 жастан асқан адамдарды тексеру үшін жалпы тәжірибелік дәрігер медбикесімен, невропатолог, кардиолог, отоларинголог мамандар, балалар үшін педиатр дәрігер, невропатолог, окулист, отоларинголог, балалар хирургі бар бригадалар құрылды. Патология анықталған жағдайда, пациенттер есепке алынып, денсаулығында анықталған кемшілікке байланысты, ем тағайындалады», - деді Кәмшат Айтқазина.

Наурыз айынан тамызға дейін карантин шектеуі енгізілгенін ескере отырып, көптеген науқастар мерзімді диспансерлік тексеруден уақытылы өте алмады, сол себепті бір жағынан толықтай тексеру жүргізу, яғни, флюрография, іш қуысы органдарын және бүйректі ультрадыбыстық тексеру, жалпы қан талдауы, жалпы зәр талдауы, қанның биохимиялық талдауы, артерия қысымы мен көз қысымын өлшеу жүргізу жоспарланған.

«Ауру белгісі бойынша қарт адамдарға күндізгі стационарда, үй стационарында ем тағайындалады, сонымен бірге, тегін дәрі жеткізіледі», - деп атап өтті К. Айтқазина.

Нысаналы топ пен қауіпті топтағылар COVID-19 жұқтыруға әлдеқайда бейім екенін ескере отырып, мультидисциплинарлық топтар ақпараттық жұмысқа ерекше назар аударуда. Бұдан басқа, халықты коронавирус инфекциясының жеке және қоғамдық алдын алу шаралары туралы ақпараттандыру емханалардың сайтында, әлеуметтік желіде және қоғамдық орында ақпарат, бейнеролик орналастыру арқылы жүргізіледі.