Әлеумет
Адалдық жүрген жерде, адамдық жүреді
Қазіргі ахуал ауыр. Негативке толы ақпараттар санамызды улап жатқандай.
Ашуланасың, ренжисің, шарасыз күй кешесің. Кінәліні іздейсің. Керек емес арнаға энергия жұмсайсың.
Бүгін өзім осы күйді кештім. Базардағы сатушылардың халықтың ақшасын жеп жатқандығына налыдым. Саудагердің көпшілігі таразыдан жеу арқылы құнығып, пайда табуды әдетке айналдырғаны жасырын емес қой әрине. Бірақ бүгінгі жағдай неге екенін білмеймін, көңіліме тиді.
Жәшігі 6-7 мың тұратын таңқурайды 10-11 мыңға сатып жатыр. Бірінші сатушыға барып, адал және нақты өлшеп беріңіз десем, "қызым одан да алмай-ақ қой" деп бетімді қайтарды. Екіншісі "дұрыс өлшедім" деп уәде етті. Бірақ басқа таразыға барып тексерсем 2 келі (300-500тг емес, 3000тг артық алыпты) кем беріпті, артық алғандығын айтып едім, бұлданып бәрін қайтарып берді. Үшіншісіне өтінген соң әйтеуір адал өлшеп бергендей болды. Жеткенше соны ойлап келдім. Үйге келген соң өлшеп қарасам, жарты кг кем болыпты. Ех... дедім де қойдым.
Білемін, тіпті, кейбірі үшін мұндай әрекет үйреншікті жағдайға айналып үлгерген. Қазағымды алдайтын да өз қазағым. Сол үшін налыған сияқтымын. Алушыны алдағанымен, бүкіл әлемнің Жаратушысын алдау мүмкін емесі ақиқат қой.
"Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос" деген атамыз. Осыдан соң қалай қазаққа сеңесің? Қалай дос деп қарайсың? Кім кінәлі? Бірауыздан үкімет кінәлі дейміз. Жұмыс жоқ, болған күннің өзінде "жалақысы аз" дейміз. Жемкорлық жайлады деп тағы сансоғамыз. Параны беретін де, алатын да өзіміз. Әсем табиғатты, көрікті жерлерімізді ластайдын да біздің қолдар.
Қалай ел боламыз? Болашағымыз қандай болмақ? Мына масылдықты, адамгершілікті соңғы орынға қойғандықты, тек үкіметтен көмек сұрап, табиғаттан ала берсем екен, жұта берсем екен деген тұтынушылық сананы қалай жоямыз? Сан сауал, жауап аз.