Bugin
Данияр Бабашов – Қазақстандағы керамика өнерінің дамуына үлес қосып жүрген суретші.
Елде аталмыш өнердің кенжелеп тұрғанына өкінішін білдірді. Алайда шеберлерді қолдау орталығын ашып, қазақ керамикасын бүкіл әлемге танытуды мақсат етіп отыр. Керамика өнерінің қыр-сыры жайында шебер Bugin.kz тілшісіне айтып берді.
Өнерге қалай келдім
Керамикамен айналысу бастапқыда ойымда болмаған. Мұндай өнердің түрін тек теледидардан көретінбіз. Жалпы бала кезден сурет салғанды жақсы көрдім. Колледжге тапсырарда елдегі керамика өнері турасында іздене бастадым. Сонда байқағаным, бұл мамандық елімізде кенжелеп қалған екен. Ал қазір таңдауыма өкінбеймін. Себебі мен де ел дамуына өз үлесімді қосып келемін.
Бұл өнерді меңгеру үшін маған төрт жыл жеткіліксіз еді. Кейін Жүргенов атындағы өнер академиясының қыш мамандығына түстім. Екінші курста Мәскеуге барғанда қызығушылығым арта түсті.
Қызығушылығымды арттырған Мәскеу
2018 жылы қыста Мәскеуге тәжірибе алмасуға бардым. Барған күні шеберханамен таныстырды. Оған дейін керамикалық технологияларды тек ғаламтордан көретінмін. Қызыққаным соншалық, жұмысты сол күні бастап кеттім.
Мен барғаннан кейін бір айдан соң байқау өтті. Сол бір айдың ішінде бес жұмыс жасап бітірген болатынмын. Сөйтіп университеттер арасындағы байқаудан бірінші орын алдым. Кейін халықаралық байқауға тағы бір жұмыс дайындадым. 11 мемлекеттің қатысуымен өткен байқаудан да жүлделі оралдым. Ол жұмыс мұражайға қойылды.
Кейін Мәскеудегі мұғалімдерім қайта шақырды. Алдыңғы барғанымда тек керамиканы үйренгенмін, фарформен жасап үлгермеген едім. 2019 жылы екінші рет бардым.
Сол жақта дипломдық жұмысқа дайындықты бастап кеттім. Жұмыстың 50%-ын Мәскеуде, 50%-ын Алматыда жасап, салыстырып көрдім. Не керек, айырмашылық жер мен көктей екен. Онда студенттерді керекті құралдың бәрімен қамтамасыз еткен. Тіпті студенттердің әр елге ыдыс шығаруа мүмкіндігі бар. Ал бізде ондай мүмкіндіктер қарастырылмаған. Бұл – өкінішті жағдай. Болашақта өзім осы істі қолға алғым келеді.
Ал фарформен жасаған туындымды дипломдық жұмыс ретінде қорғадым.
Арт-терапияның пайдасы
Балалардың және ересектердің жүйке жүйесіне пайдасы өте зор. Адамды төзімділікке үйретеді. Қазір, байқасаңыздар, дәрігерлер де балалар үшін керамиканың пайдалы екенін растаған.
Күніне екі сағат айналысса жетіп жатыр. Бір бастаса болғаны, тоқтай алмай қалатынына кепілдік беремін.
Психологтар мен психотерапевттер керамика жасауды, жалпы қолөнермен айналысуды баланың 2-3 жасынан бастаған дұрыс деп есептейді. Әсіресе өзіне сенімсіз, назардан тыс қалған, бойында үрейі бар балаларға ұсынылады.
Біздің шеберхана
Магистратураны Мәскеуде оқуға ұсыныс жасады. Бірақ жат елде өз шеберханамды аша алмайтын едім.
Содан «Қазақ өнер» орталығына келіп, жетекшісі Айгүл Жансеріковамен сөйлестім. Туындыларым ол кісінің көңілінен шығып, маған орталықтан бір бөлме берді.
Мұнда зергерлер, тігін шеберханалары бар. Желтоқсанда Мәскеуден тапсырысым келген соң «сурет салу» үйірмесін ашуды жоспарлап отырмын. Бұл шеберлерді қолдау орталығы болады.
Біздің шеберханада еш жерде жоқ ерекше ыдыстың пішініне тапсырыс беруге болады. Тұтынушының қалағанын жасап бере аламыз.
«Аққан жұлдыз»
Жиырма күнге созылған туындымды осылай атадым. Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» кітабын оқып, Шоқан Уәлиханов пен керамиканы байланыстырып, бір шығармашылық жұмыс шығару керек болды. Уәлихановтың саяхатшы болғаны бәрімізге мәлім. Бұрын саяхатқа түйемен шыққан ғой. Осылайша қыштан түйеде отырған бала Шоқанды жасадым. Бұл ыдысқа шұбат құюға болады. Бір жағынан ыдыс, бір жағынан шығармашылық жұмыс.
«Аққан жұлдыз» шығармасымен шектелсем, керамика кенжелеп қалар еді.
Бұл туындыммен 2017 жылы «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінен үшінші орын алдым.
Әр жұмысыма аса жауапкершілікпен қараймын. Ішінде философиялық ой болса деген мақсатпен жасаймын.
Мысалы, Пикассоның, Винсент ван Гогтың суреттерінде бір құпия жатады. Құпия жатқанмен ол құнды. Бағасы да өспесе, төмендемейді.
«Вазаны кім ұрлады?»
Ең алғашқы тапсырысым өте қызықты әрі өкінішті болды. 2016 жылы Қанағат Мұстафиннің «Ең сұлу?» киносының жарнамасына 10 құмыра жасауым керек болған.
Колледждегі пешке үйреніп қалған мен екі күнде бес ваза жасадым. Төртеуін ойып, кептіріп пешке салдым. Бесіншісін ойып жатып пешке қарасам, іші қып-қызыл болып тұр. Спиральдар көрініп тұр. Іші толған ваза болса, спираль қалай көрінеді деп ойладым. Пешті ашсам әлгі төрт вазам смала сияқты қайнап жатыр.
Режиссер хабарласып, ертең бір вазаны бітіріп беруімді сұрады. Оны да колледждегі пешке апарамын деп асығып жүріп қолымнан түсіріп алған едім.
Режиссер хабарласқаннан кейін ұйықтамай қайта екі ваза жасадым. Әйтеуір жарнама түсірілімі сәтті өтті. Қалған тоғыз вазаны бір жарым аптада бітіріп бердім. Бұл жолы қателік жасамауға тырыстым.
Жаңағы пешке қайнаған вазаны көрмем үшін сақтап қойған едім. Ең алғашқы сәтсіз аяқталған естелік болар еді. Кейін демалысқа шыққанда шеберхана тазалаушылар қоқысқа тастай салыпты.
Әдемі жұмыс емес, бір қайнаған тас сияқты. Сондықтан қоқыс деп ойлаған болар. Ал мен үшін ол алғашқы тапсырыс еді. Ешбір жұмыс бірден нәтиже бермейді. Оған талмай еңбек ету керек.
Сұхбаттасқан: Динара Орынбекқызы