МӘДЕНИЕТ

Газет пе әлде интернет пе?

Қай уақытта да адамзат баласы жаңалыққа, жаңаға құмар, ізденгіш болып келеді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Уақыт пен заман талаптарына байланысты әр адам іздегенін әртүрлі нәрседен табады.

Біреулер ғаламдағы өзгерістер мен жаңалықтарды, керекті ақпараттарды ғаламтор арқылы білуді тиімді санаса, өзгелері газеттер мен журналдардағы ақпараттарды нақтырақ, әрі ыңғайлырақ дейді. 

Жалпы, телефонның дами қоймаған уақытында жас та, кәрі де барлық ақпаратты газеттен білетін болған. Газетті сол заманның “Ғаламторы” десек те артық емес. Ал біртіндеп телефон дамып, ғаламтор пайда бола бастаған мезетте газет сатып алушылардың саны азая бастады. Себебі адамдар ақпарат алудың қызықты, оңайырақ тәсілімен таныса бастады. 

  Сіздерге екі ақпарат көзінің артықшылықтары мен кемшіліктерін атап өтсем деймін. 

   Газеттің артықшылығы:

  • Көз жанарыңызға артық зиянын тигізбейді. Газет қарапайым қағаздан дайындалатындықтан денсаулыққа еш әсер етпейді.
  • Теледидар мен ғаламторда айтылуға тыйым салынған маңызды жаңалықтарды газеттерден оқып, білуге болады. Себебі, теледидар, радио сынды ақпарат көздерінде көп нәрсе айтылмай тыста қалады. Ал газет бетіне мұндай тыйымдар жиі салына бермейді.
  • Газетті кез келген уақытта, кез келген орында оқуға болады және бұл сізге ыңғайсыздық тудырмайды. Оған желі ұстайтын жер іздеп, қуаттаудың қажеті жоқ;
  • Газеттердегі ұнатқан немесе маңызды бөліктерді кесіп сақтап қоюға және керекті ақпаратты белгілеп қоюға болады.

Газеттің кемшіл тұстары:

  • Жарнамалар шектен тыс көп. Көптеген газеттердің 1-2 беттерін бір мазмұндағы жарнамалар алып жатады. Ал кейбір газеттерде мұндай жарнамаларға екі беттен де артық орын берілетінін байқаймыз. Ал бұл оқырманда жағымсыз әсер қалыптастырып жатады. Жаңалық оқуға алынған газетте жарнамалар саны жаңалықтан да көп болғаны ешкімге ұнамайды ғой.
  • Қазіргі таңда газеттердің сатып алынуының төмен екендігі айқын. Сол себепті, олардың таралым саны да өте аз. Таралым саны осылай азая берсе, газеттің бірте-бірте жойылып кетуі де ғажап емес.

Ғаламтордың артықшылығы:

  • Әлеуметтік желі арқылы кез келген адамға миллиондаған хабарламалар жіберіп, байланысу мүмкіндігі зор. Көпшіліктің «Ғаламтор алысты жақындатады» дейтіні де содан.
  • Ақпарат алудың тиімді әрі оңай жолы. Енді ғаламтордың арқасында семинарларға дайындалу, рефераттар жазу оңайға соғады. Өйткені, ғаламторда миллиард кітапқа сиятын ақпараттар оңай табыла кетеді.
  • Ғаламтормен бос уақытты пайдалы етіп өткізуге болады. Дәл осы себептен де, ғаламтор пайдаланушылардың басым бөлігі – жастар мен жасөспірімдер.

Ғаламтордың кемшіліктері:

  • Қатаң бақылаудың болмауы бейресми әрі жалған ақпараттардың күн сайын артуына алып келеді. Сондай ақпарат таратушылар жалған ақпаратқа сеніп қалатын адамдардың да көп екенін біледі.
  • Әлеуметтік желіні қарапайым адамдармен қоса қара ниетті адамдар: бұзақылар, алаяқтар және т.б адамдар еркін қолданып жүр. Сол арқылы өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асырып келеді. 
  • Дәл сондай еркіндік ғаламтордағы религиялық секталар сайтының, экстремисттік ұйымдар мен суицидпен аяқталатын «Ойындардың» артуына мүмкіндік береді. Әсерінен жасөспірім жеткіншектер алдап-арбаушылардың құрығына оп-оңай түсіп қалады. Осындай сайттар мен ұйымдардың кесірінен өзгелерді, тіпті өзін де өлтірушілер саны өсіп келе жатыр.
  • Пікір білдірудегі еркіндіктің кесірінен ғаламтор пайдаланушыларының ішінде лас әрі ала-құла сөйлеушілердің саны көбейді. Мұндай әрекеттердің көптігі соншалық, балалар мен жеткіншектер мұны қарапайым жағдай ретінде көріп, өздері де солай сөйлеуге бейімделген.
  • Онлайн ойындар мен әлеуметтік желілер ғаламтор пайдаланушыларының басым бөлігін интернет тәуелділікке әкеліп соқтырады. Бұл – барша адамзаттың ең басты мәселелерінің бірі. 

Байқағанымыздай, ғаламтордың пайдасынан кемшілігі екі есе артық. Ал газеттің кемшіліктері саусақпен санарлық қана. Осыдан ненің тиімді, ненің зиянды екенін анық байқауға болады. Сол себепті, газет оқуға арнайы уақыт бөлгенді жөн санаймын. Ал сіз екі ақпарат көзінен қайсысын таңдар едіңіз?