Әлеумет
Рэнди Цукерберг — сіз танитын «Facebook» желісінің негізін қалаушы Марк Цукербергтің әпкесі. Ол адамдарға «JOMO» деп аталатын қағиданы өмірде қолдануға кеңес береді.
Әсем табиғатты тамашалап серуендеп, демалып жүрсіз. Кенет тоқтап қолыңызға телефон алып, видеоға түсіресіз. Кейін жақсылап демалып, серуендеп жүргеніңізді әлеуметтік желіге бөліскіңіз келіп, сторизге жариялайсыз. Таныс жайт па? Дәл осы сәтте сіз өзіңізді көргендей күліп отырсыз немесе «онда тұрған не бар?» деп таңырқадыңыз. Атақты Рэнди Цукерберг бұл әдетті «FOMO» (Fear of missing out) «бір нәрседен құр қалу қорқынышы» деп атаған.
Иә, Рэнди Цукерберг — сіз танитын «Facebook» желісінің негізін қалаушы Марк Цукербергтің әпкесі. Ол адамдарға «JOMO» деп аталатын қағиданы өмірде қолдануға кеңес береді. «JOMO» дегенміз ағылшын тілінен аударғанда «құр қалған мүмкіндіктен рахат алу» деген мағынаны білдіреді. Яғни «мен үшін ең маңыздысы қазіргі сәт» деген ұстаныммен өмір сүреді. «JOMO» қағидасының негізгі мақсаты мидағы артық тәуелділіктен арылу. Дегенмен бұл қағида барлығынан бас тартуды талап етпейтінін ескерген жөн.
Мысалы еш себепсіз әлеуметтік желіні қолданатын кезіңіз бола ма? Сізге хабарлама келмесе де «Whatsapp» желісін тексересіз немесе «Instagram» желісіндегі сізге қажеті жоқ видеоларды қарап отырып, уақытыңыздың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қаласыз. Мұның бәрі виртуалды тәуелділік деп аталады. Сіз кез келген әлеуметтік желіні қолданар алдында өзіңізге сұрақ қоя білуіңіз керек. Сұрағыңызға дұрыс жауап бергеннен кейін ғана мидағы тәуелділікті реттей аласыз.
«FOMO»-ға қарағанда «JOMO» сізді алға жетелеп, қуанышқа бөлейді. Себебі сіз бос уақытыңызды тиімді пайдалана аласыз және өзіңізге не керек екенін нақты сезінесіз. «JOMO» қағидасын өміріңізге енгізу үшін күніңіздің белгілі бір уақытында әлеуметтік желіден бас тартуды әдетке айналдырыңыз. Ал шұғыл, маңызды мәселе болған кезде жақындарыңыз немесе әріптестеріңіз сізге қоңырау шалатынын ескеріңіз.