Bugin
Осыдан 26 жыл бұрын ата-анам мені балалар үйінен асырап алған. Ес білгелі таяқтың астында қалған мен, әлі күнге дейін әкемнен қорқып келемін.
Оқиғасын осылай бастаған Аружанның тағдыры мені елең етті.
Қазіргі уақытта Аружан Шымкент қаласы «Көмек» дағдарыс орталығын паналауда. Бұл орталықта білікті мамандардан ем-дом шараларын алуда. Аталмыш мекемеге жергілікті полиция қызметкерлерінің көмегі арқылы келген. Ондағы басты себеп өгей әкесінен қорлық көрген.
Аружанның айтуынша, 2016 жылы асырап алған анасы бақилық болған. Содан бері әкесі ішкілікке салынып, Аружанға зорлық-зомбылық көрсетіп келген. Бақандай төрт жыл бойы тұрмыстық зардап шеккен ол, үзілді-кесілді әкемді кешірмеймін дейді. Тіпті әкесі сексуалды әрекеттерге де мәжбүрлеген. Абырой болғанда сытылып шыққан ол, бірінші кезекте көршілерінен араша болуын өтінген.
Қаншама жылдар бойы әкесінен соққы алып келген Аружаның қазіргі жағдайы мәз емес. Дағдарыс орталығының қызметкерінің айтуынша, оның бойында психикалық ауытқу пайда болған." Ендігі біздің басты мақсатымыз Аружанның бетін қақпай, керісінше қоғаммен қайта байланыстыру" дейді.
Елімізде Аружан секілді тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған қаншама қаракөзіміз көмек сұрауда. Ресми деректерге сүйенсек, биыл алғашқы 8 айда 130 мыңнан аса отбасындағы зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Дегенмен кінәлілердің тек 2500-і ғана әкімшілік жазаға тартылған.
«Көмек» дағдарыс орталығы қызметкерінің айтуы бойынша, пандемия әсіресе төтенше жағдай кезінде көмек сұрап келуші қыз-келіншектердің саны 20%-ға артқан. Аталмыш мекеме бірнеше ұйымдармен бірлесіп, қиын жағдайға тап болған жандарға қол ұшын созуда. Қазіргі уақытта Аружанның өгей әкеснің үстінен қылмыстық іс қозғалуда. Сот процесі әлі аяқталған жоқ.
Ескерту! Басты кейіпкеріміздің өтініші бойынша есімі өзгертілген.