Авторлық ертегі

Қателік һәм орны толмас өкініш

Адам өмірінде түрлі жағдайлар орын алады. Құлайды, тұрады, қателеседі, үйренеді. Кейде түзеуге келмейтін қателіктер болатыны хақ. Ол өкінішке әкеледі.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жаздың сондай бір ыстық күндері. Мен халықты күзететін болғансоң үйге бір келіп, шұғыл жұмыс шықса кетіп жүретін адам едім. Бұл күндер қаршадай қыздар Арай мен Жанардың осы дүниедегі соңғы күндері болатын. Кейде әлі күрсініп, тырнағымды тістеймін. Не болды, не оқиға дейсіз бе? Онда әрмен қарай оқыңыз. 

Жаздың бір қапырық түнінде алаңсыз ұйықтап жатқанмын. Кенет телефоныма қоңырау шалынды, көтеріп едім:

-Әреке, шұғыл жұмыс, тездеп мына әдріске келіңіз,- деді. Қыздарымды бір тексердім де қимай үйден шықтым.

Апат болған жерге барсам қаршадай екі қызды көлік қаққан екен. Ойыма қыздарымның зу ете қалғанын қарасаңызшы. 

Әкесі әскери қызметкер, анасы мұғалім, сондай тату тәтті отбасының екі бірдей қызы бар екен. Кешкісін сол бойжеткендер аналарынан көңіл көтеруге сұранған. Анасы бір жамандықты сезгендей рұқсат бермеген-ді. Жас қыздар анасының сөзіне құлақ аспай, бәрі ұйқыға кеткен соң төсектеріне жастық қойып, терезеден шығып, көңіл-көтеруге демде жеткен. Сөйтіп асықпай түнгі 3-4 шамасында үйлері естеріне түскен болуы керек, қайтуды жөн көрді.

Көшеде адам жоқ, көлік те сирек. Апалы-сіңілі екеу жолдан өтейік деп шешкені сол еді, аяқ-асты көлік шыға келді де қыздарды таптап өтті. Асфальт қып-қызыл қанға боялды. Екеуі де оқиға орнында көз жұмды, аман қалулары мүмкін емес те еді.

Ата-анасын іздеп мекен жайын әрең таптық.. Суық хабарды естірту үшін есікті қаға бастадым. Ар жағынан "Бұл кім ей?!" деген үлкен кісінің даусы шықты. Мені үйі жоқ адам деп ойлаған болар, сірә. 

- Бұл гаи қызметкері, - деп жөнімді баяндадым. Есік ашылды, аяқ-қолы балғадай ірі денелі ер кісі мен басына орамал таққан әйел кісі көрінді. Даусым дірілдеп, ақыры суық хабарды жеткізбек болдым. Алдымен: "қыздарыңыз бар ме еді?" -деп сұрадым. 
- Иә, ұықтап жатыр, не мақсат?, - деді әкесі. 
- Бөлмелерін көрсетіңізші?! Тексеруім қажет, - дедім сабырлы үнмен. 

Әкесі бөлме есігін ашты. Қатарынан екі төсек тұр, адам жатқандай жабулы. Төсектің қасына кеп көрпені ашып қап ем, әкесі мен анасы аң-таң , түсініксіз күйде қалды. Анасы маған "қыздарыма бір нәрсе болды демеңізші" дегендей жас толған көзбен қарады. Мен басымды идім. Ана көзіндегі жас әлі көз алдымда. Анасының, "аман алып қалыңызшы", "ешнәрсе болмады деңізші" деген дауыс кейде әлі құлағыма келеді.

Қаршадай екі қыздан бір мезетте ақ айрылға ата-ана енді қыздарының тек көлеңкесін ғана елестететін болды.

Іс бітіп үйге таңертең жеттім де, Алланың берген бес қызын кезек-кезек құшақтап отырдым. Осы оқиғадан кейін қыздарымды түнгі уақытта ешқайда жібермек түгілі сұрануға да рұқсат бермейтін болдым. Міне, осы берген тәрбиемнің арқасында қазір бесеуі де дін аман, бір-бір үйдің ошақтарын түтетіп отыр, тек кенже қызым әлі өз қолымда.