МӘДЕНИЕТ

Қарақат Башанова: "Димаш Құдайбергенмен дуэт орындағым келеді"

Балаларға арналған Евровидение-2020 байқауының жеңімпазы Қарақат Башановамен сұхбат

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматы облысы, Рысқұлов ауылының тумасы Қарақат Башанова Junior Eurovision – 2020 сайысында 2-орын иеленгенін жазған едік.

Қарақат Алмас және оның әні үш ауыз сөзбен айтқанда...

Қарақат – қарапайым, сабырлы, ақылды. Әнім – ғажап, ерекше, тарихи. 

Финалға шығатыныңызды сездіңіз бе?

Сездім. Себебі артымда мені қолдайтын Қазақ елі барын білдім. Мен жақсылыққа, ғажайыпқа сенемін. Оның үстіне, бұл – ән байқауы, ал ән мықты композитор Хамит Шанғалиевтікі.

Жетістікке жетуіңіз ненің, кімнің арқасы?

Апам ылғи тәубе, Алла деп отыратын. Бәрі Алланың қолында екеніне сенемін. Әкемнің арқасында музыканы, музыка әлемін жақсы көремін. Сол кісінің арқасында ең мықты Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебінде оқимын. Атам да кезінде баян ойнаған. Музыкалық қабілетім әкем жақтан дарыған екен.

Сахнаға шығар алдында қобалжу сезімін қалай жеңесіз?

Әнімнен басқа ештеңені ойламаймын. Өткен жолы Роза Рымбаевамен кездескен кезде ол кісі де "Сахнаға шығар алдында тек музыканы ойлау керек, надо жить в музыке" деген еді. 

Ән айтудан басқа қандай хоббиіңІз бар?

Сурет салуды, билеуді және өзімнің күнделігімді безендіргенді жақсы көремін. Жеке күнделігіме жаттаған өлеңдерімді, ұнатқан нақыл сөздерімді жазып, жанына наклейка жабыстырамын. Бір күнде болған қызық оқиғаны жазамын. Істейтін жұмысымды тізіп, график жасап, фломастермен бояймын. Біраз уақыт алады, бірақ бұл жұмыс маған ұнайды.

Сабақ пен вокалды қалай бірге алып жүресіз?

Сабақ түскі сағат 14:00-ден кешке дейін болады. Таңертеңнен түске дейін уақытымды вокал, скрипка, фортепианоға арнаймын. Бәріне үлгеремін, себебі қазір онлайн, барлығын бір жерде істеймін.

Кітап оқисыз ба?

Гарри Поттер кітабын жақсы көремін. Әпкем сатып алып берген барлық кітапты оқи беремін. Қазір Антуан де Сент Экзюперидің "Маленький принц" кітабы кезекте тұр. Бірақ көбіне поэзия оқығанды жақсы көремін. Сүйікті ақыным – Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырза Әли. Шекспирдің соннеттерін, Маршактың аудармаларын арнайы іздеп, жаттап жүремін.

Досыңыз көп пе? Сіздің атақты болғаныңызға олардың көзқарасы қандай?

Иә, досым көп. Олар әрқашан мені қолдап, маған сенетінін айтады.

Өнердегі және өмірдегі үлгі тұтатын тұлғаңыз кім?

Өнерде – Димаш Құдайберген: ол кісінің шығармашылығы, музыкаға деген махаббаты, көзқарасы, адамгершілігі және тек қазақша сөйлейтіні, қарапайымдығы ұнайды. Мен ол кісінің байқауына қатысқан болатынмын, бәріміз Димаш ағаймен кездескенбіз. Бірақ арнайы сенімен кездескенде мүлдем басқаша сезімде болады екенсің. Отбасы да өте керемет жандар. Осы байқауда мені өте жақсы қолдады. Қарындасы Раушан да өте мейірімді. Бұл жоба болмаса, мен Димаш ағаймен көріспес едім. Сондықтан, осындай жоба ұйымдастырған Хабар телеарнасы мен Динара Адамға зор алғысымды жеткізсеңіздер екен. Өмірдегі үлгі тұтатын тұлғам – әпкелерім. 

Кіммен бірге дуэт айтқыңыз келеді?

Димаш Құдайбергенмен дуэт айтқым келеді. Ол кісі келіссе, сондай қуанар едім. Әдемі дуэт шығар еді, тембрі өте әдемі. "Сенің әнің мені сондай тебірентті, менің ғана емес, басқалардың да жүрегінің төрінен орын табатынына сенімдімін" дегенін естіп қатты қуандым.

Өнер жолы ауыр деп, ол бағытқа баруға баласына рұқсат бермейтін ата-анаға не айтасыз?

Менің ойымша, әр бала өзінің қалаған ісімен айналысуы керек. Егер өзіне ұнамайтын мамандықты таңдаса, онда ол жолда жақсы нәтижеге жете алмайды.

Ал, керісінше, баласына ұнамаса да, өзі әнші боламын деп, орындалмай қалған арманына баласын пайдаланатын ата-анаға не дейсіз?

Негізі менің әнші болуымды өзімнен бұрын ата-анам армандаған. Кейін өзім де музыканы жанымдай жақсы көріп кеттім.

Алдағы жоспарыңыз, мақсатыңыз қандай?

Алда Жаңа жыл мерекесіне орай жасайтын түсірілімдер бар, мен музыкамен ғана айналысамын. Бірақ, сабақты да ұмытпаған жөн. Ең бірінші сабақтарымды реттеймін.

Сұхбаттасқан: Әсел Асанова