Білім және ғылым
Мұны білмесең, өмір сүрмепсің.
1. Жеңісің үшін де, жеңілісің үшін де өзің жауаптысың.
Ешқашан, ешқашан шағымданба.
Менің тұлға боп қалыптасуымда анам берген тәрбиенің рөлі зор болды. Бала кезімде төбелесіп, таяқ жеп, шағымданып, көшеден жылап келгенімде, анам менің сөзімді сөйлемейтін, мен үшін барып есемді қайтармайтын. Керісінше, "бар, өзің шеш" дейтін. Бірнәрсе істей алмай, жылай бастасам, "өзің істе, өзің үйрен" дейтін.
Кейін түсіндім, ұл баланы тәрбиелегенде осындай "қаталдық" таныту керек екен. Себебі, ер адамның псиxологиясы дұрыс жетілуі үшін ол белгілі бір деңгейде қиындықпен күресіп, түрлі проблемаларды шешіп, жауапкершілік жүгін арқалап үйренуі керек. Содан бері жеңілсем немесе белгілі бір жетістікке жете алмасам, оған тек өзімді жауапты сезінетін болдым. Бір мысал есіме түсіп отыр. Қазір еске алсам, күлкім келеді. ҰБТ-да "Алтын белгі" алуыма 1-ақ балл жетпеген еді. Шешуші сұрақ күмәнді болды. Бірақ оған бола күйінбедім, ешкімді кінәламадым. Себебі, одан да жақсырақ дайындалуым керек еді дедім. Кінәні басқа біреуге арту - өмірің үшін жауапкершілікті соған беріп қою деген сөз. Бізде өзінің жолы болмағанын мемлекеттен, мектебінен, белгілі бір адамдардан көретіндер, сол үшін шағымданатындар көп. Ол дұрыс емес дер едім. Өз өмірің үшін өзің жауаптысың.
2. Әр жаңа істің ең қиын жері - басы. Сол кезде сабыр сақтай білсең, ар жағы жеңіл болады.
Жаңа іске кірісерде немесе жаңа орынға ауысқанда белгілі бір қорқыныштың, дискомфорттың болатыны рас. "Қолымнан келе ме, жоқ па?", "Мүмкін бұнымен айналыспағаным дұрыс шығар?"
дегендей ойлар кері тарта бастайды. Сол іске кірісіп кеткен күнде де жаңа жағдайларға үйрену үшін кішкене сабыр керек. Қиналуыңыз мүмкін. Бірақ ол уақытша. Сол сыннан өтсеңіз, ар жағы оңай болады.
Университетке түскен жылы оқудан қиналдым. Үлгермедім. Ұйқым азайды. Түсінбеген материалды бірнеше рет оқыдым. "Мүмкін басқа нәрсемен айналысармын?" деген ойлар қылаң берді. Осы режимде біраз жүрдім. Бірақ кейін мойнымнан бір ауыр жүк түскендей болды.
Материалдар оңай меңгеріліп, оқу қызық әрі оңай бола бастады. Оқу үлгерімім өте жақсы болды дей алам.
Жұмысқа тұрғанда да көп қолайсыздықтарға тап болдым.
Тәжірибенің жоқтығынан шығар, үйреніп кету оңайға соқпады. Бұрын істемеген істерді жасауға тура келді. Шыны керек, оған аса қуанбадым. Ол кезде де "Мүмкін жұмыс орнымды ауыстырармын?"
деп ойлай бастадым. Бірақ сабыр сақтап, жұмысымды жалғастыра бердім. Кейін ол жұмысым өзіме ұнай бастады. Жетістіктер де пайда болды. Ісімнің нәтижесін көріп, қуандым.
Бұл енді есіме түскен өмірімдегі қарапайым мысалдар. "Сабыр -алғашқы соққы тигенде" деп Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ айтқандай, әр істің бастапқы кезі қиын болуы мүмкін, оған бола еңсеңізді түсірмеңіз, сәл сабыр сақтап, алға жүруіңізді тоқтатпасаңыз, ар жағы оңай боп кетеді.
3. Адамдар сенің жаныңда өзін (1) маңызды және (2) қауіпсіз сезінсін. Сонда олардың жүрегіне жол табасың.
Әр адамның негізгі 2 эмоционалдық қажеттілігі болады: (1) әр адам өзгелердің оны бағалағанын, маңызды тұлға санағанын қалайды; (2) әркім өз ары мен намысын ешкімге таптатқысы, ұятқа қалғысы келмейді, яғни өзін қауіпсіз сезінгісі келеді. Бір ойшылдың сөзі бар еді: "Адамгершіліктің шыңы - біреуді ұятқа қалудан құтқару" деген.
Біреу сені сынап-мінейтінін немесе келеке ететінін білсең, ондай адамның жанында болғың келмейді ғой.
Адамдағы осы негізгі 2 эмоционалдық қажеттілікті өтеу үшін "3 алтын ережені" сақтасаң, жеткілікті. Олар:
(1) адамның ісін, талпынысын бағалайтыныңды білдіру, орайы келсе, алғыс айту.
Болмашы істің өзіне "рақмет" айтуды әдетке айналдырсаң, ол өзгелерге кәдімгідей әсер етеді. Келесі жолы саған одан да үлкен құлшыныспен көмектескісі кеп тұрады. Нақты қандай ісі үшін алғыс білдіріп жатқаныңды айтсаң, эффект одан да мықты болады.
(2) сыпайылық таныту.
Сыпайылықтың "өзге адам үшін кішігірім қолайсыздықтарға көну" деген анықтамасы бар еді. Мәселен, есікті ашу, кезекте сәл ығысып тұру, тб. Сыпайылық таныта білсең, көп келеңсіздіктің алдын алуға болады әрі адамдарға жылулық сезімін сыйлайсың.
(3) құрметтеу.
Өзгені құрметтеудің бір көрінісі: ол сөйлеп жатқанда, сөзін бөлмей, телефонды шұқылап кетпей, жүзіне қарап, мұқият тыңдау. Аса қиын іс емес. Бірақ көп адамның бұған шыдамы жетпей ме, әйтеуір, бұл ереже көп жағдайда бұзылып жатады. Негізі өзгелер іштей "Мынау қашан әңгімесін бітіреді екен?" деп ойлай бастағанша, сөзіңді тәмамдап үлгеру керек.
Адамдарды бағалап, сыпайылық танытып және құрметтесең, олар өзін маңызды әрі қауіпсіз сезінеді. Сәйкесінше, арада жақсы байланыс, достық атмосфера орнайды.
4. Шүкірлік қылсаң, Алла арттырып береді.
Күпірлік қылсаң, одан да жаманын көресің.
Шүкірлік қылу - барды байлау, жоқты қармау. Шүкірлік қылу жай ғана "шүкір" деп қана қоймай, жан-тәніңмен сол нығметтерді Берушіге алғысыңды білдіру деген сөз. Өмірде байқағаным: қолда бар мүмкіндіктерге, жалпы өміріңе риза болсаң, алдыңнан одан да үлкен сыйлықтар шығады, ал разы болмасаң, жағдай одан сайын күрделене түседі екен. Аллаға алғысыңды жаудырсаң, Ол "сен әлі нағыз кереметтің не екенін білмейсің, мінекей көр" деп нығметтерін одан сайын арттырып беретіндей. Керісінше, наразылық танытсаң, Ол "сен нағыз проблеманың не екенін білмейсің, мінекей көр" деп одан да үлкен қиындықтарды жіберетіндей.
Өзімді шүкірлікке үйрету үшін бір кезде "шүкірлік күнделігін" жүргізген едім. Күн сайын нақты не үшін шүкірлік ететінімді жазып отырдым. Күніге 10 шүкірліктен жаздым, қайталамауға тырыстым.
Бастапқы кезде "осы мен нақты не үшін шүкірлік етем?" деп, күнделігімді толтыруда қиналғаным рас. Біз "шүкір, шүкір" деп айтқанмен, көп нығметтерді байқай бермейді екенбіз. Адам нақты не үшін алғыс білдіретінін білсе, ерекше сезімге бөленеді екен. Сөйтіп күннен-күнге шүкірлік ететін нәрселер оңай табыла бастады, айналамдағы бұрын байқамаған кереметтерді көре бастадым. Бұл күнделікті 6 айдай жүргіздім, 1800-дей шүкірлік жазып тастаппын.
Пайдасы көп болды бұл жаттығудың. Ми құрылымы да өзгереді ғой дейм. Өмірді түрлі-түсті бояуларда көре бастадым. Шын шүкірліктің дәмін сезгендей болдым. Достарым үшін шүкірлік еттім:
айналамдағы ізгі жандардың қатары артты, білімім үшін шүкірлік еттім: таным көкжиегім кеңейе түсті, денсаулығым үшін шүкірлік еттім: аурудың не екенін ұмыттым, айта берсе мысалдар көп.
Психологтардың, "қорқыныш пен уайымды шүкіршілдік кетіреді" деген сөзі рас екен. Яғни, шүкіршілік етсең, сенімділігің арта түседі, қиындықтың өзін өсу мүмкіндігі ретінде көресің. Қысқасы, өмірің күн сайын жақсара берсін десең, шүкірлік етуді тоқтатпа.