Білім және ғылым

Данияр Жігітбек: "26 жылда қалыптасқан 26 қағида"(26/8)

Алақаным терлеп, жанымды қоярға жер таппадым. "Неге қатысам деп келісім бердім екен? Тыныш жүре бергенім жақсы еді ғой" деп өзімді жазғыра бастадым.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

5. Істемейтін болсаң, уәде берме, уәде бердің бе, істе!

Шамасы 5-6 сыныпта оқып жүрген кезім. Бір ұстазымыз бізді сыныпта қалдырып, шығып бара жатып "Шуламай отырыңдар, жарай ма? Уәде бересіңдер ғой? Уәде - Құдайдың сөзі" деп айтатын еді. Сонда біз, әйтеуір, тәртіпті боп отыратынбыз. Сол сөздер санамда әлі де жаңғырып тұр. "Уәде - Құдайдың сөзі". Кейін осы сөздің мағынасын Құрандағы "Алла уәдесін бұзбайды" деген сөздерді оқығанда тереңірек түсіндім.

Келісілген уақытта келу, алған затын уақытында қайтару, мойнына алған жауапкершілікті абыроймен атқару - уәдені орындаудың көріністері. Мені қатты ашуландыратыны - біреудің уәдесін бұзуы, сөзінде тұрмауы. Әрине, үзірі болса, кешіріммен қараймын. Дегенмен мойнына алған міндетке немқұрайлы қараса, бей-жай қала алмаймын. Өзім уәде берген болсам, міндетті түрде орындаймын. Ал орындай алмайтын болсам, уәде бермеймін. Кейде бір кісілер өтініш жасап жатады. Сол кезде көңілін қалдырмау үшін "Уәде бермей-ақ қояйын, орайы келсе, өтінішіңізді орындайын" деп құтылам. Себебі уәденің салмағы өте ауыр. Бір рет уәдені бұзу екі адам арасындағы байланысты мәңгілікке үзуі ғажап емес, біреудің ақысы желініп, көңілінде сыз қалуы мүмкін. Ал уәдеңде тұрсаң, сенімге ие боласың, елдің құрметіне бөленесің.

Мен берген уәдесінде тұрудың керемет үлгісін әкемнен көріп өстім.
Кішкентай кезімізде "ойыншық әперем", "қыдыртам" деп уәде берсе, соны істегенше жаны тыныштық таппайтын. Бала сезімтал болады ғой.

Оған сөз бердің бе, міндетті түрде орында, әйтпесе ақ парақтай көңіліне кірбің түседі. Бала тәрбиесінде осыған ерекше көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Бір байқағаным, бүлдіршіндердің алдында уәдеңді орындасаң және олардың да уәдесін алып, оны орындауын талап етсең, олар көнеді екен. Мысалы, "Кәмпит сатып әперем деп уәде бердім ғой, міне, мен сөзімде тұрдым, ал енді сен де ойыншықтарыңды жина, уәде бердің емес пе" десе, ол бала тіліңді алады.

Сөз соңында, уәдені орындаудың қаншалықты маңызды екенін көрсететін Пайғамбарымыз Мұxаммедтің ﷺөмірінен бір үзік келтіре кетсем.

Пайғамбарымыз бір кісімен бір жерде белгілі бір уақытта кездесуге уағдаласады. Бірақ әлгі кісі кездесу жайлы ұмытып кетеді. 3 күннен соң есіне түсіп, келісілген жерге келсе, Пайғамбарымыз сол жерде әлі тұр екен.
"Сонша күттірдің ғой" депті әлгі кісіге.

Болмашы істің өзін істеуге уәде бердіңіз бе, онда, сөзіңізде тұруға тырысыңыз. Уәденің үлкен-кішісі болмайды. Себебі "Уәде - Құдайдың сөзі".

6. Қорқатын іске бел бу. Қорқынышыңа қарсы жүрген сайын ол азаяды. 

Ең алғаш мектеп саxнасына шығып, өлең оқығаным есімде. 7-сыныпта оқып жүрген кезім. "Мұқағали оқулары" болатын. Ақиық ақынның бір өлеңін мәнерлеп оқып беруім керек болды. Бұрын-соңды жұрттың алдында өнер көрсетіп көрмеген менің сол кездегі қорқынышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жалпы "адамдағы ең үлкен қорқыныштардың бірі - елдің алдына шығып сөйлеуден қорқу" деп жатады ғой. Алақаным терлеп, жанымды қоярға жер таппадым. "Неге қатысам деп келісім бердім екен? Тыныш жүре бергенім жақсы еді ғой" деп өзімді жазғыра бастадым.

 Сөйтіп қорқып тұрғанда менің кезегім келді. Шықтым. Оқыдым. Даусым дірілдеп, әйтеуір, айтып шықтым. Бірақ мойнымнан бір жүк түскендей, жеңілдеп қалдым. Аса қорқатындай да нәрсе емес екен ғой. Ең бастысы қорқынышыма қарсы алғашқы қадамымды жасадым.
Одан кейін де саxнаға шығып жүрдім, бір кезде мектеп театрында да өнер көрсеттім. Шыңғысxанның рөлін сомдап бір қалалық конкурсқа да қатысыппын. Ол кезде тек бір жеңіл қобалжу болатын. Бірақ баяғыдай қорықтым дей алмаймын. Елдің алдында сөйлеу қорқынышын жеңгендей болдым. Өмірде басқа да қорқыныштарым болған. Бәрін ақырын-ақырын жеңіп келем. Түсінгенім, қорқыныш -иллюзия! Біз қорқатын нәрселердің 80-90% ешқашан орындалмайды деп айтсам, қателеспейтін шығармын. Керісінше, қорқатын нәрсеңді істеген сайын, қорқынышың сейіле береді.Сенімділігің артады. Бұрынғыдан да мықты бола түсесің.

Қорқыныш барлық адамның бойында бар. Жүрегінің түгі бар батыл адамдар да тура сіз сияқты қорқады. Бірақ олар қорықса да, оны дұрыс қабылдап, қорқынышына қарсы жүруімен ерекшеленеді. Өскің келсе, өзгергің келсе, өзіңнің шын мүмкіндіктеріңді білгің келсе, қорқатын нәрсеңді істе!

7. Жақындарыңды тірісінде бағала, сезіміңді білдір. Кейін кеш болуы мүмкін.

Қарбалас тірліктің қамымен жүріп, жақындарымыздың қадірін білмей жатамыз. Өз проблемаларымызға басымызбен кіріп кеткеніміз сонша, ата-анамыздың қал-жағдайын сұрауды ұмытып кетеміз. Сыртта өзгелерге көрсеткен ілтипатымызды, сыпайылығымызды үйге келгенде жақындарымызға көрсете алмаймыз. Соңғы рет "анашым, әкешім, мен сіздерді жақсы көремін, берген тәрбиелеріңізге мың алғыс!" деп қашан себепсіз айттық екен?

Соңғы рет жақындарымызды қашан себепсіз құшақтап, сүйдік екен? Иә, біздің менталитетте бұлай ашылып сезім білдіру жоқ десе де болады. Эмоциямызды көрсетуге қиналамыз. Бір түрлі ыңғайсызданамыз. Бұндай көріністі тек кинодан ғана көруге болатын сияқты. Бірақ жақындарымызға бұндай сөздер, көңіл бөлуіміз қалай әсер ететінін білсек қой..Ерекше жылы сезім сыйлайды. Жүректерін жібітеді. Өз басым ата-анаммен ашылып сөйлесе алам дей алмаймын. Арада бір барьер бар сияқты. Бірақ сонда да ол кісілер жанымда жүрген кезде алғысымды айтып, сезімімді білдіруге тырысам. Бастапқы кезде "сіздерге берген тәрбие, қамқорлықтарыңыз үшін үлкен рақмет! Мен сіздерді жақсы көрем!" деп айтуға қиналатынмын. Айтсам да, жасанды естілетіндей еді. Бірақ бұл іс әдетке айналған соң, жүрекжарды сөздерім шынайы шығатын болды. Арада ерекше сүйіспеншілік орнағандай. Үйден шығарда соңғы рет көріп тұрғанымдай, сүйіп, құшақтауға тырысам. Себебі, жақындарымнан айырылып, "неге тірі күнінде қадірін қадірін білмедім?" деп өкінгім келмейді. Олармен өткізген әр күнімнің бағасын білсем деймін.
Ажал айтып келмейді. Бәріміздің бір күні өмірден өтетініміз ақиқат.

Жалған дүниенің дүрмегіне бой алдырмай, жақындарымызды тірі кезінде бағалайықшы, жақсы көретінімізді жиі айтып тұрайықшы.

8. Өз-өзіңді өзгертпесең, өміріңде ештеңе өзгермейді.

Осыдан 5-6 жыл бұрын ұзақ созылған бір ауруға душар болдым. 1 жылдай қиналған шығармын. Ас қорыту жүйесінің ауруы. Өт асқазанға түсіп, одан әрі өңешті қабындыра бастаған екен. Кішігірім ота да жасаттым. Дәрігер бір дәрілер жазып берді. Көмектеспеді.
Ораза айы келе жатқан болатын. "Ендігәрі мүлдем ораза ұстауға болмайды" деп ауыз бекітуден тыйып тастады. Көңілім түсіп, өмірімнің соңына дейін ораза нығметінен мақұрым қалдым ба деп салым суға кетті. Алладан "шипа бере гөр" деп дұға жасап, сұрай бердім. Бірақ ауруым кетпеді. Құр сұрай бермей, әрекет ету керектігін түсіндім. Құрандағы "Бір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла олардың жағдайларын өзгертпейді" деген сөздер есіме түсті. Содан ауруымның себебін зерттей бастадым. Негізі кез келген аурудың сыртын емдей бермей, ауруды тудырушы себепті анықтап, соны жойса, ауру да кететінін түсіндім.

Сөйтіп асқазан мен өңештің арасындағы ішкі бұлшықеттердің әлсіреуінен асқазандағы өт жоғары көтеріліп жатқанын білдім. Негізі асқазандағы қысым жоғарырақ. Сол үшін ұстап тұратын бір меxанизм болмаса, асқазандағы сұйықтық өңешке қарай көтеріледі екен.
Газдалған сусындар, қызанақ, мойенез сияқты өнімдер, стресс, спортпен шұғылданбау әлгі ішкі бұлшықеттердің әлсіреуіне әкеп соғады екен.

Содан біраз тағамнан бас тартуға тура келді. Күн сайын таңертең жүгіріп, жаттыға бастадым. Ішкі бұлшықеттерді қатайтатын жаттығулар жасадым. Бір жылдай осы режимде жүрдім. Сенесіздер ме, келесі Рамазанға дейін ауруымның ізі де қалмады ғой. Содан бері міне жыл сайын ауыз бекітіп келемін. Ауру мазаламайды.

Дұғамның дәл осындай формада қабыл болғанына ризамын. Кейде Алла сұрағанымызды біз күткендей көріністе бермей жатса, еңсеміз түседі. Бірақ зер салып қараса, Алла бізге сұрағанымызға жеткізетін себептерді беріп қояды екен. Сол себептерді көре білсек, сәйкесінше әрекет етсек, өзімізді өзгертсек, дегенімізге міндетті түрде жетеміз.
Өзіңді өзгертпесең, өміріңде ештеңе өзгермейді.