Білім және ғылым

Данияр Жігітбек: "26 жылда қалыптасқан 26 қағида" (26/12)

Қолыңда бармен бөліскен сайын байи түсесің. Бақыт деген алуда емес, беруде.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

9. Қолыңда бармен бөліскен сайын байи түсесің. 

Мектеп кезінде парталасымның суретін салып бергенде, сол сурет өзім үшін салғанымнан әдемірек шығатын. Сыныптастарымның түсінбегенін түсіндіріп, көмектескенімде, өзім сол тақырыпты жақсырақ меңгере түсетінмін. Біреуге алтын уақытыңды бөлу - оған жасаған ең үлкен жақсылығың дер едім. Өзгелермен біліміммен, тәжірибеммен бөліскен сайын ерекше байи түскендей сезінетінмін.

Жалпы біреуге пайдалы болу адамға ерекше бақыт сезімін сыйлайды екен. Өмірдің мәні өз қарныңды тойдырып, барынша ләззаттанып қалу емес, керісінше, басқалардың қамы үшін өмір сүру деп түсінем.

Яғни, шынайы бақыт алуда емес, беруде.

Мен бір жігітті білем. Студент кезінен бастап ай сайын тапқан табысының 10%-ын тұрақты түрде қайырымдылыққа жұмсап келеді.

Стипендиясы 18 000 тг болса, соның 1800 тг-ін садақа қылатын. Кейін жұмысқа тұрды. Табысы артты. Сонда да әдетінен танбады. Сол жігіттің ақшадан қиналғанын көрмедім, керісінше, табысы жылдан-жылға арта берді. Құранда да Жаратушымыз қайырымдылыққа мал-мүлкімізді жұмсасақ, табысымызды арттыра беретінін уәде еткен ғой. Пайғамбарымыз ﷺда "Алламен ант етемін, садақа бергеннен мал-мүлік азаймайды" деп айтқан еді. Яғни, қазір 100 000 тг-ні садақа етсеңіз, келесі жылы есепшотыңызда кемінде 100 000 тг болады деген сөз ғой бұл. Болашақта ол жігіттің ризығы молайып, қайырымдылыққа одан да көп ақша жұмсауын тілеймін. Бұл өмірден көрген мысалым.
Қолыңызда бармен бөлісуге тырысыңыз. Бөліскен сайын байи түсесіз.
Өмірдің мәні беруде!

10. Кітап көп оқы. Алған білімді іс жүзінде қолдан. 

"Артық білім кітапта".

Мектеп кезінде Дэйл Карнегидің бір кітабы қолыма түсті. Ішінде "Как завоевать друзей?", "Как понравиться людям?" деген тақырыптар болатын. Қызығып кеттім. Оқи бастадым. Ең ұнаған кеңестердің бірі мынадай еді: " Адамның ең сүйікті сөзі - есімі. Сөйлесу барысында адамның есімін көбірек қолдануға тырысыңыз, сонда ол адамның сүйіспеншілігіне бөленесіз". Дереу осы кеңесті өмірде қолданып көргім келді. Қазір еске алсам, күлкім келеді.Достарымның есімін жиі айта бастадым. Реакцияларын аңдып тұрдым. Әсері қалай болады екен деп. Әйтеуір, оң әсері болған сияқты. Айтайын дегенім, кітап оқып болған соң, алған білімді бірден жүзеге асыруға тырысу керек екен. Қазір кітап көп оқитын сияқтымын. Бірақ амал етуім аздау. Жалпы кітап оқу керемет нәрсе ғой. Жетістікке жеткен адамдардың өміріне қарасаңыз, барлығының кітап көп оқығанын байқайсыз. Мен бұл өмірде Абаймен, әл-Ғазалимен, Лев Толстоймен, Наполеон Хиллмен кездеспейтінім анық. Бірақ ол кісілердің еңбектерін оқып, олармен сұxбаттасқандай, ақыл-кеңестерін тыңдағандай боламын. Біреулер 60 жыл өмір сүріп әлі түсінбеген ақиқаттарды кітап оқып ұғып ала аласыз.

"Артық білім кітапта" (Абай). Өзгелерден озық болудың, өмірді жеңілдетудің, білімді арттыра түсудің жалғыз жолы - кітап оқу, оқығанды өмірде қолдану.

11. Шын ниетпен жасалған істің ғұмыры ұзақ болады. 

5-6 сыныпта оқып жүрген кезім. Мектебімізге бір студент апай келіп, арапша сауат ашу (тәжуид) курсын өткізді. Курсқа 2-3-ақ бала қатыстық. Әр сабақ қызықты өтетін. Арапша әріптермен танысып, тәжуид ережелерін меңгеріп, Құранды түпнұсқадан өзіміз оқи алатын деңгейге жеттік. Ол кісі діни сауатымызды да ашты. Пайғамбарымыз ,ﷺмұсылманның парыздары жайлы айтып беретін. Ол кезде дін қазіргідей кең тарамаған еді.

Апайымыз xиджапта болатын. Ол уақытта шариғат шәлісін кигендерді онша көре бермейтін едік қой. Қазір еске алып, ол кісінің табандылығына, ниетінің шынайылығына таңқалып отырмын. 2-3 балаға бола апта сайын мектепке келіп, тегін сабақ беретін. Әрқайсымызға "Мұғалим сәни" деген тәжуид кітапша әперіп, сол бойынша үйреткен еді. Сол кітапша менің үйімде әлі тұр. Мыжылған, ескірген, әрине. Тура сол кітапшамен, әдемірек жаңа нұсқалары шықса да, қателеспесем, 4-5 адамға тәжуид үйреткен шығармын. Не деген берекелі кітапша десеңізші!

Пайдасы әлі де тиіп жатыр. Бұл апайымның ықыласының мықтылығын, ниетінің тазалығын көрсетіп тұр деп ойлаймын. Иә, Алла разылығы үшін еш қайтарым күтпей шын ниетпен жасалған істің ғұмыры да ұзақ, сауабы да жалғасып тұрады деген рас екен.
Ұстазымның есімі де есте қалыпты. "Әдемі". Қазір ол кісі қайда екенін білмеймін. Бірақ алғысымды білдіргім келеді. Әдемі апай, Алла разы болсын! Құранмен алғаш достастырған өзіңізсіз. Біздің Құран оқып алған әрбір сауабымыз сізге де жазылсын.
Өлмейтін іс қалдырғыңыз келсе, әуелі ниетіңізді жөндеңіз.

Шынайы ниетпен жасалған істің ғұмыры ұзақ болады.

12. Мықты болғың келсе, ұнатқан нәрсеңмен айналыс, ал айналысатын нәрсеңді ұнатқың келсе, мықты бол. 

7-8 сыныпта "Геометрия", "Алгебра", "Физика", "Химия" сынды жаңа пәндерді оқи бастадық. Көпшілік ұната бермейтін, түсінуге қиын пәндер ғой. Гуманитарлық пәндерге бейімділігім басымырақ болатын. Содан болар, жаратылыстану пәндеріне қызығушылығым қатты болды дей алмаймын. Жетістіктерім де анау айтқандай болмады. Бір күні бір кісі "Сен барлық пәннен үздіксің, бірақ геометрия, алгебра сияқты пәндерде, мойындау керек, "5"-ке тартпайсың" деп намысыма тиді. Мендегі перфекционизм оянып, бұл "олқылықтың" орнын толтырып, олай емес екенін дәлелдегім келді.

Сөйтіп, бүкіл аксиома-теоремаларды дәлелдерімен жаттай бастадым.

"Сканави"-дің (есептер жинағы) есептерін шығаруға кірістім. Бір мұғаліміміз "Сканави"-дің "В" (ең қиын) деңгейіндегі есептерін шығара алсаң, математиканы ФизМаттың деңгейінде меңгердім дей берсең болады" деп айтқан еді. Не де болса, шығаруым керек деп мақсат қойдым. Біраз тер төгудің нәтижесінде планометрия, стереометрия, тригонометрияға деген маxаббатым оянып, жалпы теxникалық ғылымдарды сүйе бастадым. Жетістіктер де көп күттірмеді. "Сканави"-дің "В" деңгейінің есептерін шығаруға жарап қалдық. Жалпы, түсінгенім, бір іспен айналысып, соны мықты меңгерсең, ол істі жақсы көре бастайды екенсің. Бұған универ кезінде, жұмысқа тұрғанда талай көзім жетті. Басында ұнатпаған ісіңді барынша жақсы жасауға, шебер болуға тырыссаң, еңбегіңнің нәтижесін көргенде, сол іс қызық бола бастайды. Бірақ мойындау керек, сол қолмен қанша әдемі жазып үйренсең де, оң қолмен жазғандай болмайды екен. Сол үшін ұнататын ісіңіз болса, соны дамытуға, мықты меңгеруге тырысыңыз дер едім. Қалай болған күнде де, ұнату-ұнатпау - көңіл-күй мәселесі. Жұмысыңыз бірде ұнауы, бірде ұнамауы мүмкін. Бастысы - еңбек, қолға алған істі барынша көркем түрде орындауға тырысу.