Қоғам

Түн ішінде ауылыма қайтпақ болып жалғыз жолға шықтым

Өткен жылдың желтоқсан айы. Сессия аяқталып, ауылға қайтатын кез келді. Билетті ерте алуға мүмкіндік болмай, 29-ына пойызға алған болатынмын. Бірақ 15-і күні туған әпкемді алып қашып, 28-і тойы болатын болды, ал мен 29-ы күні кешке жолға шығамын. Туған әпкеңнің тойына қалай бармассың?!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Оқиғасын осылай бастаған қарындасымыз аты-жөнін жарияламауды өтінді.

«Желтоқсанның 25-іне пойызға билет қарай бастадық. Себебі Алматыдан Ақтауға үш күнде бір-ақ жетесің. Ұшаққа өліп кетсең де рұқсат жоқ. Билет табылса, соңғы сессиямды сол күні бітіріп, кешке ауылға жүріп кеткім келді. Анама күнде хабарласып, билеттің жайын сұраймын, ондай уақытта билетін қайта тапсырған адам болмаса, артық билет мүлдем жоқ. Солай 25-іне дейін хабар күтіп жүрдім. Сессияларымды жақсы тапсырып, сабақтарымды жақсы бағаға жаптым.

25-і болды. Билеттен әлі хабар жоқ, әрі заттарым да жиналмаған. Тойдан үмітімді үздім де, асықпай барармын деп шештім. Бірақ ішімде сонда да өкініш қалды. Сол күні, күні бойы универде жүріп, телефонымның батарейкасын да тауыстым. Кешкі 8-дерде жатақханаға жүгіріп келіп, телефонымды зарядтап алайын десем, қуаттағышымды бір қызға беріп жіберіппін. Оның бөлмесіне барсам, өзі Медеуге кетіпті, ал қуаттағышты іздеп таба алмадым. Асығыс жатақханадағы группаласымнан қуаттағыш сұрап алдым да, ауылдан тағы хабар сұрадым. Билет жоқ.

Соңғы үмітімді үздім. Телефонымды 5 минуттай зарядтап алдым да, көңіл-күйімді көтерейін деп дүкенге бардым. Бір сэндвич пен сухарики алып қайтып келе жатсам, үлкен әпкем соғып, «егер шынымен де тойға келуге ниеттенсең, дәл қазір вокзалға бар да, жолсерікпен келісіп жолға шық, мамаға айтпа» деді. Ана сөздерден кейін қалай қарап тұрарсың. Дереу ішке барып, шабаданымды апыл-ғұпыл жинадым да, бір сэндвич пен сухарикиді, 1л суымды алып, такси шақырттым да вокзалға жүріп кеттім. Сағат кешкі 10-дардың жобасы болатын, кешкі ас ішпеген мен сэндвичтің жартысын жедім де, қалғанын пойызға алып қалдым. Телефонның не қуаты жоқ, не қуаттағышы жоқ, үлгеріп мінсем, жолаушылардан сұрап, қуаттай тұрармын деп отырмын.

Жол бойы үлкен әпкеммен ватсаптан сөйлесіп отырмын. Ол «егер пойызға міне алмасаң, автобуспен Шымкентке қарай шық, сол жерден қайын ағам күтіп алады. Ертесіне пойызға үлгеріп мінгізіп жіберер» деді. Вокзалға жақындағанда, тойға киетін көйлегім мен туфлиімді ұмытқаным есіме түсті. Қатты күлкімнің келгені-ай. Не үшін жолға шығып бара жатырмын сонда?

Әпкем «бірінші аман-есен жетіп алшы, осыннан да көйлек алармыз» деді. Сағат 22:30. Пойыз енді келіп жатыр, 23:30-да жүреді екен. Бірден жақын жерде тұрған вагонның жолсерігіне бардым да, «аға, мені ала кетіңізші. Қазір ауылға кетпесем болмайды» дедім. Ол үлкендеу кісі екен, жолда тексеретін адамдар мініп қалса, тығылу керек болатынын айтып, ананы-мынаны бір айтып, келіскісі келмей тұр. «Қайда болса да сыйып кетемін, оңай тығылып қаламын» деп мен тұрмын. Жолсерік ағай әр жерден сұрап көретінін айтып, күте тұруымды сұрады. Қуанып кеттім. Әпкеме «ағай келісті, бұйырса мінемін, сәл күте тұрсын деп айтты» деп айтып қойдым.

Солай далада күтіп тұрғаныма 40-50 минуттай болды. Өтіп бара жатқан кластас баланы кездестіріп қалдым. Ол да дос баласын келісіп мінгізіп жіберуге келіпті. Екеуміз біраз әңгімелесіп тұрып қалдық. Бір кезде пойыздың есіктері жабылып, жүргелі жатыр. Жолсерік ағаға «ағай, алып кетпейтін болдыңыз ба? Алып кете қойыңызшы, өтінемін. Қанша сұрасаңыз да берейін» деп жалындым. «Жоқ, қазір тексеріс қатты болып жатыр, біліп қалса, жұмыстан шығып кетемін» деп ағай келіспеді.

Пойыз жүріп кетті. Мен қалып қойдым. Жатақханаға 23:00-ден кейін кіргізбейді. Қазір сағат 23:30. Ішімде үлкен төңкеріс болып жатыр. Қасымдағы кластасым «біздің жатақханаға жүрсеңші, бізде бос қалған орындар бар, оңай кіріп кетуге болады» деді. Онымен келіспедім.

Манағы әпкем айтқан екінші жоспар бойынша, Сайранға қарай такси шақыртып, шабаданымды арқалап жүріп кеттім. Былай уақытта, күндіз де таксиге жалғыз мінбейтін адам, түн ішінде екінші рет таксимен келе жатырмын. Алланың қалауымен, такси жүргізушілері де жақсы адамдар болды. «Автобустардың барлығы жүріп кеткен болар, Шымкентке қарай таксилер де жүреді, таксилерді де іздеп көрсеңізші» деп, бар білгенін айтып жатыр.

Сайранға келсем, шынымен де автобус жоқ екен, өзі жабылайын деп жатыр. Ішіне кірсем, күзетшіден басқа ешкім жоқ. Күзетші соңғы автобус жаңа ғана жүріп кеткенін айтты. Қысылып тұрғаннан кейін, әжетхана қай жерде деп сұрадым. Автовокзалдың артқы жағында екен. Тоңып қалған соң, біраз жылынып алайын деп, әрі енді не істерімді білмей ішіне кірдім. Ішінде кассир әйел кісі ғана отыр. Әрі 100 теңгеге телефон қуаттап алуға болады екен. Телефонымды қуаттап, әпкеммен хабарласып, әрі индрайвермен такси шақырып отырмын. Әлгі апай түн ішінде не істеп жүргенімді сұрады. Жағдайымды айттым. Сол кезде сол жердің асханасының жұмысшысы келді. Екеуінің маған жаны ашып, такси тауып беруге тырысып жатыр. Асханадан келген апай менімен бірге сыртқа шығып, сол жерде тұрған таксилерден қашан жүретінін сұрап берді. Дәл қазір жүрейін деп тұрған такси жоқ екен. Таңертең ғана жолға шығады екен. Қасымдағы апай «қазір жатақханаға қалай барасың? Кіргізе ме? Менің асханамда таңға дейін отыра тұрсаңшы» деді. Бірақ мен жатақханаға қайтуды жөн көрдім.

Такси шақырып, жатақханаға қайтып бара жатырмын. Сағат түнгі 1-жарымдар шамасы, мен ауылға қайта алмадым. Әрине, бұның барлығы Алланың қалауымен ғой. Мүмкін тойға қатысу бұйырмаған сияқты деп ойлап келе жатырмын. Бірақ ауылға сонша асыққаным, бір тойға қатысу үшін емес, отбасыма, ауылыма деген сағыныштан болу керек.

Енді жатақханаға қалай кіремін? Группаласымнан 3-курста оқитын танысынан күзетші ағайға ескертуін өтіндім. Такси әл-Фараби көшесінен түсіріп кетті. Жатақханаға дейін 100 метрдей ғана жол бар, бірақ қараңғы әрі көп адам жүрмейтін жер болатын. Түн ішінде қараңғы жермен жалғыз жүру өте қауіпті екенін жақсы білемін. Жан-жағыма елеңдеп, қорқынышымды басу мақсатында жатақханадағы кластасыма соқтым да, қорқып келе жатқанымды, жатақханаға жеткенше сөйлесіп баруымды өтіндім.

Жатақханаға жетіп, есігін қағып тұрмын. Күзетші ағай есік ашты. Жағдайымды айтып түсіндірдім. Ол да таңғалып жатыр, әйтеуір кіргізді. Бөлмеме келдім, қасымдағы қыздар да аң-таң. Солай ауылға ертерек қайту ниетім сәтсіз аяқталды.

Түсінгенім, қате өзімнен болған секілді. Мүмкін Аллаға тәуекел етпеген шығармын. Мүмкін әуел бастан ниет етпегеннен, орындалмаған болар. Бірақ өкінбеймін. Бәрібір, бір аптадан кейін аман-есен жеттім емес пе? Бұл бір үлкен сабақ болды. Бір істі істемей өкінгеннен, істеп өкінген жақсы деуші емес пе еді? Қайта, Алланың қалауымен алдымнан жақсы, жанашыр адамдар кезікті. Бұл өмірде әлі де жақсы адамдардың бар екенін тағы бір ұғындым».

Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін