Әлеумет
Ананың қадірін балалы болғанда ғана түсінесің
Ана болу - бұл армандардың асылы, қарым-қатынастың құлпы, өзің үшін ғана өмір сүруді тоқтату, жауапкершілікті сезіну, өз анаңның қадірін шын сезіну, есейіп, ес жинау, мықты болу.
Оны тек сәбилі болып ақ құрсақты ана атанғанда ғана түсінеді екенсің. Сол үшін де барлық аналарға тағзым еткім келеді. "Ананың қадірін өзің ана болғанда ғана түсінесің" дегенді жиі естуші едім.
Сәбиіңізді алғаш құшақтағанда, алақаңыңызға алғанда сіз толығымен өзгересіз. Бәлкім сіз өзіңіздің сол кездегі болмысыңызды сағынатын боларсыз. Бірақ ол кезең - еркіндік қолыңызда болған, уақытты өз пайдаңызға өткізген бойжеткен болған шақ, ешбір мәселелерді ойламай, күліп ойнаған, сауық-сайран салған, арманмен өмір сүрген студенттік шақ қайта оралмайды. Олар тек мәңгі жадыңызда қалады. Себебі сіз өмірдің келесі баспалдағына қадам бастыңыз. Бәрі өзгерді.
Сіз бұрын бастан кешірмеген нағыз шаршаудың не екендігін түсінесіз. Баланы емізу, жаялық ауыстыру, ойнату, тамақтандыру, жылағанда уату, шағымдар, ұйқысыз өткен күндер, түн ұйқыңызды төрт бөлген түндер, т.с.с. бірқалыпты, күнделікті қайталанбалы жылғадан аққан судай күндер өтеді.
Мүмкін, бұл бірдей оқиғалардың шексіз шеңбері іспеттес болып көрінер. Бірақ ұмытпаңыз...Барлығы аяқталады, соңғы рет болатын күн де туады. Сәбиіңізді суалтатын күн келеді. Күндердің күнінде балаңыз сіздің тізеңізде ұйықтап қалады. Және де ұйықтап жатқан балаңызды құшақтайтын да күндер азаяды. Бір күні сіз оны қолыңызда көтеріп жүрерсіз. Кейін балаңызды бұрынғыдай құшақтап, көтере ала алмайтын күн де жетеді. Кешкілік сіз балаңызды жуындырып, киіндіріп, шашын тарайсыз. Кенеттен ол өзі жуына алатын кезге келеді. Жолды өткенде ол сіздің қолыңызды қатты қысып ұстайды. Уақыт өте ол "қолымнан ұсташы" деп те айтпайды. Түн ортасында ұйқыңызды бөліп құшақтау үшін бөлмеңізге ұрлана кіреді. Көзі ашып-жұмғанша бұл да соңғы рет болады. Бір күні сіз онымен бірге көңілді балалар әнін шырқап, одан барлық қимылдарды қайталайсыз. Кейін ер жеткен балаңызбен оны ешқашан қайталай алмайсыз. Мектепке шығарда қоштасу үшін сіздің бетіңізден сүйеді, күндер өткен соң оны да істемеуіңізді сұрайды.
Бір күні сіз оған жатарда ертегіні соңғы рет оқырсыз, былғанған бетін де соңғы рет сүртерсіз. Бір күні ол сізге қарай қуанып жүгірер, сіз оны көтеріп алып, мәз боларсыз. Мұндай сәттердің қашан бітетінін, соңғы рет болатындығын сіз ешқашан алдын ала білмейсіз. Сондықтан сіз осы сәттерді өткізіп жатқанда оларды бағалаңыз және бір кездері олардың болмайтынын және оларды ешнәрсе қайтармайтынын есте сақтаңыз. Ана болу - бір бақыт, нəрестеңді үп еткен желден қорғап, пана болу - зор бақыт!
Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін