Bugin

Күн апай

Әңгіме

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

- Жамбастап жата бермей, кір жууға биржадан біреуді алып келмейсің бе, қызметшіміз ауылға сұранып кеткен, екіншісі еңбек демалысында ғой? – Әйелі енді ғана теледидардың пультін қолына алған Медерге айтқанымды істей ме, істемей ме дегендей, әйелдік айламен сынай қарап, бұйыра сөйледі.

Мұндайда Медер әйелін шыбын шаққан құрлы көрмесе де, аяп кетті ме, не жексенбілік зерігуін бір сәтке болса да ұмытайын деді ме, әйтеуір көлігінің кілтін алып, спорт киімімен тысқа бет алды.

- Дені дұрысын алып кел! Бір ұрыны, не маскүнемді жетелеп келмей! – Әйелі қатар-қатар темір есіктерін сартылдатып жауып жатып, ойындағысын ірікпей айтып қалды.

Медердің «Джип» көлігі қаладағы жұмыс іздегендердің көшесіне кіргенде баяулап қалды: бергі басында төрт-бес еркек картаны сойып жатыр, жақындаған көлікпен де ісі жоқ, одан ары оншақтысы шоғырланып тұр екен, «Джипке» жапатармағай жүгіріп келді, «бұл крутойлар ақшаңды да бермейді» деген біреуінің дауысы естілді, тағы бірі «рэкет болып жүрмесін» дегендей болды. Медер көлігін ақырын жылжыта берді.

Сөйтіп топтасып тұрған әйелдерге жетті. Бәрі де тәртіп сақтап тұр, топтан біреуі ғана суырылып шығып, Медерге жақын келді:

- Жігіт, жұмыс бересіз бе?

- Иә! Әйеліме көмектесіп, кір жудырайын дегем.

- Жарайды! Кір машинасымен бе? Қол күшімен бе?

- Кір жуатын жерге алып барамын, сол жерде жуады.

- Кыздар, прачкада ойнағанға. – Әйел сөйтіп топқа бұрылғаны сол еді, арғы жақта тұрғандардың бәрі қол көтерді. Біреуі қол көтергендерге қарамастан, әлгі басшысын да елең қылмай, ентелеп келіп «Джиптің» артқы есігін ашып, орындыққа отыра кетті.

Көтерілген қолдар да түсті. Әйелдердің басшысы да үн қатпады. Медер де аң-таң қалып, әлгі әйелге төтесінен:

- Бір күнге қанша аласыз? – деді, сол жерде бағасын келісіп алғысы келіп.

- Неге сұрадың, ақшаң жоқ па? Менің бағам бәрінен қымбат! Айда тәшкіңді!

Медер көлігін орнынан баяу жылжытты. Содан үндеместен үй жағына қарай айдады. Бір көше өткеннен соң:

-Тоқтат! Басым сынып барады! Аванс берші! - деген артта отырған әйелдің өктем үні Медердің ойын шорт үзді. Ол шаһар шетінде құрылысы аяқталмаған таңдаулы жүз шақты үйдің не үшін кешігіп жатқан себебін ойлап, жетекшілерін алмастырсам, орнына кімді қоямын деп бас қатырып келе жатқан. Қол астында істейтін құрылысшыларының бәрін бір-бірден көз алдынан өткізумен әлек болып, артындағы жолаушысын ұмытып кетіпті. Оның үстіне жеке жүргізушісі бүгін демалуға рұқсат сұрап, рөлге өзі отыра қалған. Шошып кетті. Жол жиегіне шығып, үндеместен жүз сомдықтың бірін алып, арттағы әйелге соза берген еді, әлгі көліктің есігін де жаппастан ұша жөнелді де, «Баткенское вино» деген дүңгіршекке жүгіріп барып, қырлы стақанның біреуін толтыра құйдырып, онысын аузына тигізген бойда сылқытып салып, кетуінен келуі жылдам, көліктің артқы орындығына жалп етті.

Үнемі хош иісті ауа тазалығышты сеуіп жүрген «Джиптің» ішін күлімсі иіс жайлады, Медердің жүрегі лоблып, желдеткішті қосып, дезодарантты байқатпай шашып қойды да, айнадан арттағы әйелге ұрлана көз тастады. Беті жайлаудың майлы топырағындай күйіп, бұғақтарын әжім іздері әлдеқашан айғыздаған, кір көйлекті семіз денесіне іліп алған бұл әйелдің бет-жүзін айнадан бір көргеннен-ақ Медердің бүкіл денесі шым етті. Неге екені белгісіз, мына тұрпат, мына жүз тым таныс сияқты. Кім еді? Кім еді? Есіне түсіре алар емес... Бірақ жақсы білетін, жақын танысындай жүзі соншалықты ыстық көріне бергені қалай... Қайдан көрдім, ә? Кім еді?

Әлгі әйел лоқсып қалды. Көліктің ішіне құсып жібере ме деп қауіптеніп, көлік жүрісін баяулатып еді, әйел:

- Айда! - деді. Дауысы да етене таныс. Өмір бойы өзімен бірге жүріп, құлағында жаңғырып тұрғандай еді бұл үн. Айнадан тағы бір рет ұрлана қарады. Қапысыз таныды. Сол! Иә, сол!

***

Қазір облысқа танымал болған Медер ол кезде ауылда, орта мектепті бітіруші сыныпта оқитын. Бірінші қыркүйекте директор олардың атышулы тентек сыныбына бір мұғалім қызды ертіп келді. Ақша бұлттай аппақ көйлек киген, шұлықсыз, оқтаудай түзу жалаңаш балтыры балалардың бәрін өзіне жалт қаратқан, қаттырақ үп десең ұшып кетердей дірілдеген нәзік жанды бұл ауылдың балалары сол кезде алғаш көруі еді.

- Бұл апайларыңның есімі – Әтіргүл. Биыл университетті қызыл дипломмен бітіріп, біздің ауылға мұғалім болып келді. Сіздерге астономиядан сабақ береді, тау басындағы біздің ауыл жұлдыздарға, Айға, Күнге жақын болғандықтан, апайларың аспан денелерін бақылап, ғылыми жұмысын жүргізіп, кандидаттық диссертациясына материал жинап, осы ғылым саласы бойынша танымал ғалым болмақ! - Директор жаңа апаймен оқушыларды осылай таныстырып жатқанда, тентек сыныптың тентектері арасындағы кейбір қыздар «мырс» етіп күліп жіберсе, тағы біреулер тауларға бір, аспандағы Күнге бір қарап, содан ілмиген инеліктей әлгі қызға бір қарап, іштерінен «жетісерсің» дегендей мысқылды көз салса, бір-екеуі жаңа мұғалімге көзін қысып та үлгерді.

Жаңа мұғалім дереу сабақты бастамақшы болып, директор шығып кеткеннен соң, журналды ашып, оқушылармен таныса бастады.

- Әбдірайымов! – Журнал басындағы бірінші оқушының тегін қалтырап-дірілдеп әрең айтты.

- Әбдірайымов! – Апай тағы бір мәрте бәсең дауысымен, ақырын, журналдан көзін алмай тізімнің басын қайталады.

Құдай ұрған Болат та орнынан қозғалмады. Балалардың бәрі оған бұрылып қарады.

- Мұғалім айтқанда тұру керек! - деді жаңа апай балалар қараған жаққа қарап, осы Әбдірайымов болса керек деп Болатқа тесіліп.

- А-а, сіз мұғалім бе едіңіз... - деді Болат жай қозғалып. Балалар күліп жіберді. Жаңа мұғалімнің қудай жүзі албырап, албырамақ түгіл шиедей болып қызарып, тілі таңдайына жабысқан қалпында, тізімді әрі қарай жалғастыруға дәрмені жетпей, мелшиіп отырып қалды.

***

Медер айнадан артындағы әйелге тағы бір мәрте ұрлана қарады. Қарайған беті қызыл шарапқа әбден уланып, шаштары сабалақтанып, тістері түскен.

***

Бара-бара Әтіргүл апай мен Медерлердің сыныбы ынтымақты болып кетті. Қайда барса артынан қалмайды. «Сіздер менің қолдаушымсыздар, мен Күн болсам, сіздер күнді айналған жерсерік іспеттісіздер» деуші еді апайы. Иә, ол апай Күн еді, балалардың бәрі «Күн» дейтін. «Күн апай келе жатыр» дейтін. «Күн апайдан «бес» алдым» дейтін. «Күн апай кімді сүйеді?» дейтін. Күн апай... Күн апай...

***

Медер қайтадан артындағы кір жуушы әйелге көз қырын тастады. Күн апайын күн күйдіріп жіберген екен...

Күн апайының сондағы сөздері келді Медердің құлағына: «Күн – біз өмір сүретін Жер планетасына ең жақын жұлдыз, Күн жүйесінің қақ ортасында тұрады. Күннің радиусы Жердің экватордағы радиусынан 109 есеге үлкен, салмағы Жерден 333 000 есе ауыр».

Сөйтіп оқытатын Күн апайы.

Бір жолы Күн апайы олардың сыныбын шаһарға алып барған. Аспандағы жұлдыздарды бақылаймыз деп телескоп көрсетіп жатқан-ды. Балалар кезек-кезек бір-

бірімен таласып-тармасып, телескоптан аспанды қарап жатқан. Содан бір кездері қараса, Күн апайларының бір жігітпен тұрғанын көреді. Бүкіл мұғалімдер айтпақшы, «жынды сыныптың жынды балалары» жабылып, әлгі жігітті тепкінің астына алған. Ертесі қайтып келе жатқанда Күн апайлары көз жасына ие бола алмаған, балалардың бәрі бастарын салбыратқан күйі, дымдарын шығармай келген, тек қыздар ғана әндетумен болған еді...

Тағы бір жолы Күн апайы бұларды таудың ең биік шоқысына алып шығып, сол жерде жұлдыздарға қарай қолын созып, мынау Орион, мынауы – Темірқазық, мынау – Жеті қарақшы, Айдаһар, анау қозғалады, мынау қозғалмайды деп бәрін көрсетіп шықты. Сол баяғы Болат: «Күн апай, әрбір жұлдыз Күн болса, әрбір Күнде Жер болса, әрбір Жерде бір-бір Болаттан болса, солардың әрбіреуінің сіздей Күні бола ма?» - деп, қалжың сұрақтарын жаудырған.

Бір мәрте терең шұңқырға түсіріп, апайы балаларға күндіз аспандағы жұлдыздарды көрсеткен...

Күн апайы сондай еді. Бұлар үшін нұрын төгетін Күн сияқты көрінетін. Балалардың бәрі оны үнемі қаумалап жүретін...

***

Медер айнадан тағы бір мәрте артындағы адамына қарады. Баяғы көз. Таныс көз. Күн сияқты күлімдеген көз. Басқасы қалмапты. Күн апайы жоқ... Көзі ғана қалған...

***

Бағдаршамның кызыл көзі жанды. Осы қиылыста Медер ауыр көлігін ақырын тоқтатты. Жаяу жүргіншілер жолды кесіп өте берді. Көлік тоқтаған бойда артындағы әйел есікті сарт еткізіп ашып, көшені кесіп өтіп жатқан адамдардың ағымына сіңіп кетті...

Әбдікерім Мұратов

Қырғыз тілінен аударған: Гүлнұр Қыранбайқызы