Қоғам

"Заманың түлкі болса, тазы болып шал"

"Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік, бәріміз де жазылмаған дастан едік" деп жырлаған Нұрсұлтан Әлімқұлов ағамыздың заманындағы жастар – расында бүгінде тарих толғауында есімі қалған тұлғалар. Мағжан атамыз да «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» деп сол биіктерді меңзесе керек. XXI ғасыр жастарына солай үміт, жауапкершілік артатын арыстар бар ма? Әлде бүгінгі жастарға басқаша теңеу керек пе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Отбасы, ауыл-аймақтағы қария, ата-әжелерден бастап, қоғам қайраткерлері, аға буын өкілдері арасында жастарға көңілі толмай, сыни көзқарас танытатындар көп. Бұл тарапқа қосылмайтын, «қазіргі жастар –техниканың тілін білетін алғыр балалар» дейтін пікірлер де жоқ емес. Иә, қос пікір де орынды. Қазіргі жастар ақпараттық-технологиялар заманы деп көбінесе IT саласына, робототехникаға қарай ұмтылады. Барлық жұмысты онлайн бітіріп, күні бойы компьютер алдында отыруға да қарсы емес. Еліміз толық цифрландырылған форматқа көшсе, жұмыс күші осындай жастар болары анық. Дегенмен, қай нәрсенің де шегі бар. Құр кибертехнологияларды меңгеріп, елдегі, адамзат жаратылысындағы проблемаларды шешу мүмкін емес. Ғалымдар мен ғылыми докторлар, профессорлар көбейіп, Нобель сыйлығын ала жатар. Бірақ, дәрігер мен мұғалімнің, аспазшы мен ұстаның орнын озық үлгілі техникалар баса алмайтынына осы пандемия кезінде көз жеткіздік. Қашықтан оқу барысында білім тұрмақ, техника қолданудан білігі жоқ ата-ана мен оқушыларды көрдік. Осы тұста жоғарыда айтқан «техника баласы» қайда дерсің. Дәрігерге онлайн кезекке тұрып, емханаға барғанда 1-2 сағат тағы кезек күтетін халықты көрдік. Түрлі тағамдарды сайт арқылы жеткізу қызметімен тапсырыс бергенмен, оны жеткізетін де, дайындайтын да робот емес, адамдар екенін білеміз. Яғни, цифрландыру халықты, ел ертеңі болар жастарды сауатты етпейді деген байламға келеміз.

Үлкендерді есепке алмағанда жастардың өзі шағын жиында бас болып сөз сөйлеуге тартыншақтайды. Бұл тұста «бір дәуірдің дастаны, қырандай қайратты қаруы» болу туралы әңгіме айтылмайды да. Іс түгіл сөз жүзінде де өздеріне мұндай жауапкершілік алуға қорқады. Неге? Білімімен мыңды жығып, білегімен жүзді алатын, сөзі мірдің оғындай жастардың ұсақталуына не себеп? Мүмкін, оңай қолжетімділік кері әсер етіп жатқан шығар? Ертеде бір ауылға бір телефон, бір компьютерден келген. Басым бөлігі оқулықтарды қамтитын шағын кітапхана, ғаламторға тіпті мүмкіндік жоқ кездерде газет-журналдардан оқып-білгені, тіршіліктен түйгені, ауыздан-ауызға тараған әңгіме-наисхаттармен сусындап-ақ талабы таудан асатын тұлғалар тәрбиеленген.  Ал қазір «тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар» деген заман. Іздеу жолында екі-үш сөзді терсең, бар ақпарат алдыңнан айқара ашылады. Тіпті, «ақылды» құрылғылар ойлаған дүниеңнің жарнамасын өзі-ақ шығарып береді. Кез келген нәрсе оңай олжаға айналып барады. Сондықтан да болар, кейінгі ұрпақ жалқау, тез баюға, тез өсуге ынтық. Бір нәрсенің түпкілікті байыбына бармай жатып, өзге нәрсеге құмарта бастайды. Бір уақытта бар дүниеден хабары бар универсал болғысы келеді. Болғаннан бұрын, айналасына сондай боп көрінгісі келеді. Бірақ ішкі дүниесі аласапыран, адасу мен арпалыс бола тұрып, сыртқа да дұрыс көріне алмайды. Әрине, қазіргі заман әмбебап болуды, заманның алдында, өзгелерден озық болуды талап етеді. Бірақ, саяси тұрғыда, құқықтық салада, қаржы жағынан, ақпарат қабылдаудан сауатты болмаса бәрі де құр әурешілік. Ақылмен әрекет етіп, өз құқығын біліп, қорғай алатын, қаржысын адал тауып, үнемді жарата алатын, ашу алмайтын алғыр жастар ғана қоғамда орнын тауып, ел тұтқасы бола алады. Әрнеге әсемпаз болудан арылғанда ғана, тау суындай гүрілдейтін, айбынды Алаш елім дейтін дарынды жастар дәуірі келеді. Ол тек өзіміздің қолымызда. Өзімізді өзіміз тәрбиелемесек, бос орын болып қалатынымызды ұмытпайық.