Сұқбат

Жанымен жазған ұлы Абай

Ұлы Абай дегенде кімді елестетесің?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Абай атамыздың қаламы сиямен емес жанмен жазған-ау, шамасы. Содан болар бізге жеткен қазақ әдебиетінің тамыры, ақын, ағартушы, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды көзқарас пен жаһандану заманына есік ашқан Абай (Ибраһим) атамыздың қаламынан бастау алады. Алты Алашты ағартуға атсалысқан Абайдың ақындығы қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін шығармаларында арқау еткені бәрімізге мәлім. Ақын тұлғасы туралы мақалада өз ойыммен ғана шектелмес үшін, Абай атамыздың еңбектері жайлы сөз басталса ішкен асын жерге қойып, тұңғиық тереңіне сүңгитін ақындыққа бас бұрған жастарымыздан сұхбат алдым.

–  Ғылымбек, Абай дегенде қандай тұлғаны елестетесің?
–  Жастайынан зерек болған, ауыл молдасынан хат танып көп уақытын білім мен ғылымды қазбалауға арнап, ізденісі Батыстан бастау алып шығысқа дейін шарықтаған Ұлы адамды елестетемін. Осындай деңгейдегі аумақты қамтып мәдениеттердің көпіріне айналған, өз ізденісі арқылы тұла бойын тұлғалыққа дейін дарынмен дарытқан кісіні елестетемін.
– Ұлы Абай дегенде қазіргі заманның айтыскер ақыны ретінде не айта аласың?
– Шындығында Абай атамыз жас кезінде басқа адамдардан ерекше болған деп есептеймін. Ұлылығына келетін болсақ, ауыр мұң артқан, өкініші көп қария елестейді. Қайғы мен қасірет қанға сіңіп, сүйектен өткесін, өз қаламының сиясын қанмен алмастырғандай үлкен философиялық мәні бар қара сөздерді қазаққа тарту етті.  
– Басқа адамдар деп айтып қалдың. Абай атамыздың олардан нендей айырмашылығ болды?
– Жай адам көп ойламайды. Ойласа да өзін ғана ойлайды. Бүтін елді ойлау, бүтін елге жол нұсқау, өшпес мұра қалдыру Абайдың ұлылығымен ғана сипатталмайды. Ол Абайды жай адамнан айырмашылығын аңғартады, -дейді халық ақыны, айтыс өнерінің майталманы, кәсіпкер Ғылымбек Дашын.  

    Иә, шынында Ғылымбектің сөздері қазақ мәдениеті үшін ұтымды жауаптардың бірі. Абай қаламы сия емес қанмен жазғандай қайғылы да, болашақ ұрпаққа қолдау да бола алды. Ұлы ақынның бір еңбегін жүз оқып, жүз кітап шығаруға болады. Оқыған сайын жаңа мінез, жаңа ой, жаңа көзқарас аша алады. Қазаққа белгілі философ Әбу-Насыр Әл-Фараби Аристотельдің еңбегін түсіну үшін 100 рет оқыса, біз де Абайдың еңбегін толықтай түсіну үшін 100 рет оқуымыз қажет. Бір өлеңінің өзі жаңа дүниенің, жаңа көзқарастың ашылуына себепші болады. Бұған қатысты сұраққа жастардан тағы да жауап іздеп көрдім.

– Дина айтшы, Абай атамыздың қай өлеңін сүйіп оқисың?
– Мен ұлы Абайдың көптеген өлеңін сүйіп оқимын. Бірақ мен үшін ең әсерлі өлеңдердің бірі – «Ғашықтық құмарлық».
– «Ғашықтық құмарлық» саған қандай әсер берді және жастарға не ұғындырмақ?
– Абай ілімінде керек азықтың бәрі бар. Ар, намыс, ақыл, ұяттан өзге махаббат та Абай шығармашылығының түп негізі болған. Асқақ сезімін қағаз бетіне түсіре келе ақын Абай:

«Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды алып,            
Жүдетер безгек ауру сықылдатып,
Тұла бой тоңар, суыр, үміт үзсе,                                              
Дәмеленсе өртенер күйіп жанып» дейді. Бұл арқылы құдай қосқан жарына махаббатынан бөлек, көпті басқаларға махаббат көзімен қарауға шақырады. Жүрегі қатып, махаббатсыз өмірдің мәнін түсінбегендерге алпауыт сезімнің күшін ұғындырып тұрғаны сөзсіз,- деп облыстық Абай оқуларының 1-ші орын жүлдегері, Тұран университеті журналистика мамандығының 3-ші курс студенті Максотова Дина жауап қатты. 

     Шынында, Дина айтқандай Абай – қазақ халқының жағдайын  өзгеден көп ойлағандардың бірі. Абай даналықпен халқының санасына сәуле, көңіліне нұр оятпаққа жанын салды. Жұртын надандықтан, есепсіз ысырыптан, қараңғылықтан шығару үшін жасаған Абай еңбегі өлшеусіз. “Малда да бар жан мен тән, ақыл, сезім болмаса, тіршіліктің несі сән, тереңге бет қоймаса” деп ақын айтқандай халқынан үлкен үміт күтеді. Алайда, күткен үміті ақталмай, Абай жауына айналған “өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ” сынды зияндылардан арыла алмаған жұртынан көңілі қалады. “Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады” дей келе, “Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ” деп жауап қатады. Міне, Абайдың дүниеден өткеніне 1 ғасыр 75 жылдан асты. Алайда тылсым еңбек, жазба әдебиеті ұлы Абайды әлі халық арасында жүргендей сезіндіреді. Қаламын сияға емес, өзінің жанына толтырған ұлы Абайдың тұлғалық бейнесі осындай болмақ.

 

Редакция автордың ойымен келіспеуі мүмкін