Weekend
Өздері құрған компаниясынан қуылғандар
Жоғарыда аталған үші компанияның негізін қалған, баласындай өсіріп, аяғынан тұрып кетуіне жағдай жасаған иелерінің өздері компанияларынан айырылып қалып, қайта келген кездері де болған. Сонымен олар кімдер?
Мак және Дик Мак Дональд (McDonalds)
ХХ ғасырдың 40 жылдары ағайынды Мак және Дик Мак Дональд Калифорния штатындағы Сан Бернардино қаласында шағын мейрамхана желісін ашады. Аталған орын ағайынды кәсіпкерлер үшін жылына 200 мың АҚШ доллар пайда әкеліп отырады. Алайда уақыт өте келе шағын мейрамханалар желісі көбейіп кетіп, екеуінің пайда көздері азайып кетеді. Мұны ескерген екеуі толық өзгеріс жасап, 1948 жылы McDonalds мейрамханасын іске қосады.
Пайда табу көздері 350 мың долларға жетеді. Тып-тыныш кәсіп айналдырып отырған қос ағайынды үшін аспаннан емес, жерден табыла кеткен «франшиза» мәселесі қызықтырады. Бәрі осы жерден басталды...
Қармаққа ілінетін балық іздеп жүрген Рей Крок ағайынды Мак пен Дикке жолығады. Бұған дейін Рей Крок кәсіпкер әрі менеджер ретінде қолы ұзын, таныс-тамыры көп адам болды. Керемет ақшаны емес, өздері жасап отырған кәсіптің жемісін ғана көріп отырған ағайынды үшін мейрамханаларын үлкейту қызық тақырып болғанымен, онымен жұмыс жасау оларға қызық болмады. Бұл жолда олар барлық істі Рей Крок мырзаға табыстайды. Әрине тегін ештеңе жоқ.
1960 жылы компания «McDonalds Corparation» болып өзгертіледі. Франшиза бойынша сату үрдісі штат бойынша емес, әр мейрамхана желісі бойынша жүрді. Әрбір франшиза сатып алушы тарап «McDonalds Sistem Inc» бірлестігіне 1,9% көлемінде ай сайын төлем жасау керек болды. Ал оның 1,4% Рей Кроктың қалтасына кетті. Ағайындылар қайда?
Ағайындылар о бастағы идеялары үшін тек 0,5% мөлшерде пайда алып қана отырды. Уақыт өте келе үш жақты жан-жалдан кейін Рей Крок ағайындылардың кәсібін 2,7 миллион долларға сатып алады.
Кәсіпте ең қымбат – идея. Ағайынды Мак пен Дик аталған кәсіпті ары қарай алып жүру үшін Рей Крокпен жұмыс жасайды. Нәтижесінде өздері құрған компаниядан айырылып қалады.
Стив Джобс (Macintosh)
Стив Джобстың аты аталған кезде-ақ еске «Apple» компаниясы түседі. Қазір әлемде оның бренд маркасына тең келетін өнім жоқ. Сатылым жағынан және қолданыс жағынан кез келгенін орап алады.
1985 жылы Стив Джобс мырзаны өзі құрған компанияның директорлар кеңесінен шығарып тастағанын білесіз бе?
«Гараждағы компания»
Стив Джобс пен Стив Возняк гараж ішінде шағын компания құрады. Бұл бәріне белгілі. Ең қызығы оның әлемдік деңгейде танылып кетуі еді. Осы бағытта жұмыс жасаған Джобс компанияны құрушы және оның ең ірі акционері, бірақ ол Бас директор қызметінде болған жоқ. Ол кезде компанияның Бас директоры міндетін Джон Скалли атқарды.
Осы аралықта Джобс «Macintosh» жобасымен де қоса айналысты. Өкінішке орай, жоба өз деңгейне жетпегендіктен директорлар кеңесі арасында дау туындайды. Негізгі дау Стив Джобс пен Джон Скалли арасында орнайды. Джон Macintosh жобасын жоққа шығарады, ал Джобс олай ойламайды.
Жалпы директорлар кеңесі жобаның маңыздылығына емес, ақшаның өскенін, пайданың келгенін қалайтын тарапқа жүгінеді. Нәтижесінде кеңес Джон Скалли жағына өтіп, Стив Джобсты Macintosh жобасынан ысырып тастайды.
Джобс үшін ауыр соққы екені белгілі. Директорлар кеңесінен кеткен ол акциясын сатады. Тек бәрін емес. Ол Apple компаниясында қалады. Себебі жыл сайын есеп ала отырып, компанияның жақсы жұмыс жасап отырғанын көрді. Ақыры бұл соққының соңы Джобсты әлемгі паш етті. Өмірге iPhone келді.
Илон Маск (Tesla)
Tesla электронды көлік шығаратын компания туралы айтпастан бұрын, ол кімге тиесілі, идея авторы кім екенін ажыратып алайық. Әрине қазір біз айтып жүрген Илон Маск аталған компанияның негізін қалаған адам ретінде көрініс табуы мүмкін, бірақ ол олай емес.
2003 жылы Мартин Эберхард пен Марк Тарпеннин Tesla Motors компаниясын құрады. Ал Илон Маск бұл ортаға 7,5 миллион АҚШ долларын салып, компанияның алға жылжуына әсер етуші инвестор ретінде келеді. Келіп қана қоймайды, компанияның негізгі мүшелерінің бірі әрі директорлар кеңесінің қатарында болады.
Ұзақ жылдар бойы түрлі даму сатысынан өткен Tesla компаниясы Илон Масктың басты табыс көзіне айналады. Spacex дүниеге келгенге дейін Илон Маск үшін Tesla компаниясының орны бөлек еді.
Директорлар кеңесінің мүшесі әрі компанияны алғашқы қаржыландырушы кәсіпкер ретінде Илон Маск осы жылдың күзінде ғана Twitter месенджеріндегі компанияны толығымен сатып алу жазбасы үшін басы дауға қалып, 20 миллион доллар айыппұл төледі. Тек айыппұл төлеген жоқ, директорлар кеңесінен қуылды. Кем дегенде 3 жыл көлемінде.
Павел Дуров (Вконтакте)
2017 жылғы көрсеткіш бойынша «Вконтакте» әлеуметтік желісі әлемдегі ең бренд дейтін топта 7-орынға тұрақтаған. Бұл үлкен көрсеткіш. Ал оның негізін қалған Павел Дуров екенін бәрі біледі.
2006 жылы 10 қазан күні Павел Дуровтың аталған жобасы іске қосылып, ТМД елдері және әлемдік деңгейде көтеріле бастайды. Арада жыл өтісімен, 2007 жылы жоба өз нәтижесін бере бастайды. Ауқымды орта мен адамдар жинай бастаған Вконтакте танымалдыққа ие болады.
2013 жылдың сәуір айынан бастап аталған жоба аясында дау туады. Даудың басы акционерлер құрамының өзгеруімен байланысты болады. Арада 1 жыл өтісімен, 2014 жылы Павел Дуров өзі жасаған жобасынан бас тартуға мәжбүр екенін айтып, директорлар кеңесінің мүшесінен және Бас директор тағынан ерікті түрде кетеді. Кетіп қана қоймайды акцияларын сатып жібереді. Алайда ол бұл компанияны құрған адам ретінде қалды.