Bugin
Әңгіме.
Үлеске тиген жеріне Үркінбай биыл темекі екті. Былтырғысы жақсы нәпақа болды, құдай қаласа, биыл да бітік өнім берсе, күзде жиғанын тапсырып, балаларын, әйелін екі-үш мәрте киіндіріп, бір сауын сиыр да сатып аламын деп іштей ниет қылып жүр. Атызға егілгеніне үш-төрт күн бола қоймаған көшеттерін тағы бір суарып қойсам ба деп барған Үркімбай. Ресейге кеткен екі бауырының үлесіне тиесілі жерін күзде жалдама ақысын берем деп қосып алып, оны да іске қосты. Бәрі бір жерде, ұзынынан созылып жатқан жүйектердің бойымен, әйелі екеуі қыстың көзі қырауда дірдектеп жүріп өсірген парниктегі көшеттерді он күн тынбастан тігіп шықты, қымбатына қарамай дәрі шашты, көң септі, онсыз бұл жер әбден тозған.
Бесін шағында тау жақтан түйдек-түйдек бұлт жылжып келді де, заматта аспан-көк аласапыран түнеріп қап-қара болып, нөсер жаңбырды төгіп-төгіп жіберді. Үркінбай суарып жатқан суын енді басқа жаққа бұрып жатқан кезі еді, жоғары жақтан бір диірмен су келді де, тура Үркінбайдың темекілерін апырып-жапырып өтті. Кетпенімен шымдарды әрі-бері арыққа жанталаса лақтырса да, іс насырға шауып, жақында ғана айдалған жұмсақ топырақты күйретіп, Үркінбайдың жерінде өші бардай жоғарыдан келген су оның жүйектерінде ойран салды. Көшеттерді қопарып, көктемгі еріген қар суына тойынған жерді жайпап, әп-сәтте даланың астан-кестеңін шығарды. Тосын апаттан ес жия алмаған Үркінбай арыққа етпетінен жата қалды, бірақ мұздай, лай судан тұла бойы түршігіп, атып тұрды да, бір сыбап боқтанып алып, жерге мелшиіп отыра қалды. Артынан жаңбыр бәсеңдеп, сел де тоқтап, алай-дүлей жел соғып, күн ашыла түсті. Жаңағы жауын, оған қосылған су Үркінбайдың қыстан бергі тер төккен еңбегін қоса ағызып әкетті. Өзіне ұқсап солбырайып сөлпиген бірең-сараң ғана көшеттер жазғы желмен тербеледі. Үсті-басы малмандай су, аяқ-қолы қалтырап, тісі-тісіне тимей қалшылдайды.
Ауыл жаққа қарады. Ешкім көрінбейді. Сол кезде есіне термоспен алып келген шайы түсіп, оны қойған жерге жүгіріп барды. Барса термосы домалап жатыр. Ішіне лай толған. «Енеңді ұрайын!» деді де, сол аяғын барынша көтеріп, термосты пәрменінше бір тепті. Әйнектері быт-шыт болып талқаны шықты.
Тағы ауыл жаққа телмірді. Әйелі көріне ме, ыстық шай, жылы киім алып келе ме деп үмітпен қарады. Қарасы да көрінбейді. Кетпенін атып ұрды да, ауылға тартты.
Келсе әйелі бейғам ұйықтап жатыр. Дария тасыса да тобығына келмес мұның. Осыныкі рахат, сырттағы қиямет-қайыммен түк шаруасы жоқ. Бесіктегі баласы шырылдап жылап жатыр. Екі баласы сел көруге сайға кеткен бе, көрінбейді.
Енеңді ұрайынның қатыны, тұр! – Ашумен әйелін жұлқып жіберіп еді, әйелі апалақтап, ұшып тұрды.
Баланың ыстығы көтеріліп, шошып, түнде көз ілмей шықтым! – Әйелі көзін уқалап күйеуіне жалынышты қарады. – Не болды, күн қатты жауды ма?
Атаңның басы болды!
Атамда нең бар!?
Жоқ дегенде сыртқа бір қарап қоймайсың ба!?
Ойнап жатқаным жоқ! Бала ауырып жатыр!
Балаңмен жерге кір!
Балаға тиіспе!
Айғайлама дейім! Жоғал бұл жерден!
Жоғалсам – жоғалам, жауабымды бер?!
Бердім жауабыңды, кет!
Кетсем, біржола кетемін, үш баламды ала кетемін!
Кетсең, одан ары!
Жауабымды бер онда!
Бердім жауабыңды! Бар, қараңды батыр! Айттым саған үш талақ!
Сөйтіп айтты да, Үркінбай төбесінен жай түскендей шошып кетті. Не болды? Не айтып қойды?
Әйелі Бүзейнеп үш талақты естіген сәтте жылап жіберді. Үркінбайға тік қарамай, өксіп жылап жүріп баласын бесіктен шешті, киім-кешектерін жиыстырды. Үркінбай үндемеді. Ашу-ызасының бәрі, азаптың бәрі бір сөзбен шығып кеткендей Бүзейнепке әрі жаны ашып, әрі жүрегі ауырып көз жүгіртті. Бірақ сыр бермеді. Қазір, әдеті ғой, мойнынан құшақтап еркелеп шыға келеді деп ойлады.
Бүзейнеп жылаған бойдан бір қолына баласын көтеріп, бір қолына түйіншегін ұстап дарбазаны ашпай, кішкене есіктен шығып кетті, арғы жақтан сайда сел көріп келе жатқан екі баланы өзімен ертіп әкетті.
Үркінбай етпетінен жатқан бойдан қозғалмады. Ащы жасы кеудесін қысқандай қинала берді. Бесікте бала жатқан орынды сипады, әлі жылы екен, иіскеп көрді, нәрестенің өзгеше бір иісі келеді. Өстіп көпке дейін жатты... Жатты... Жатты... Келіп қалар, қайын енесі ертіп келер деген үмітпен күте берді. Қайын енесі келсе де, келіп күйеу баласына ұрысса да, жағынан шапалақпен тартып жіберсе де разы еді.
Жоқ, келмеді. Қараңғы түсіп, түн билігі орнады, бірақ тірі жан одан хабар алмады. Ішегі шұрылдап, ошаққа қарай беттеді. Ошаққа қазан асылған, ашса, девзира күрішінен палау басылған екен, сонда есіне бүгін базар күні екені түсті. Қазандағы асты қомағайлана қарбытып, аузын толтырып-толтырып асай берді. Майлы, дәмді қылып бабымен басқан екен палауды. Әйелі мен балаларына бұйырмаған ғой, шіркін. Балалары палауды жақсы көреді. Әр базар сайын қой майына палау басып, өз бау-бақшасынан шыққан қызанаққа көк пияз, болгар бұрышын, райхан қосып шәкарап жасап, содан дастарқан басында біразға дейін арқа-жарқа болып отыратын еді бәрі. Енді болса Үркінбай өзі жалғыз. Балалар не істеп жатыр екен деп жүрегін бір қамықтырып алды. Өзін-өзі балағаттады. Өзін-өзі төмпештеп, ұрып алғысы келді.
Ертеңіне таң сәріде тұрып Үркінбай ауылдың етек жағына көз салды. Бүзейнеп балаларды ертіп алып келе жатыр ма екен деп. Ешкім көрінбейді. Атыз жаққа кетіп қалды. Сексен сотық жерінен сербиіп сексен түп көшет қалмапты. Енді не істейді? Қайта жер айдатып, қайта темекі еге ме, оған қаражат қайда, парникте көшет те жоқ. Бұл сел Үркінбайдың ғана емес, етектегі елдің бәрінің егінін жайпап кетіпті. Түстен кейін эмчиес дей ме, экология дей ме, әйтеуір бір жақтан бір кісілер келіп, Үркінбайдың жерін өлшеп, қаттап-шоттап, қағаздарға қол қойдырып кетті, төлеп береді екен десті жұрт. Көпшілік енді темекі болмайды, ауыл билігі жерді айдатып берсе, жүгері сеуіп тастаймыз, жоқ дегенде малға азық болар еді деген ұсыныспен ауыл басшысына жолықты. Бұларды естіп тұрып Үркінбай өзін тағы бір «тоқпақтап» алды. Қоя тұрса бәрі де орнына келеді екен, бұған неге мұншалықты назаланып, әйеліне тіл тигізді екен?..
Ымырт жабыла бастады. Үйіне барғысы келмейді. Бір ойы әйелі мен бала-шағасын келген жоқ, келмейді деп жатса, бір ойы келіп қалған шығар дейді. Ақырын жүріп, бөтен үйге бара жатқандай ұрланып кірді өз үйіне. Кірсе, бәрі шашылып жатыр. Әйелі де, балалары да жоқ. Шай қайнатып ішейін деп плитканы қосса, зырқ етіп тоқ ұрды. Содан қолы қалт-қалт етіп, қайта қоса алмай қойды. Сонда әйелінің «еркекке ұқсап үйге бір қарап қойсаң болар еді» деген сөзі ойына сап етті. Үйдің майда-шүйдесін Бүзейнеп өзі-ақ бітіріп алатын. Еркектің де шаруасын тындырады. Онда неге үш талақ айтты? Қай күнәсі үшін?!
Үркінбай есікті сарт ашып, балаларын алып келуге шықты. Ауылды орталап барып қалып еді, содан ары аяғы құрғыр тартпады. Үш балаға жеткізбей, кесір болған үш талақ тұрды да қойды.
Осы арада сыныптасы Айжамалдың үйі бар болатын. Бозашы. Есігінен жұрт үзілмейді. Үркінбай болса арақ та, боза да татпайтын, сол үшін Айжамалмен де ісі жоқ, ол жерге кіріп-шыққандарды да суқаны сүймейтін. Неге екені белгісіз, әйтеуір Айжамалдың үйінің тұсына келгенде аяғы сол жаққа тарта берді. Оны көрген Айжамал да таңғалды. Алдына үлкен кесе толы боза қойды. Дем алмастан тартып жіберді. Рахат-ай! Тағы құйды. Тағы ішті. Кіріп-шыққандардың бәрі Үркінбайға таңырқай қарасады. Ол түгіл біреудің «үш талақ» деген дауыстарын құлағы шалғандай болды. Сол күні ол балдай бозаға мас болып, Айжамалдікінде түнеп қалды.
Ертесі ауылдың ең түзу жігітінің артынан сөз ерді...
Жан досым деп жүрген Бірім келіпті. «Не болды» дейді. Айтты. Бәрін айтты. Ашу үстінде үш талақ айтып жібердім, үш баламды сағындым деді. Балағаттады. Досы сөкті. Енді бір амалын табамыз деді. Көп ұзамай шешесі келді. Езіліп-егіліп, ә дегеннен ұлы Үркінбайдың жер-жебіріне жетті, содан темекің құрып кетсін деп долданып, қала берсе құдайға да тіл тигізіп, ақыры жылап-жылап ол да кетті.
Кейін тағы Бірім досы келді. Бішкекке мүфтилікке баруың керек екен, солар жол тауып берсе бірге тұрасың, болмаса ажырасасың деді. Сенбеді. Ауыл молдасына – мешітке өзі барды.
Тым ауыр күнә жасапсың, бір рет айтсаң, жарасып кетуге болар еді, екі рет айтсаң да жарар еді, үш рет айтты деген не?! – Молда шоршып түсті. Ол жерде тағы бір сыныптасы сақал қойып, хадис кітабын қолына ұстап отырған екен, сөзге араласты:
Дос, жаман болыпты, бір ғана жол – қатының басқа біреумен некеге тұрып, артынан онымен ажырасып шығуы керек, содан кейін ғана сен алсаң болады! – Мұны естіген Үркінбайдың зығырданы әбден қайнады. Түнеріп кетті. Осы боқ білмеген сыныптасы осылай десе... – Қажет болса, дос, мен-ақ құрдасыммен некеге тұрып берем...
Ел айтқандай, «хизбутшы» сыныптасы, арсалаңдап қарқ-қарқ күлді. Мына мешітке алып келіп, осыларға қор қылған үш талақ-ай... Мешіттен үнсіз шыға берді. Артынан естілген сыныптасының жарқын шыққан үні құлағын тесіп өтті:
Құрдасты мен алсам, саған қайтарып бермеспін!
Мұны естіген Үркінбай тұрған жерінде сілейді де қалды. Жетіп барғысы, ол жерде шіріген аузынан іріген сөз шыққан әлгі сақалдының аузын быт-шыт етіп мылжалағысы келді. Бірақ шарасыз. Өзін тоқтатты...
Үркінбай ауылдың шетіне шықты. Алыста терең су көрінді. Үш талақты, үш ұлын ойлап, өзін жегідей жеп, өзегі өртеніп, қыстаққа беттей алмай, мына қыстақ емес – бүкіл дүниеге сыймай, алай-дүлей буырқанып барады...
Әбдікерім МҰРАТОВ
Қырғыз тілінен аударған: Гүлнұр Қыранбайқызы