Weekend
Философ, тарихшы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы
Мәшһүр-Жүсіп араб және парсы тілдерінен басқа да көп тілді білген ғұлама.
Ол өлең жазумен қатар, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастырумен де айналысты. Шежірелер мен айтыстарды, көптеген тарихи жырларды хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманаттады. Сонымен бірге, ол күллі ғұмырын қазақ халқын сауаттандыруға жұмсады десек те болады. Қазақтың жері, “Күн батысы – Сырдария, күншығысы – ұзын аққан Ертіс, оңтүстігі – Жетісу өзені, солтүстігі – Еділ, Жайық. Бұл қазақ иесіз жатқан жерге келіп ие болған жоқ, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кеше Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек заманында жаннан кешіп, сусын орнына қызыл қан ішіп, жаудай алысып, жаттай салысып, күні-түні атысып, қара қанға батысып, шыбын жанын нысанаға байлап, не маңғаз, сарбаздары жау жолында оққа ұшырап өліп, сөйтіп алған жері еді...”
10-15 жасынан бастап-ақ өлең жазып, хат жазарлық болғаннан-ақ Мәшһүр Жүсіп халық әдебиетін ел аузынан да, қағаз бетінен де жинаумен айналысады.
1887 жылы 29 жасында Мәшһүр Жүсіп Бұхара, Ташкент, Түркістан, т.б. шаһарларға сапарға шығады. Ол заманда негізгі көлік қатынасы түйе мен ат болғанын ескерсек, бұл сапарының өзі 2-3 жыл уақытты қамтыса керек. Мәшһүр Жүсіп бір жыл Бұхарада тұрып оқып, білімін толықтырады. Араб, парсы, шағатай, түркі тілдерін үйренеді. Өзбек, тәжік, және т.б. тілдерді де біледі, әдет-ғұрпын түсінеді. Көптеген ғылыми кітаптарды оқып, танысады.
Келесі жылы Бұхарадан қайтып, Түркістандағы атақты Қожа Ахмет Йасауидің басындағы Әмір Темір салдырған көк күмбезін көреді. Онда да бірсыпыра уақыт болып, бірнеше ғалымдармен танысады. Одан әрі Сыр өңірін аралайды. Майлықожамен жолығады, жеті атасынан бері ақындық үзілмеген дуана қожа Көшек, Күдері қожа тұқымдарымен танысады. Одан кейін Шу мен Сырдан өтіп, Ұлытау мен Кішітауды басып, Есіл мен Нұраны жайлап, мекен қылған жұртты аралайды. Осындай екінші сапарына Мәшһүр Жүсіп 37 жасында, яғни 1895 жылдар шамасында шықса, үшінші сапары 49 жасына (1907) сәйкес келеді.
Мәшһүр Жүсіптің үш кітабы: “Сарыарқаның кімдікі екендігі”, “Хал-ахуал”, “Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз” атты туындылары 1907 жылы Қазан қаласындағы Құсайыновтар баспаханасынан жарық көреді. Кейіннен ол баспаханадан шыққан 14 қалам иесінің шығармаларын цензура сотқа тартады. Ішінде Мәшһүр Жүсіптің жоғарыда аталған еңбектері де бар.
Мәшһүр Жүсіп жинаған фольклор үлгілерінің басым көпшілігі – аңыз бен әңгімелер. Мұндағы аңыздар: жер-су аттары.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының аңыз-әңгімелерді, тарихи әңгімелерді, шешендік сөздерді қағазға түсірумен ғана шектелмей, фольклордың басқа да жанрлық түрлерін, атап айтқанда, тұрмыс-салт жырларын, эпос, ертегі, мақал-мәтел, ақындар айтысын, т.б. жинағаны белгілі. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жинаған фольклорлық үлгілерге жанрлық жағынан келетін болсақ, ел аузынан тұрмыс-салт жырларының 30-40 шақтысы топталған.
Ол ел арасынан: “Қамбар батыр”, “Ер Тарғын”, “Ер Көкше”, “Ер Сайын”, “Нәрік ұлы Шора батыр”, т.б. тәрізді батырлар жырында, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Алтынбас-Күмісаяқ” т.т. лиро-эпостық жырларды да, сондай-ақ “Киік”, “Бозторғай”, “Дін үйренетұғын” тәрізді басқа шығармаларды да жинаған. “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Ер Тарғын” жырларын Мәшһүр Жүсіп 1866 жылы 8 жасында-ақ Қамар хазіреттің қолжазбасынан көшіріп алғанын білеміз. Ал “Алтынбас-Күмісаяқ”– 200 жолдан тұрады дей отырып, бұл жыр үлгілерін жинаған В.Радлов екендігін Мәшһүр Жүсіп көрсетіп кеткендігінің де куәсі болдық. Бұл үлгілерді Мәшһүр Жүсіп В.Радлов жинағынан ала отырып, олардың бәрін қолжазбаның әр жеріне шашыратпай, бір жеріне ғана топтастыра орналастырған. Сондай-ақ, қолжазбалар ішінде “Сайын батыр” жырының көлемі 2000 жолдан тұрады деген де дерек бар.
Зерттеуші ел арасынан түрлі ертегілер де жинаған – “Еділ-Жайық”, “Көр ақтарған Жаманбай”, “Баһырам патша туралы”, “Есен тентек туралы”, “Ертеде бір хан болыпты” , “ Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама”, “ Еңсегей бойлы Ер Есім”, “Алаша хан”, “ 7 жасар Желкілдек”, “Ер Төстік”, “Әз Жәнібек және бір ұста”, “Екі патша”, “Әділ би”, “Сүйіндік:Олжабай батыр, “Тама Сарыбас мерген”, т.б.
Мәшһүр Жүсіп ғұмырының соңғы кезеңі туралы ел аузында түрлі әңгімелер көп. Ақын 1931 жылы өзінің туған ауылында қайтыс болады. Көзі көрген адамдардың айтуынша ақынның көріпкелдік, әулиелік қасиеті болған. Ол өлерінен бір жыл өзіне күні бұрын бейіт тұрғызып, өзінің көзі тірісінде жаназасын шығарып өзіне ас бергізеді. «Жетпіс үшке шыққанша балталасаң да өлмеймін, жетпіс үшке шыққан соң сұрасаң да тұрмаймын, мен өлген соң ас бермек түгілі бақа-шаян теріп кетесіңдер», – деген сөзі тура келеді. 1931 жылы ашаршылықтың басталғанын ескеретін болсақ, таңданбай қоймаймыз. Осы әңгіме ел арасында аңыз боп тарап, ауыл адамдары өлгеннен кейінгі жерде Мәшһүр Жүсіпті әулие тұтып, басына келіп тәуап етіп, түнейтін болған. Оның зиратын қырық жылдан соң қайта ашып көргенде сүйегі сол қалпы сақталған-мыс. Бұл жайлы 2000 жылы Қызылжардан шыққан «Мәшһүр Жүсіп өмірі» (аңыз бен ақиқат) атты кітапта мынадай мәліметтер берілген. «1929 жылы Ескелдідегі қыстауын бастап, 1930 жылы аяқтап, бір қыстайды. Осы жылдың жазында зират үйін де салдыруды қолға алады. «Әуелі «Жатар орнын» дайындатады. Үлкен келіні Ақ Зейнептің Дұсжан деген інісіне қаздырып, өзі үнемі басында отырады екен. Енін, көлденеңін, биіктігін екі жарым кез етіп алдырады да, ол біткен соң көңілі әлдебірденеңеге дауаламағандай балдызына тағы да біраз тереңдету керектігін айтады. Күндегі әдетінше ертеңгілік тағы да басына келіп отырады да, дұға етеді. Бұл кез Дұсжан бірыңғай қиыршық тас жер үйіндісінің астынан тұтасқан бір ақ күлгін түсті тастың белгі бере бастағанын байқайды. Сөйтеді де: – Моллеке, мына жердің тасының түсі өзгере бастады, әрі тұтас жатқанға ұқсайды, енді не істейін, бөлектеп уақтайын ба, – деп жоғары қарайды. – Жоқ, Дұсжан. Менің де күткенім сол болса керек. сындырмай тұтас ал да жоғарыға шығар, – деп тағы да дұға оқиды. Биіктігі бір жарым, ені бір кезге таяу, қалыңдығы 20-30 сантиметр бұл тасты аты-жөнін жазып, басына белгі етіп қойғызған екен тірісінде. Ол тастың қалдығы әлі сақтаулы. Ал Мәшекең зират-үйін екі бөлмелі етіп салдырған да, төргі бөлмесіне өзін ашық қоюды өтінеді. Ауызғы бөлмеге ыдыс-аяқ, кітап-құрандарын, ер-сайман, кілем, үккіш т.б. пайдаланған заттарын түгел қойғызады. Насыбай шақшасына әрдайым дайын насыбайды толтырып кетіп отыруды өсиет етеді. – Қысы бар, жазы бар, әрі-бері өткен жолаушылар келіп түнеп қалса, барлық мүлкімді пайдалансын. Бірақ жуып-тазалап қайыра орын-орындарына қойып кететін болсын. Қорықпасын, мен көрден тұрып ешкімге да бас салмаймын, – деп тапсырады. Бұл жерде Мәшһүрдің: – Мен өлгеннен кейін де қырық жылға дейін денем бұзылмайды. Тірі адам көзі көреді, серт етем. Тек жаздың ыстық айлары ақіретімді айырбастап отырыңдар, қыс керегі жоқ. Сонда көздерің жететін болады, – деп, үлкен баласы Шәрәпиденге шырақшылықты өсиет етеді» Ақын мұрасы кеңестік идеологияның құрығына ілініп, ұзақ жылдар бойы зерттеп-зерделенуге, жарыққа шығуға шектеу қойылып, әдеби мұрасы шет қалды. Тәуелсіздік таңы атып, ақын мұраларын кеңінен насихаттала түсуге мүмкіндік алды.