Bugin
«Күнәсіз мекен», «Ләтипа лүпілі» «Өлместің суы бар ма?», «Төлеген оқыған хат» жинақтарының авторы.
«Мемлекетте үш тәуелсіздік болады: саяси, экономикалық және рухани тәуелсіздік. Қолымыздың жетпей жүргені – рухани тәуелсіздік» дейді ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Журналистер Одағының мүшесі, халықтың Дәу ағасы Bugin.kz тілшісіне сырын ашты. Сырын ашып қана қоймай, бүгінгі жастар мен келешек ұрпаққа хат жолдады. Өмір мен өлімнің мәнін түсіндірді.
Балалық шағыңыз туралы еш жерден таба алмадым. Әңгімемізді осыдан бастасақ...
Көбі менен бүгінім жайлы сұрайды. Мұны байқағаныңа рақмет!
Балалық шағымның ең тәтті естелігі – әкемнің бес жасымда атқа отырғызғаны. Жеті жасымнан он екі жасыма дейін шабандоз болдым. Отыз жасыма дейін көкпар тарттым. Спорт десе, мен көкпар дер ем. Қай жағынан қазақтың ұлы болдың десе, жүйрік мініп, көкпар тартқаным үшін деймін. Балалық шақтың көрінісі осылар.
Осы уақытқа дейін айтпаған бір сырым бар. Соны саған айтайын. Мен тумай тұрып маған қалыңдық атастырған. Ескі өмірдің соңымын. Тұңғыш бала болғандықтан ата-әжемнің бауырында өстім. Атамның Рысқұл деген досы болатын. Сонда атам айтыпты, «Мен баламды үйлендірдім. Егер келінім ұл туып, сенің келінің қыз туса, қызыңды маған бересің. Ал менің келінім қыз туып, сенің келінің ұл туса, мен қызымды саған беремін» деп екеуі уағдаласыпты. Содан 1964 жылы мен дүниеге келдім, ол үйден де ұл келді. Енді екінші баланы күтеді. Менің қарындасым дүниеге келеді, бірақ нағашымыз асырап алыпты. Сөйтіп жүргенде үш жылдан кейін Рысқұл деген кісінің отбасына қыз дүниеге келеді. Атам сонда «болды, мен мына қызыңа құда түсем» депті. Сонда былай айтқанда «бесік құда» ғой. Қазір сол қыз – менің әйелім.
Төртінші сынып оқып жүрген кезімде әкем Байтұрсын аудандық кітап дүкенінен «Жайнаған қызыл жұлдыз» деген қазақшаға аударылған романды әкеліп берді. Ол кезде латын әрпімен оқып жатқанбыз. Бір ай бойы, әр күні кеште шамның жарығымен оқып беретін. Содан кейін менің санамда кітап оқу керек деген түсінік қалыптасты. Бесінші сыныптан бастап роман оқыдым. «Су бойында» сегіз кітап, «Батысқа сапар» сегіз кітап, «Үш патшалық қиссасы» төрт кітаптан тұратын қытайдың қазақшаға аударылған романдарымен бастадым. Менің әдебиетке, қаламгерлікке деген қызығушылығымның алғашқы дәнін еккен адам – әкем Байтұрсын.
Ең алғаш шығарған өлеңіңіз есіңізде ме?
Өлең жазуды 9-сынып оқып жүрген кезімде бастадым. "Қорен қалмақ", "Кеңес" деген өлеңдер жаздым. Сол кездегі күнделік бетіне қарап отырсам, оншақты өлеңім (тақпағым деген дұрыс болар) сақталыпты. 1981 жылы 12 сәуірде жазылғанын оқып берейін.
Ойдағыдай болсын деп,
Сыйлайтұғын кісім деп,
Бейбіт күнде досым көп,
Мәз боласың ішіп-жеп.
Күн туса егер басыңа,
Кейбірі асып-сасады.
Жоламайды қасыңа,
Тым-тырақай қашады.
Жалған достан не пайда,
Түсінбеген өмірді.
Құры өкіну ондайда,
Жұбата ма көңілді?!..
Мені руым үшін емес, осы өлеңім үшін бауыр санайтын азаматтар бар. Оның бірі Сағатбек Медеубекұлы. Мынандай қызық болды. 1994 жылдың қараша-желтоқсан айы болу керек. «Сағатбек Медеубекұлы сіз боласыз ба? Мен Қытайдан келдім. Сіздің Тұрлыхан деген әпкеңіз сәлем айтты», - дедім. «Саламат болсын», - деп кетіп қалды. Үш күннен кейін қарсы алдымнан шықты. Үндемей өтіп кетейін деп едім, қолын көтеріп шақырып алды. Бардым. Амандасып, қолымнан ұстап алып:
«Тат басып қалған мылтық емеспін атылмас,
Тартылыс күшімін қазақтың күнін батырмас.
Тәңір тау елінен келген ақынмын,
Қайта менімен қалай ел болу жайын ақылдас! – деген сен бе?» деді. «Иә» дедім. «Алматы ақшамында» үш өлеңің шығыпты. Алдында атыңды айтқансың, есімде қалып қойыпты. Содан бұл қытайлық не жазды екен деп оқыдым» дейді (күліп). Басында осылай тосырқай амандасып, өлеңнің арқасында аға-іні болып кеттік.
«Ана тілі» газеті ұйымдастырған әдеби-ғылыми экспедицияның құрамында болдыңыз. Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерді аралап, жәдігерлер жинадыңыз. Ол қандай жәдігерлер?
Иә, дұрыс айтасың. 2004-жылы "Отан" партиясымен "Ана тілі" газетінің ұйымдастыруымен ғылыми, мәдени экспедицияға қатыстым. Астанадан басталып қазақстанның он төрт облысын, Ресейдің шекаралас жатқан тоғыз губерниясын, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағын, Қарақалпақтың Қоңырат, Нүкіс қаласын, Өзбекстанның Бұқара, Самарқанд шаһарларын, Нұрата жерін араладық. Онда шекараның іші-сыртындағы қазақтардың өмірін, тілін, салт-дәстүрін зерттедік. Тарихи орындар мен қасиетті мекендерге зиярат еттік. Ол туралы жазған материялдарым сол жылғы "Ана тілі" газетінің бірнеше нөміріне басылды.
Челябі облсындағы Арқайым қаласынан алған әсерім ерекше болды. Онда жағалбайлы руына тиесілі құлпытас жазуларын оқыдым.
Өлместің суы бар ма, аға?
"Өлместің суы" туралы бала кезімде ескі аңыз оқып едім. Ол аңызда бір адам өлгісі келмей, ұзақ өмір сүруді армандап, өлместің суы «Әбілхаятты» аңсап жолға шығады. Ай жүреді, жыл жүреді, шалдығады. Бір күні орман шетінде тұрған жап-жасыл болып, жапырақ жайып тұрған мыңжылдық алып ағаштың түбіне келіп отырады. Жолаушы демін алып айналасына назар салса, өзі көлеңкесінде дем алып отырған ағаш ең биік, ең үлкені екен.
Осы кезде төбе жағынан дауыс естіледі.
- Оу, мүсәпір жиһангез, іздегеніңді таптың ба? - дейді.
- Тапқан жоқпын. Сен кімсің? Қайдан сөйлеп тұрсың? - дейді жиһангез.
Әлгі бейтаныс дауыс,
- Жоғарғы жағыңа қара!.. Сөзімді тыңда!.. - депті.
Жолаушы өзі отырған алып ағаштың діңіне қараса, сақал шашы жалбыраған аппақ қарт адам тұр екен. Адамның кеуде тұсы ағашқа киіліп, ағаш қарттың ішінен тесіп өтіп, өсіп тұр екен. Бұл көріністен жолаушы жаны түршіге қатты тіксінеді. Сол кезде ағашқа киіліп қалған қарт тіл қатады.
- Мен мыңдаған жылдан бері өмір сүріп келемін. Мен де өлгім келмей, сен секілді өлместің суы «Әбілхаятты» іздеген бейбақпын. Күндердің бірінде биік таудың басынан, жасыл аршаның жанынан «Әбілхаят» бұлағын таптым. Құмарым қанғанша іштім. Әне сол күннен бастап маған ажал жақындаған жоқ. Замандастарым мен үрім-бұтағымның бәрі өмірден өтті. Мен әлі тірімін. Ақыры бұл өмірден жалықтым. Басыма өлім тіледім, сонда да ажал келмеді. Тірліктен мезі болғаным сонша, қалай да өлуге бекідім.
Амалым таусылып бір күні орман шетіне келіп отырсам, қураған түбірдің найза секілді сояуы көзіме түсті. Өлудің сәті келді деп, кеудемді жалаңаштап, жүрегімді туралап үшкір түбірге келіп құладым. Үшкір ағаш кеудемді "гірш" еткізіп тесіп, арқамнан шығып кетті.
«Әй, енді өлген шығармын» деп жаным тынышталғандай болып еді. Оным бекер болды. Менің кеудемді тескен қу түбір сол сәттен бастап көгеріп көктеп, жайқалып өсе бастады. Бұл ағаш та өлместің дертіне тап болды. Одан беріде мыңдаған жыл өтті. Мен әлі өлмедім. Ағаш барған сайын күш алып өсіп барады. Мінекей, өзің көріп тұрғандай ағашпен бірге өсіп, не көкте емес, не жерде емес, аспаққа асылып тұрмын.
Ал сен өлгің келмесе, өмір іздеме, еңбек ізде! Халқыңа пайдаң тисін. Не жақсы деген атың қалсын, не ұрпаққа білім болар хатың қалсын!... - депті.
Орнынан тез тұрған жолаушы қарттың қасіретті күйіне үрейлене қарап, өзінің келген жағына қарай жолға түсіпті.
Мен осы аңызды оқыған сәттен бастап еңбекті сүйдім, іздену жолын таңдадым. Өлместің суын ішу өлмес өнер жолын табу екенін анық түсіндім. Мен ол биікке жете алмасам да, соның жолындамын.
Ғалым Төрәлі Қыдыр «Дәу ағамыз орта ғасырлардан соң өз алдына жанр ретінде көп көрінбей қалған тарихи жанр түрін қайта жаңғыртып, бүгінгі оқырманына ұсынды. «Төлеген оқыған хат» 33 хаттан тұратын мұхаббатнама жанры екені анық. Мәселе оның формасында ғана емес, рухани үндестігімен де оқшауланып тұр» деп, сараптама жасаған екен. Осы шығармаңыз туралы сұрағым келіп отыр. Төлеген ұстаз өмірден алынған ба?
Бұл жерде жетпіс пайызы бір адамның образы. Отыз пайызы басқалардың басынан өткенді Төлегеннің басына жидым. Өзінің айтуымен оның есімін кітапта атамадым.
Төлеген оқыған хаттың хат формасында жазылуы екі түрлі нәрседен туды. Біріншісі, біздің заманымыз хат жазу заманы еді. Байланыс құралымыз – хат болатын.
Хат бірінші жақпен жазылады. Сол себепті көңіл күйді керемет сіңіресің. Осы екі себеп есебінен хатты әдебиетке алып келдім.
Төлегеннің орнына әр адам өзін қойып оқыса да болады. Қоғамда махаббат, сүйіспеншілік, адамгершілік деген нәрселерді ұмыт қалды. Жасаған жақсылығынан қайтарым күтпейтін Төлеген сияқты адамдар өмірде бар да шығар.
Көбіне нәпсі мен адамдық екеуі ылғи таласта жүреді. Нәпсі жеңген кезде адамдықтан алыстай бастайды. Адамдық жеңсе, өмірге бейімделу бастау алады. 33 хаттың өз тарихы бар.
Өзімді іздеп жүрмін... Дәл қазір, сізді іздейтін уақыт келген секілді. Өзіңізден басқа не іздейсіз?
Әдебиеттегі, өмірдегі орнымды іздедім. Өйткені өзінің орнын білген адам мына өмірді дұрыс бағалай алады. Қабілетің нәпсіңнен биік тұруы қажет. Мемлекетте үш тәуелсіздік болады. Саяси тәуелсіздік, экономикалық тәуелсіздік, рухани тәуелсіздік. Бізде алдыңғы екеуі бар. Ал қолымыздың жетпей жүргені – рухани тәуелсіздік.
Рухани тәуелсіздік алуымызға не кедергі?
Міне, міне. Ең күрделісі – осы. Құлдықтың қамытын киіп ержеткен буын билік басында отыр. Енді басында қамыты жоқ, санасы құрсауланбаған еркін ойлы, жолбарыс жүректі ұрпақ билікке келу керек!..Қазақта «бұзауында қорыққан өгізінде де қорқады» дейді. Ескілікті иеялар кедергі. Құлдық қамыт кедергі. Өзіміздің ұлттың тарихтағы орнын білмеушілік кедергі. Біз қытайды қалтыратқан, орысты ойсыратқан ел едік. Сен өз тарихыңды білмейінше, адасып жүре бересің.
Аквариумға төрт-бес балық салып қойыпты. Ортасына түссіз әйнек қояды. Ана балықтар қайта-қайта келіп әйнекке тұмсығын ұрады. Бірнеше күннен соң ортасындағы әйнектен өте алмайтынын біліп, кері қайтып кетіп отырады. Тұмсығын ұрмайтын болады. Біраз уақыт өткен соң ортасына қойған әйнекті суырып тастап, жаңағы балықтарға көз салып қараңызшы?! Балықтар жүзіп келе жатып, тағы кері кетіп қалады екен. Әйнек тұрған жерге жоламайды.
Біздің қоғамның кейпі дәл осындай. Өзгеріс жоқ. Алға ұмтылу жоқ.
Өзіңізден кейінгі ұрпаққа қандай хат қалдырар едіңіз?
Адамгершілік. Тура жол. Өмір деген не десе бірі күрес дейді, бірі алтын дейді. Мен өмірді сүйіспеншілік дер едім. Жүректің екінші аты – «ләтиф». Шығармам – саусақ. Әр адамның көкірегінде жүрек ләтифасы болады. Жүрегінде ешкім шерте қоймаған домбырасы болады. Оны кез-келген жазушының саусағы шерте алмайды. Менің мақсатым, менің жазған дүнием бес саусақ болып оқыған оқырманның жүрегіндегі ішекті шерту керек. Шерткенде адам қуанады не жылайды. Әсерге бөлену керек. Әсерге бөлене алмаса менің жазғаным түкке керегі жоқ.
Өмір - нақұрыстарға иіс пен шірік,
Өмір - кедейдің шоқпыт жыртығы.
Өмір - ізгі жандарға сүйіспеншілік,
Өмір - үміттің сөнбейтін жылтылы.
Өмір - тынымсыз қозғалыс,
Өмір - сапырылысқан сауда.
Өмір - санаттан қалып тозған Іс,
Өмір - құдық басындағы қураған Қауға.
Өмір - таусылмас білім,
Өмір - еріккенге ертегі, күлкі.
Өмір - қарыз қайтарар күнің,
Өмір - Алланың алатын мүлкі!..
Сұхбаттасқан: Динара Орынбекқызы