Авторлық ертегі
Ерте, ерте, ертеде, бір патша өмір сүріпті. Оның ең жақын досы болыпты. Досының, қандай жағдай болмасын, "Бәрі жақсы" деп айтатын әдеті бар екен. Жақсы жаңалық болса да, жағымсыз жаңалық болса да, "Жақсы болды ғой" дейді екен.
Бірде патша досы екеуі аңға шығыпты. Досы қасында патшаның мылтығын оқтап, дайындап береді екен. Мылтықтарының бірін дұрыс оқтамаған болу керек, патша ата бергенде, бас бармағын жұлып кетіпті.
Жағдайға куә болған досы әдеттегідей "Жақсы болды ғой" деген екен.
Патша ашуланып: "Жоқ! Ешқандай да жақсы нәрсе көріп тұрған жоқпын" - деп ренжіп, досын түрмеге отырғызып қойыпты.
Бір жылдай уақыт өтеді. Патша тағы аңға шығыпты. Бірақ жалғыз шыққан соң, өзі үшін қауіпсіз жерлерде жүреді. Бірде ойламаған жерден адамжегіштер оны ұстап алып, тұтқындап әкетіпті.
Өз ауылдарына әкеліп, патшаны ағашқа байлап, аяғының астына отындарды жинап, пісіруге дайындалып жатады. Адамжегіштер отты тұтандырайын деп патшаға жақындағанда, оның бас бармағы жоқ екенін көреді. Оларда денесінде кемшілігі бар адамдарды жеуге болмайтын сенімдері бар екен. Сөйтіп патшаны жібере салыпты.
Үйіне қайтып бара жатып, патша досын есіне алыпты. Баяғыда, сол саусағын жоғалтқан кезі есіне түсіп, қатты ұялыпты. Ол бірден түрмеге досына барыпты:
- Сен сол кезде қателеспеген екенсің. Саусағымның жұлынып қалғаны жақсы болған екен, - деп басынан өткен оқиғаның барлығын досына айтып береді.
- Мен сені түрмеге отырғызғаныма қатты өкінемін, менікі дұрыс болмады, - деп қынжылады.
Сонда досы:
- Жоқ, бәрі жақсы болған екен, - дейді.
- Сен не деп тұрсың? Мен досымды бір жылға түрмеге отырғызғанымның несі жақсы?
- Егер сен мені түрмеге отырғызбағаныңда, мен де сенімен бірге сол аңға шығар едім. Сондықтан, бәрі де жақсы болған! - деген екен.