Bugin
«Маша мен аю» — үлкеннің де, кішінің де көңілінен шығатын мультфильм. Kidz Global компаниясының деректеріне сүйенсек, Индонезияда балалардың 95 пайызы, Италияда 88 пайызы аталған мультхикаяны білетін көрінеді.
2015 жылы «Маша мен аю» брендімен шығарылатын лицензиялық тауарлардың сатылымынан «Анимаккорд» компаниясына 225 млн доллар табыс түскен. 2016 жылы шетелдік серіктестердің есебінен тағы 25 пайызға көбейтеміз дейді компанияның басқарушы директоры Дмитрий Ловейко.
«Маша мен Аю» қалай дүниеге келді?
Мультхикаяның тарихы 1996 жылдан бастау алады. Ол кезде суретші әрі режиссер Олег Кузовков Қырымда демалыста жүрген. Сонда жағажайда бір кішкентай қыз айналасындағылардың мазасын алып жүріпті-мыс. Біреу тауық жеп жатса, жанына барып рұқсатсыз тартып алады. Екі күннен кейін бәрі сол бүлдіршіннен мезі болып, ол келе жатса өтірік «өліп қалған болып» жата қалады екен. Бірақ оған қарайтын қаршадай қыз жоқ. Жұлқылап оятып алып, дегенін жасатады. Осы жағдайдан соң Кузовков мультфильмнің сценариін жазып шығады. Бірақ істі жүзеге асыруға қаражат қол байлау болады. Оның үстіне 90 жылдары мультипликацияға мемлекет те, жеке кәсіпкерлер де қолдау білдірмейтін. Он жыл өткен соң әріптесі Андрей Добруновпен бірлесе отырып, Кузовков инвестор табады. Қаржылай қолдау білдіруші — кәсіпкер Сергей Кузьмин. Оның кім екені және немен айналысатыны туралы ақпарат жоқ. «Спарк-Интерфакстың» айтуынша, Кузьминге компанияның 80 пайыз үлесі тиесілі. Онымен бірге компанияға Дмитрий Ловейко келеді. Ол бұрын бірнеше компанияларда коммерциялық директор болып қызмет істеген.
«Маша мен Аюдың» алғашқы екі сериясын жасауға бір жыл уақыт кеткен. Бірінші рет «Россия» телеарнасындағы «Спокойной ночи, малыши!» бағдарламасында 2009 жылдың соңында көрсетілді. Ловейконың айтуынша, алғашқы сериялар бағдарламаның рейтингін бір жарым есе көтеріп тастаған.
2012 жылы YouTube-тің орыс тілді сегментінде «Большая стирка» сериясы рейтингтің көшін бастады. Тоғыз ай ішінде оны 36,5 миллион рет қаралған. Содан бері «Машаның» алдын ораған мультхикая жоқ. 2015 жылы бір сериясының өзі миллиард қаралым жинап, тағы да рейтинг жаңартты.
Маша мен Аюды» көруге үш себеп:
Біріншіден, сюжеті баршаға таныс әрі жақын. Себебі, қазіргі заманның баласы расымен өте тентек. Кейіпкерлер саны бар болғаны екеу. Олар үнемі өзара тартысып жүреді. Бәріне ұнайтын тұсы да осы.
Екіншіден, ұзақтығы — жеті минут. Әрі кетсе он минут тапжылмай көруге болады. Одан көп болса, балалар шаршап кетеді.
Үшінші себеп — қызық оқиғаларға толы болуы. Қай жастың адамын болсын еліктіріп әкететіні — ұзақ диалогтардың жоқтығында. Үнемі тосын жағдайларға тап бола беретін Маша мен Аюдың қимыл-қозғалыстары, дауыстары да есте қалатындай-ақ.