Білім және ғылым

«Ақыл Қалта» – тұлғалық өсу мен өзін-өзі дамытуға арналған кітап

Мырзагелді Кемелдің "Ақыл Қалта" кітабы арқылы түйген ойым мен кітаптың қысқаша мазмұны

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мырзагелді Кемелдің "Ақыл қалта" кітабы 2007 жылы жарық көрген, халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың батасы мен алғы сөзін алған үйретері мол, қазына іспетті кітап. Бұл кітапты кез келген адам оқуы тиіс. Пайдалы ақпарат, ұлы ойшылдардың маржандай сөздері, түрлі ой салар мысалдар да бәрі бар.

Автордың ойынша білім адамның ішінен шығатын нәрсе емес, сырттан келетін нәрсе. Егер білімді, дана боламын десең көп ізденіп, оқуың қажет. Сол оқығаныңды жадыңа түйе білгеніңде жөн. Өзгелерге де білгеніңді айта жүр. Білек күшінен, білім күші ауыр. Сен қай кезде де, қай жерде де өз біліміңмен ғана озық боласың. Басқа нәрсемен оздым деу ақымақтығың ғана. Білімді болу аздық етеді, ақылыңа сай асыл қасиеттер бойыңнан табылғаны жақсы. Ізгі қасиеттердің бірі адамгершілік. Бұл қасиет болса адам бойында басқа да асыл қасиеттер бар деген сөз. Өзгеге, айналаңа адамгершілік танытып, мейірбан көзбен қарап, білгеніңмен бөлісу міне нағыз дана, есті адамның ісі. Өзім, өзім... деуден аулақ бол. Бұл жақсылыққа апармайды.

"Отан отбасыдан басталады" деген сөзде үлкен мағына бар. Расында, отбасы шағын мемлекет. Өз тәртібі, басшысы, тұрғындары бар. Отбасы бұл ең жақындарың. Олар сенімен қайғыда да, қуанышта да бірге. Сені әр кез қолдайды. Жаныңа жебеу болады. Осы асыл жандарды бағалай біл, қадірле. Сен олардан басқа ешкімге де керек емессің, ешкім де емессің соны ұмытпа.

Пенде қадірін кеш түсінетін нәрсенің бірі - уақыт. Әр минутын, әр секундын текке өткізуге құмар пендешілік- ай десеңші. Қысқа ғана ғұмырды ырду- дырдумен, ойын- сауықпен өткізіп, кейін қартайған шағында өкініп жатады. Мен жас болсам да, уақыт деген дүниенің қадірін бағалай алатыныма шын ризамын. Ертең ұрпағыма, менен кейінгілерге мақтаныш пен үлгі боларлықтай саналы ғұмыр кешу басты мақсатым. Тарихта есімім алтын әріппен жазылмаса да, еңбегі елге сіңген, жақсылығымен ғана есте қалған адам болсам сол да жетеді. Мен бұнымен не айтқым келеді, кеш болмай тұрып уақытты да, өміріңді де өз қолыңа алғайсың.

Еңбекке, жетістікке ұмтыл. Кейін бейнетіңнің зейнетін көресің. Ауқатты өмір сүрем десең тек қана еңбектен. Басқа жолмен табысты боламын десең қателесесің. Оңай жолмен тапқан табысың тұрақсыз әрі берекесі аз болады.

Жалпы бұл кітап өзіңді, өз қалауыңды түсінуге көп көмегі бар. Әр тарапты қамтып, жақсы, жаман мінез бен істерді мысалға алып," Сен қайсысы болғың келеді? " деген сұрақты тудырып, адамды үлкен ойға салады. Расыменде, өмірің өз қолыңда. Сол өмірді қалай сүресің, қалай жүресің бәрі де өз еркіңде. Бірақ, сол ерік деген нәрсе дұрыс болса деймін. Көңілің кез келген нәрсеге жалтақтап, құр босқа уақыт оздырып, ата- анаңа масыл болып, надандық пен өмір сүруді кім болса да қаламасы анық. Барлығымыз жақсы өмір сүргенді қалаймыз. Бірақ сол жақсыға көбіміз ұмтылып, сол жақсы өмір үшін еңбектенбейміз. Бізде "қалау" бар, бірақ "әрекет" жоқ. Ал әрекетсіз ештеңе де өзгермейді. Абай атамыз айтқандай: "Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап" демекші, алдымен ақыл, сосын сол ақылды жүзеге асырар еңбек қажет. Өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ. Ол тек біздің ойымызда ғана. Біреу жасай алды ма, демек, сенің де қолыңнан келеді. Ал ешкім жасамады ма, онда сен бірінші болып жасайсың. Саған керегі: ізденіс, білім, еңбек, тәжірибе, нәтиже.

Жалпы мен өзім осы секілді дамуға арналған кітаптарды ұнатамын. Осы кітапты оқығаныма, өз пайдама жарар мағлұмат алып, ой түйгеніме өте қуаныштымын. Достым, саған да оқып, көңілге тоқуға кеңес беремін!

Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін