Bugin

Мені аспанға ғашық қылды сол арман

Жан дүниемізге тыныштық іздеген сәтте өлең оқиық.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ақсұңқар АЛМАХАН –  Абай атындағы ҚазҰПУ-дың филология факультетінің 3-курс студенті.Республикалық мүшәйра, жыр сайыстарының жеңімпазы.

 Сыр бойынан шыққан жас таланттың өлеңдерін оқи отырыңыздар!

«Күнә»

“Мeн сізгe айтам, кімдe-кім әйeлгe телміріп,тесіліп,көзін сатып қараған бoлса, oл жүрeгімeн дe қылмыс жасап қoйды дeй бeріңіз.

 Eгeр oң көзің жoлдан тайдырса, oйып лақтырып таста oны, өйткeні тамұқ oтына түгeл шыжғырылғанша, бір мүшeңді садақа қылғаның артық".

 «Крейцер сонатасы»

Сорыңнан мұң аршып алғам,

Бағыңнан тайдырмау үшін.

Мен үшін қуаншы қарғам,

Сен үшін қайғырмау үшін.

 

Көңілдің сүйгені жыр-əн,

Жаттанды тілек,тақпағы.

Санамды биледі күмəн,

Ғаламды түнек қаптады.

 

Жалғызбын, бозарып өңім,

Жазарға таппадым себеп.

Аузыма сөз алып едім,

Тек сені мақтағым келед.

 

О, құдай! Нендей күш еді,

Сағынта беретін оны.

Науқасым дендей түседі,

Ол емін беретін еді.

 

Ол сынды дара пішінге,

Қылықтар сия береді.

Жиырма төрт сағат ішінде,

Ойламау күнə ғой оны...

 

Сорыңнан мұң аршып алғам,

Бағыңнан тайдырмау үшін.

Мен үшін қуаншы қарғам,

Сен үшін қайғырмау үшін.  

«Шегу»

Ол құсадан темекі шегеді,

Мұңын шегеді өзінің.

Басында ол маған былай деп еді:

"Өліп барады сезімім,

Құрып барады төзімім"

Сөзіне дәлелі:

Ол құсадан темекші шегеді.

 

Ол құсадан темекі шегеді,

Ал, оған аспан да жекірді,

Тастар да жекірді,

Достар да жекірді,

Қастар да жекірді.

Ал қазір,

Темекі түтіні секілді,

Арманы бу болып барады,

Таңдары у болып барады.

 

Ол құсадан темекі шегеді,

Құсадан ба екен, ә сірә, осы.

Бәлкім ол жанының қалауы,

Жанында жараға жамауы,

Өз арын өзінен тонауы,

Ең үлкен күнәсі.

Құсадан ба екен, ә сірә, осы.

 

Ол құсадан темекі шегеді,

Мұңын шегеді өзінің.

Уы себеді сезімін,

Нұры сөнеді көзінің,

Мәні кетуде сөзінің.

Сөзіне дәлелі:

Ол құсадан темекі шегеді...

Ол құсадан темекі шегеді.

«Ғайып»

...Кейде арманымнан көз жазып қаламын. Сондағы өкініш пен өкпе өзіме қана тән болады. Біреуді кінәлау не жазғыруды өз әлсіздігіме балайтыным сол себепті. Мен әлсіз болғым келмегендіктен олай етпеймін. Солай еткім келеді... сондықтан.

 

 

Жалын жұтып жанардан,

Тәні таңда топыраққа тоналған,

Сарылып кеп күтіп тұрған сонардан,

Мені өзіне жеріндіріп алдымен,

Мені аспанға ғашық қылды сол арман.

 

Күте-күте көз талды,

Басымдағы мида соғыс басталды.

Басамын деп, асамын деп асқарды,

Арманымның жанарынан жас тамды,

Қанатына қонып алып қиялдың,

Қырға қарап салып кетті басқа әнді...

Күттім оны сонардан,

Содан әлі оралмады ол арман.

Мөлтек-мөлтек жас парлады жанардан,

Арманымды алдан күттім ағарған,

Алайда шын, ондай ұлық таба алман.

Бір күндері мекеніне оралған,

Атанатын шығар ол да оралман?!

Ол алдымен жас боп ағып жанардан,

Мені аспанға ғашық етті сол арман...

 

Ол кеткелі салып кеттім басқаша ән.

Ол кеткелі жыламадым ешқашан.

Қол бұлғадым, көрмесем де көргендей,

Бақытсыз ба деп қоямын ол мендей?

Әй, қайдам-ау мен шығармын сормаңдай...

 

«Фобия»

 

Жер бетіндегі ең соңғы адам бір бөлмеде отыр еді, біреу есікті қақты...

Фредерик Броун

 

 

Ала алмай отырмын неліктен зор тыныс,

Жүректе-жұлқыныс,ақылда-алқыныс,

Тілегім-талпыныс,

Қалқып ұш-қиялым,

Өтініш!

Санамнан жоғалшы қорқыныш.

 

Қорқыныш биледі неліктен санамды,

(Шимақтай берейін деп шештім қаламды).

Беймаза күй басқан секілді ғаламды.

Күн шығып тұр,бірақ шынында біртүрлі:

Аспан жақ сықылды көрінді қараңғы.

 

Қой,енді кезейін әсердің аралын,

Тұманға булығып жатса да сана мың.

Қаңғырат ойларым қорқыныш қаптаған,

Сандырақ жазуға бейім тұр қаламым.

 

Қымсынды сөздерім шығуға көп ұяң,

Бұрында жоқ еді дәл бұндай фобиям.

О,Тәңір бұл неткен әсерлі қорқыныш,

Мен мұны не кесем,не шешем,не қиям.

 

Үрейлі ойларым қоюда жекіріп,

Үрейді басуға отырмын бекініп.

Дәл бұндай сезімтал сезімнен әсілі:

Қорқуым-ақиқат,қорықпау-өтірік!

 

« Харадзюку көшесі»

 

 

Қараңғы парк сан істің көрген көкесін,

Санамды қарып барады ой.

Осында келген жандар бейілі өте сұм,

Жиылған мұнда данагөй.

(Әлбетте бұл кекесін)

 

Тағдырын салған талан-таражға,

Болашағына мән бермей.

Бойжеткен сонда аппақ тәні азған,

Мағынасы жоқ әндердей.

 

Біреудің қолда өмір дәптері,

Ажал дәптері біреудің.

Қараңғыланса көңіл сәттері,

Коэльо сынды түнердім.

 

Өмірден қалап қошемет тегі,

Іздедім, бірақ таппадым.

Ешқандай тылсым әсер етпеді,

Әңгімесіндей Кафканың.

 

Кеудемде молам, басымда сорым,

Қабірім әні қазылған.

Жырларым жатыр қасыңда сенің,

Өзгеге арналып жазылған.

 

Бақытсыздық боп қала береді,

Құлағымдағы көмескі үн.

Жүрек әуенін сала береді,

Шопеннің әні емес бұл.

 

Тот басып неге қалады шылғи,

Қаперімдегі қаншама ой.

Миымды тесіп барады бұл күй,

Ойымды кесіп дәл солай.

 

Төзім таусылды сарқылды, кейде

сағынат шығар біреуді.

Қиялымдағы тартымды бейне,

Джокондадан да реңді...

 

Құбыла жақтан самал еседі,

Қосылып менің үніме.

Харадзюку мен ана көшені,

Кезіп кетемін күніге.