Hi-Tech
Онлайн оқудың пайдасынан гөрі зияны көп
Менің есімім-Аружан. Қазіргі таңда "М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті" журналистика факультетінің 1-курс студентімін. Еліміздің әр өңіріндегі оқушылар мен студенттеріне онлайн жүйеге көшіп, білім алу оңайға соққан жоқ. Әсіресе, университет табалдырығын алғаш рет аттаған білім алушыларға бұл жағдай ауыр тиді. Себебі, студенттік шақ-қайталанбас сәттерге толы, қызығы мен қиыны қатар жүретін естен кетпес естелік. Әрине, көптеген студенттер шынайы сеніммен, үміттерін үзбей, білім ордасымен қауышатын күнді асыға күтуде. Алайда, онлайн оқу жүйесінің студенттік өмірімізге әсер еткені жалған емес. Себебі, оның пайдалы да, зиянды да тұстары жетерлік.
Жеті ай бойы іштегі сағынышты тудырып, телефонға тәуелді еткен онлайн оқудың артықшылықтары қандай?
Онлайн оқу барысында уақытыңызды үнемдейсіз.
Кез-келген сәтте интернет байланысына шығып, керекті ақпараттарыңызды таба аласыз.
Бірақ, онлайн оқудың пайдасынан гөрі зиянды тұстары көп.
Жаңа ортамен тіл табысу қиынға соғып, онлайнның кесірінен томаға-тұйық қалыпқа түсесіз.
Онлайн оқу барысында лайықты білім алу да оңай емес! Таңнан-кешке дейін телефонға, интернет желілеріне телміріп, түрлі жеке сайттардың жілігін шағып, майын ішесіз.
Онлайн оқу-жалқаулыққа ашылған жол! Уақытыңызды, бар энергияңызды оқудан бөлек, болмашы дүниелерге де шашасыз. Бастапқыда телефонды қолдануға уақыт таппасаңыз, қазір телефонның құрсауы мен арбауынан шыға алмайсыз.
Денсаулығыңыз үшін көп алаңдай бастайсыз. Қимыл аз. Жүйке жүйеңіз бен көз тамырларыңыздың жұмыс істеу қабілеті күрт төмендейді. Ашуға салынасыз.
Онлайн оқу деп өзге де пайдалы дүниелерді ұмыта бастайсыз. Рухани тұрғыда өсу тіптен қиынға соғары анық.
Әрине, қазіргі індет ешкімді аяп қалмайды. Лажсыздан, онлайн оқуға ауыстық. Бірінші байлық-денсаулық. Бірақ, бұл көпке жалғаспайды деген үміттемін!
Алдағы 20-30 жылда әлемнің білім жүйесі онлайнға көшеді деген ақпараттар да тарады. Алайда, мен бұл жаңалыққа қарсымын! "Онлайн оқу пайда әкеледі" деп айтуға да аузым бармайды. Әрине, болашақ білімгерлер интернет желісімен жұмыс жасауды үйренуге тиісті. Бірақ, онлайн оқуға емес!
Меніңше, дамушы елдердің қатарына қосылу үшін онлайн емес, оқу ордаға барып, білім қорын жинап, пайдалы ақпараттар алып оқыған дұрыс!
Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін