Білім және ғылым
Қазақ балалар жазушысы Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романының қысқаша мазмұны
Бердібек Соқпақбаевтың "Өлгендер қайтып келмейді" романы соғыс жылдарындағы қазақ халқының ауыр тұрмыс-тіршілігін, бастан кешкен азалы күндерін суреттейтін шығарма. Үш бөлімнен тұратын шығарманы автор бірінші дәптер, екінші дәптер, үшінші дәптер деп атаған.
Романның басты кейіпкері – Еркін Мамырбаев есімді 15-16 жас шамасындағы бозбала. Оқиға Еркін арқылы баяндалып, болған жайттарға Еркіннің көзқарасымен баға беріледі. Еркіннің шығармадағы образы ақкөңіл, қарапайым, шыншыл, намысшыл қазақтың қара домалақ баласы. Еркіннен бөлек шығармада туған ағасы Сәрсебек, жеңгесі Қаныша, анасы, Ғалия, Зағипа, Нұрәлі есімді т.б кейіпкерлер бар.
Бірінші дәптерде тыныш ауыл бейнесін бұзған, сұрапыл соғыстың басталуы баяндалады. Ағасы Сәрсебек соғысқа аттанып, үйдегі бар тірлік, ауыртпалық, жеңгесі мен анасына қарайласу ендігі жерде Еркіннің міндетіне айналады. Нұрәлі есімді ауыл председателімен арасындағы жанжал араздыққа айналып, Еркінді ФЗО-ға аттандырады. Кейін жұмысынан айырады. Өз билігі мен дәрежесін пайдаланып өрімдей жас баланың өмірін құртумен болады.
Екінші дәптерде Еркін сүйгені Ғалиямен қош айтысып, Сарыбелге мұғалімдікке жұмысқа аттанады. Сол жақта Еркін мен Алтын қарым-қатынастары басталады. Бірақ ол ұзаққа созылмайды.
Еркіннің соғыс жылдарынан кейінгі студенттік өмірі де оңай өтпейді. Осы арқылы ауыр жылдардан кейінгі халықтың қайта жандануға деген әрекеті суреттеледі. Оқу жылдарында ол Зағипа есімді қызбен танысып, отау құрады.
Кейін, олар үшінші дәптерде алыс ауылға мұғалімдік қызметке жұмысқа барады. Ол жақта да түрлі қиындық кездеседі. Біздің орнымызды білімді, оқыған жастар тартып алады деген оймен түрлі заңсыз әрекетке барып, олардан құтылғысы келген әріптестері пайда болады. Жалпы, Еркін мен Зағипа отбасылық өмірінде біраз қиындық пен қайғы-қасіретті бастан кешеді. Тұңғыштарынан қырқынан шықпай жатып айырылып қалады. Еркіннің туған анасы да өмірден озады. Сәрсебек ағасы сол кеткеннен хабарсыз кетеді. Бірақ әр жамандықтың артында бір жақсылық болады демекші, өмірлерінде қуанышты сәттер де аз болмады. Зағипа Жамал есімді қыз босанады, Еркін өзінің әдеби ортадағы алғашқы қадамын жасап, жазып, баспаға өз шығармаларын бастырады. Осылайша жақсы қаражат та табады. Киностудияға редактор болып қызметке орналасады, шағын жинақ кітапшалары жарық көреді. Тағы да жұбайы қыз босанады, бірақ Жанар қызылшамен ауырып қайтыс болады.
Арада уақыт өтеді. Қалимен кездесіп, екеуі бірге Ғалияға қонақ болып қайтады. Осылайша, шығарма да, оқиға да өз мәресіне жетеді.
Роман маған қатты ұнады. Еркіннің өмірлік жолы да, өзі де кімге болсын ой салып, үлгі болары сөзсіз. Еркіннің бойындағы намысшыл, қайсарлық, шыншыл қасиеттері оны әрқашан алға жетелейді. Өзгенің емес, өзінің ойымен жүретіні де үйренетін нәрсе. Қаншама сәтсіздік пен қиындыққа мойымай, соңына дейін шыдап бағып әрекет ететіні нағыз жігіттік деп білемін. Қиын кездер, соғыс жылдары бола тұра өз арманынан қол үзбеуі, білім алып, ізденуі қазіргі қоғам жастары үшін өресі зор үлгі-насихат. Жеңгесі Қаныша да үлгі аларлық қасиеттерге бай, жақсы жан. Жолдасы Сәрсебекті соңына дейін күтіп, анасына қарап, қиын болса да ауыр жұмыс жасап, қара шаңыраққа қарайлап, тастамай, күдерін үзген жоқ. Нағыз қазақ әйелінің жарқын бейнесі десек те болады.
Түсінгенім қандай қиындық болсын, мойымай, қасқайып қарсы тұрып, жақсылыққа сеніп, арманыңның соңынан ілесе білу керек.
Романда шиелінісіп жатқан белгілі оқиға жоқ, бұл шығарма бір адамның өмірбаяны десем қате болмас. Бозбала күннен бастап, отызында орда бұзар шаққа дейін баяндалып жазылған шығарма. Кімді де болса қызығына бөлеп, түйгізер, жеткізер ойы бар автордың мен деген шығармаларының бірегейі.
Бір сөзбен айтқанда, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік шығармалар қатарына жатады.
Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін